– Квота бойынша 120 адам жұмысқа орналастырылды. Олар – көру қабілеті бойынша, жалпы аурулары бар, еңбек жарақатынан кейін және басқа да шектеулері бар адамдар, – деді Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсем Жүніспекова облыс әкімдігінде өткен кеңесте.
Арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерге дене мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы жабдықтар сатып алуға субсидия беріледі. Бұдан басқа, мемлекет қызметкердің жалақысын үш жыл ішінде ішінара жабады: бірінші жылы 70%-дан, үшінші жылы 60%-ға дейін. Биыл есту қабілеті және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін 11 осындай жұмыс орны құрылды. Бұл – жинаушылардың, буып-түюшілердің, бейнебақылау операторларының, менеджерлердің бос орындары.
Өңірде «Күміс жас», «Алтын жас», «Бірінші жұмыс орны» жобалары да жұмыс істеп жатыр. Олар егде жастағы адамдарға, жастарға және басқа да санаттағы азаматтарға еңбекке қайта оралуға немесе алғашқы жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқыту мен қайта оқытуға ерекше назар аударылады. Мүгедектігі бар адамдар нарықта сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді курстардан өтіп, кәсіпкерлік саласында білім ала алады.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында 160 адам оқытылса, оның 87-сі бизнес-жобаларын қорғап шықты. Айта кету керек, өз ісін бастағысы келетіндер үшін де қайтарымсыз гранттар қарастырылған. Биыл 400 АЕК бойынша 225 грант беру жоспарланып отыр. Бірінші лекке мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтындардан 96 өтініш келіп түсті. Гранттар маусым айының соңына дейін беріледі деп күтілуде.
Бизнеспен ынтымақтастық туралы Қарағанды әкімі Мейрам Қожухов айтып берді.
– Кәсіпкерлер тарапынан түсіністік бар. Біз олармен жалақыны субсидиялау және еңбекке жағдай жасау үшін өтемақы төлеу мәселелері бойынша кездестік. Биыл алғаш рет пластик терезелер жасайтын фирма барлық қажетті жабдықтарды сатып алып, көру қабілеті бұзылған адамдар үшін жұмыс орындарын құрды, – дейді Мейрам Кожухов. – Оған қоса, ірі кәсіпорындармен ғана емес, жеке кәсіпкерлермен де жұмыс істейміз.
Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру деректері көбейіп келеді. Мысалы, қарағандылық көру қабілеті нашар әйел «Дедал» ЖШС құрған арнайы жұмыс орнында екінші жыл тігінші болып жұмыс істейді.
I топтағы мүгедекті АСЕТ inclusiv қоғамдық бірлестігі клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер ретінде жұмысқа орналастырды. Ал Теміртау тұрғыны тірек-қозғалыс аппараты ауруына байланысты «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша массаж жасаушы болып жұмысқа орналасты. Саран қаласының тұрғынына мүгедектігі кедергі келтірмей, «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа дүкеннің әкімшісі болып орналасты, ал Қарқаралы қаласының тұрғыны І топтағы мүгедек бола отырып, квота бойынша аудан әкімі аппаратында статистик болып жұмысқа алынды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев зейнеткерлерді жұмыспен қамтуға бағытталған «Алтын жас» жобасына назар аударды. Әсем Жүніспекованың айтуынша, жоба жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Биыл жоспар бойынша 400 адамды жұмысқа орналастыру қажет болған еді, ал қазірдің өзінде 465 зейнеткер жұмыс тапты. Мұндай мамандарға нақты сұраныс бар. Өтінімдер шағын бизнестен де, ірі кәсіпорындардан да келіп түседі. Ермағанбет Бөлекпаев қала және аудан әкімдеріне мемлекеттік басқару құрылымдарында мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы