ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Астанаға сапармен келді.
Сенімді серіктестікке серпін берген сапар
228
оқылды

Қытай көшбасшысы мінген бортты ел шекара­сынан елордаға дейін Қазақ­стан Республикасы Әуе қорғаныс күш­тері­нің ұшақтары алып жүрді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қы­тай Халық Республикасының Төра­ға­сы Си Цзиньпинді Астана әуе­жайынан қарсы алды. Трапта Құрмет қарауы­лы­ның ротасы сап түзеді. Мәртебелі мейманға Қа­зақ­стан мен Қытай туларын ұстаған жет­кіншектер қо­­­­шемет көрсетті.

Елорда әуежайының терминалында Төра­ға Си Цзиньпинге балалар қазақ жә­не қытай тілдерінде сәлемдесіп, күтіп ал­ды. Содан соң өнерпаздар қос ха­лық­­тың ұлттық билерін билеп, ерекше ілти­пат біл­дірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақор­да рези­ден­циясында Қытай Халық Республикасының 

Төра­ғасы Си Цзи­нь­пин­ді қарсы алды. Бұдан соң мем­лекеттер бас­шылары келіссөз залына барды.

Мем­­лекет басшысы ҚХР Төрағасымен келіс­сөз жүр­гізді. Президенттің айтуынша, ҚХР Төра­ға­сы қа­зақ жерінде қай кезде де қадірлі қонақ са­нал­ған, ал оның бұл жол­ғы сапары – шынайы әрі мыз­ғымас дос­тығымыздың айқын көрінісі.

– Қытай Халық Республикасы – Қа­зақ­станның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қы­тай ықпалдастығы Сіздің жеке қол­­дауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стра­тегиялық әріп­тeстік рухында және бұ­рын-соңды болмаған қар­қынмен дамып ке­ле жатыр. Мұны ерекше ықы­ласпен атап өткім келеді. Ортақ тарихымызға мұ­қият үңіл­сек, елдеріміздің арасында еш­қандай түйткілдер не­месе тосқауылдар бол­маған. Тек қана өзара дос­тық пен ық­пал­дастық, түсіністік пен жылы лебіз­дер ба­сым болды. Қытай халқы қазақ хал­қы­на ешқандай зиян келтірген жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қа­тынас жылдан-жылға нығайып, жаңа «ал­тын кезеңге» қадам басқанын мә­лім­деді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жә­не халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор сеп­тігін тигізіп жатқанына назар ау­дар­ды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төра­ға­сы­ның елі­міз­ге сапары оның туған кү­­­ні­мен тұспа-тұс келіп отыр­ғанына ерек­ше мән беріп, Си Цзиньпинге зор ден­саулық, бақ-береке, жауапты мем­ле­кеттік қыз­ме­­тіне толайым табыс тіледі.

– Сізді Қазақстанда аса көрнекті мем­лекет қай­рат­кері, халықаралық қо­ғам­дастық алдында зор абы­рой-беделге ие көреген көшбасшы деп біледі. Еліңіз­дің қарқынды дамуы Өзіңізбен тікелей бай­ла­нысты. Сіздің сарабдал саяса­тыңыз­дың арқасында Қытай Халық Рес­пуб­ликасы әлеуметтік-эконо­ми­калық жаң­ғыру және азаматтардың әл-ауқатын жақ­сарту ісінде ерен жетістікке жете­ті­ніне сенімді­мін. Біз жаңа тарихи кезеңде өзі­не тән ерекшелігі бар социализм не­гізін қалап жатқан Қытай халқы­ның мол та­быстарына шын қуанамыз. Сіздің ма­ған және барша Қазақстан халқына деген құрметіңізді жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қытайды Қазақстанның та­ту көршісі және уақыт тезінен өткен се­німді стратегиялық се­рік­тесі деп атады. Мемлекет басшысының айтуын­ша, екі ел­дің қарым-қатынасы тұрақты сипатқа ие әрі оған геосаяси сын-қатерлер мен дүр­белеңдер, сон­дай-ақ халықаралық ахуал теріс әсер етпейді.

