Астанада «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті аясында өтіп жатқан гуманитарлық форумның жұмысы басталды.
Мәдениет – өркениеттерді жалғайтын алтын көпір
186
оқылды

Іс-шараны бас директоры Шэнь Хайсюн мырза бастаған Қытай Медиакорпорациясы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұйым­дастырды. Форум жұмысына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің мемлекеттік органдары мен жетекші медиақұрылымдарының басшылары қатысты.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтас­тық тату көршілік және мәңгі достық рухында дамып келеді. Тереңнен тамыр тартатын шынайы серіктестігіміз бүгінде стратегиялық сипат алып, мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Мәдениет – халық­тар мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір. Екі елдің бірлігін бекемдеу жолында мәдени-гуманитарлық байланыстар айрықша рөл атқарады. Сондықтан біз, осы бағыттағы өзара ынтымақтас­тығымызды күшейтуге ерекше мән береміз», – де­лін­ген хатта.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салаларда жүзеге асырылып жатқан маңызды реформаларға тоқталды.

Ерлан Қарин аталған форум Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.