«AMANAT» және Yeni Azərbaycan жаһандық сын-қатерлер дәуірінде өзара ынтымақтастығын нығайтуда. Әзербайжанның мәдени астанасы – Шуша қаласында «Көпполярлы әлемдік тәртіп: геосаяси аспектілері мен жаһандық сын-қатерлер» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Келісім мен диалогқа үндеген конференция
304
оқылды

Yeni Azərbaycan партиясы ұйымдастырған фо­румда әр­түрлі мемлекеттің саясаткер­лері, сарапшылары мен партия өкілдері бас қосты. Қазақстан де­легациясын «AMANAT» пар­­­­­­тия­сының Атқарушы хат­шы­сы Дәулет Кәрібек бастап барды.

Дәулет Кәрібек «Ұлттық еге­мендік, өңір­лік ынты­мақ­тас­тық және жаһандық қауіп­сіз­дік: жаңа дәуірдің саяси па­радигмалары» па­нельдік сес­сиясында сөз сөйлеп, Мем­лекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халы­қ­ара­лық сая­сат­тағы байыпты бастама­лары­ның маңызын, оның жаһан­дық және өңірлік қауіп­­сіздікті нығайтуға, эко­но­ми­ка­лық және сауда дипломатиясын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

«Келісім мен диалогқа ұм­тылыс Қазақ­стан­ның сыртқы сая­сатына ғана емес, еліміз­дің ішкі саясатына да тән екенін ай­рықша атап өткім келеді.  Қа­зақстан жаңа дәуірде жаңа даму жолына бет бұрды. Біздің елі­мізде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен түбегейлі саяси, эконо­ми­калық, әлеуметтік реформалар жүзеге асы­­рылып жа­тыр. Президент рефор­ма­лары хал­қымыздың жан-жақ­ты және кең қол­дауы­на ие бол­ды. Қазақстандағы оң өзге­ріс­терді ха­лықаралық ұйымдар мен беделді сарап­шы­лар да мойындап отыр», – деді ол.

«AMANAT» партиясының Ат­қарушы хат­шы­сы халық­ара­лық байланыстарды ны­ғай­ту­­дағы саяси партиялардың рө­лі­не ерекше на­зар аударды. Оның айтуынша, саяси пар­тия­­лар мемлекеттер мен ха­лық­тарды жа­қын­дастыруда маңызды рөл атқарады, ал пар­тияара­лық диалог мем­ле­кет­тер арасындағы өзара тү­сі­ніс­тік пен ынтымақтас­тық­ты ны­ғай­туға ықпал етеді.

Мәселен, былтыр «AMANAT» партиясы мен Yeni Azərbaycan партиясы арасында өзара іс-қимыл және ын­ты­мақ­­тастық туралы Ме­мо­ран­дум­ға қол қойылды. Бұл қадам екі мемлекеттегі саяси пар­тия­лардың диалогын жандан­дыру­ға жол ашып, мем­леке­тара­лық қатынастардың дос­тық және тату көршілік ру­хын­да дамуына серпін берді.

Конференция барысында Дәу­лет Кәрібек жаһандық сын-қатерлерге тоқталды. Олар­­дың қатарында: халық­ара­лық қақтығыстар санының артуы, климаттың өзгеруі, гу­манитарлық апаттар мен тех­нологиялық трансформа­ция­лар бар. Сондай-ақ халық­ара­лық деңгейде жастар ын­ты­мақ­­тастығын дамыту, цифрлық өзара іс-қимылды нығайту жә­­не гуманитарлық күн тәр­ті­бін кеңейту жолдары тал­қы­лан­ды. Қазақстан тарапы «жаһан­дық сын-қатерлердің алдын алудың жалғыз жолы – ашық диалог пен өзара сенім» екенін атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан делегациясы көр­некті мем­ле­кет қайраткері, Әзербайжан­ның жалпыұлттық көшбасшы­сы Гейдар Әлиев­тің рухына тағ­зым етті. Сондай-ақ 1990 жыл­ғы қайғылы оқиғаның құр­бандары ме­мориалына – Шаһиттер аллеясына гүл шоқ­тарын қою рәсіміне қатысты. Осылайша, Қа­­­зақстан тарапы әзербайжан халқының та­ри­хына және табандылығына ерек­ше құр­мет көрсетті.

Айта кетейік, форум жұмы­сына Беларусь, Бол­гария, Сол­түстік Кипр, Сербия, Тәжік­стан, Түрікменстан, Түркия, Өз­бекстан және Украи­на мем­лекеттеріндегі саяси партия­лар­дың өкілдері де қатысты.