– Қытай Қазақстанмен арадағы ын­ты­мақ­тас­тығында қандай да бір саяси шарт қоймаған. Біздің еге­мендігіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қол­дауыңыз­ды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бас­­тамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлем­дік тәр­тіп орнату әрекеттерін қуат­таймыз, – деді Қазақ­стан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық жә­не өңірлік ұйымдар ая­сында, сондай-ақ БРИКС + және «Орталық Азия – Қытай» фор­матында жоғары деңгейдегі ықпал­дас­тық орнатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы ҚХР-дың Қазақ­станның ең ірі сауда-экономикалық се­рік­тесі екенін еске салды. Былтырғы қо­рытынды бойынша екіжақты сауда-сат­тық көлемі 44 миллиард долларға жет­кен. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Сонымен қатар Президент мәдени-гу­ма­ни­тар­лық саладағы елеулі жетіс­тік­тер­ге тоқталды. Атап айтқанда, елімізде мә­­дениет орталықтары, Лу Бань шебер­ха­налары, Қытай жоғары оқу орындары мен ғылыми-техникалық орталықтары­ның филиалдары ашылды. Қазақстан Кон­фуций орталықтарына қол­дау көр­сетеді. 2025 жыл «Қазақстандағы Қытай туриз­мінің жылы» болып жарияланды. Бұл екіжақты ынтымақтастықты терең­де­туге, өзара сенімді ны­ғай­туға септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев атом энерге­ти­касы сала­сына арнайы тоқталды.

– Біз Қазақстанда бірнеше, тым бол­мағанда екі-үш АЭС салу туралы шешім қа­былдадық. Осы маңыз­ды жобаға ірі ком­панияларды тартуға қатысты жұ­мыс жүр­гізіліп жатыр. Қазақстан Респуб­лика­сының Атом энергиясы жөніндегі агент­тігі құрылды. АЭС құрылысы бойынша Қытай­дың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарас­ты­рып отырғанымызды ерекше атап өткім ке­леді. Әлемге әйгілі компания біздің на­рықта өз ор­нын табатыны анық. Со­нымен қатар Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған се­німді ел, – деді Президент.

Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсе­тіл­ген сый-құр­мет үшін Президентке ри­зашылығын білдірді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлт­тық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп ке­ле жатқа­нын атап өтті.

– Тату көрші әрі стратегиялық серік­тес ретінде біз Сіздердің жетістіктеріңізге тән­тіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қы­тай мен Қазақстанның қарым-қаты­на­сы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұр­ғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан дос­тықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолын­да­ғы табиғи сұранысы. Соңғы жылдары бір­лескен күш-жігердің нәтижесінде тағ­дыры ортақ Қытай мен Қазақстан ара­сындағы ықпалдастық жаңа мән-маз­мұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеу­­мет­тік маңызы бар жобалардың жүзеге асы­рылуы қос халыққа айтарлықтай пай­да әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай – Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ын­тымақ­тас­тығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін, – деді ҚХР Төрағасы.

Келіссөз барысында екі ел ынты­мақ­тастығы­ның барлық бағыт бойынша перс­пективасы талқыланды. Байырғы дос­тық пен өзара құрметке арқа сүйеген екі ел басшылары емен-жарқын әңгі­ме­лесті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төра­­ғасы Си Цзиньпин жүр­гіз­ген келіссөз нәтиже­сінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжат­қа қол қойыл­ды. Екі ел делегациясының мүше­лері энергетика, аэроғарыш, цифрлан­дыру, кеден, ауыл шаруашылығы, элект­ронды сауда, туризм, зияткер­лік меншік, меди­цина, медиа, ғылым, өңіраралық бай­ла­ныс салаларындағы ынтымақ­тас­тықты қамти­тын құжаттармен алмасты. Олардың ішінде инвес­тицияларды кө­тер­мелеу және өзара қорғау, техни­ка­лық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкі­метаралық келісімдер бар.