«Отбасы банк» АҚ Директорлар кенесінің мүшесі, тәуелсіз директоры Эльмира Ермекова телефон алаяқтарының арбауына түсті.
"Отбасы банктің" тәуелсіз директоры алданып, алаяқтарға депозиттегі ақшасын шешіп берген
istockphoto.com
5,548
оқылды

Ол Ұлттық банк пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "қызметкерлері" жинаған қорын сақтап береді дегенге сеніп, қомақты қаржысынан айырылып қалған, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Kozachkov offside арнасына сілтеме жасап. 

Козачковтың жазуынша, өткен көктемде «Отбасы банк» АҚ Директорлар кенесінің мүшесі, тәуелсіз директоры Эльмира Ермекованың ұялы телефонына өзін банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова деп таныстырған абоненттен хабарлама түскен.

"Ләззат Ибрагимова" ұйымға қауіпсіздік комитетінен тексеру келгенін, кейін арнайы қызметтің қызметкері Ермековаға телефон соғатынын, оны міндетті түрде тыңдау керек екенін жазған.

Шынында да, сәлден кейін оған бейнеқоңырау арқылы ер адам хабарласып, оған қауіп төніп тұрғанын, бірақ құтқарып қалатынын айтқан. "Отбасы банктің" тәуелсіз директоры орган қызметкерінің артында Елтаңба мен Президенттің портреті ілініп тұрған кеңседен хабарласқанын байқаған.

Оның үстіне, кейінірек оған өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырған тағы бір адам хабарласқан. Ол тіпті қызметтік куәлігін де жіберген. Сондықтан Эльмира Мүсілімқызы банк қызметкерімен сөйлесіп отырғанына толық сенімді болған.

Ол қылмыскерлер Ермекованың екінші деңгейлі банктердің біріндегі депозитте тұрған ақшасын ұрлауға әрекеттенгенін, сондықтан ақшаны Ұлттық банкке жасырып қоюы үшін барлық соманы органдағы қызметкерге беруі керегін айтқан.

"Отбасы банктің" топ-менеджері оның сөзіне құлап асып, ақшасын шешіп алып, оны "Баракуда" код сөзін айтқан көшедегі жігіттің қолына ұстатып жіберген.

Бірақ Ұлттық банк пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "қызметкерлері" мұнымен тоқтамаған. Олар Ермекованың басқа банкте де депозиті бар екенін анық білгендіктен, сол ақшасын да шығарып алуды талап еткен.

Әйел шоттан долларларын шешіп алу үшін банкке барған. Алайда бөлімше қызметкерлері оның бұл әрекетінен күдіктенген көрінеді. Олар "Отбасы банктің" тәуелсіз директорына алаяқтар манипуляция жасап отыруы мүмкін екенін айтып түсіндірген. Сол сәтте Ермекова алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын түсінген.

Ол дереу полицияға хабарласып, арыз жазып, нағыз қауіпсіздік күштері қызметкерлерінің нұсқауларына сәйкес әрекет етті. Сөйтіп олар Ермекованы құпия сөз айтқан жігітпен кездесуге жіберген. Оған ақша беріп жатқан кезде ұстайды. 21 жастағы Ахмад Мұхидинұлы есімді жұмыссыз ер адам болып шығады. 

Полицейлер кейін оның операторы – 31 жастағы Дастан Бекботаевты тауып алған. Оның үйінен жасырын қоңырау шалуға болатын "Sim-Box" құрылғысын тапқан. Тергеу мәліметтері бойынша, Ермекова мен алаяқтар арасындағы барлық байланыс сол құрылғы арқылы орнатылған. Алайда елтаңба ілінген кеңседен телефон соғып, өздерін ҰҚК мен Ұлттық банк қызметкерлеріміз деп таныстырғандар табылмады. Олар шетелде жүрген көрінеді.

Сотқа тек қазақстандықтар тартылған. Мұхидинұлы мен Бекботаев ұялы телефон құрылғысын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Екеуі де 5 жылға бас бостандығынан айырылды, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.