Психологиялық саулықты жақсартудың қарапайым тәсілдерін newatlas.com материалына сілтеме жасап, Aikyn.kz түсіндіреді.
«Қуаныш микроәрекеттер» күнделікті және апталық көңіл күйге оң әсер ететіні дәлелденді. Фото flickr.com сайтынан алынды
Бүгінгі қоғамдағы жұмыс талаптарының артуы, коммуникациялық белсенділік адамның өзін-өзі күтуіне мүлдем уақыт қалдырмайды. Адамдар уақыт тапшылығын күнделікті сезінеді. Сондықтан көпшілік әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай уақыт бөле алмайды.
Сан-Францискодағы Калифорния университетінің (UCSF) зерттеуі көрсеткендей, әл-ауқатты арттыру мен жағымды эмоцияларды күшейту, сондай-ақ күйзелісті азайту үшін күніне бірнеше минут жеткілікті. Зерттеудің жетекші авторы, UCSF-тің постдокторанты әрі Майами университетімен байланысы бар Дарвин Геварра былай дейді:
«Көптеген адамдардың ұзақмерзімді бағдарламаларға қатысуға уақыты, мотивациясы және ресурсы жетіспейді. Сондықтан олар мұндай бағдарламаларды жиі тастап кетеді. Біз тек бір апта бойы күн сайын бірнеше минуттық қарапайым тапсырмалар арқылы оң нәтиже алғанымызға қуаныштымыз».
Ғалымдар «қуаныш микроәрекеттері» деп аталатын әдістің күнделікті және апталық көңіл күйге қалай әсер ететінін зерттеген. Олар жас, жыныс, нәсіл, этностық шығу тегі, географиялық орналасу, күйзеліс деңгейі секілді әлеуметтік-демографиялық факторлардың нәтижеге қалай ықпал ететінін анықтауды мақсат еткен.
Микроәрекеттер бірнеше минутқа созылады, оның ішінде бейнеролик көру, алғыс айту тізімін жазу, біреуге жақсылық жасау сияқты қарапайым әрекеттер бар. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Depositphotos
Зерттеу тобы BIG JOY атты веб-платформаны жасап, қатысушылар сол жерде микроәрекеттер мен олардың әсерін тіркеген. Қатысушылар таңертең қандай көңіл күйде тұрғандары сұралып, күнделікті микроәрекеттер орындау ұсынылады.
Бұл әрекет бірнеше минутқа ғана созылады. Оның ішінде бейнеролик көру, алғыс айту тізімін жазу, біреуге жақсылық жасау сияқты қарапайым әрекеттер бар.
Кейін респонденттер осы сәтте қандай ойлар мен сезімдер болғанын жазып, кешке тағы да көңіл күйлерін бағалайды. Жеті күн ішінде олар күніне орта есеппен жеті минут жұмсайды. Апта соңында қатысушылар өздеріне ең жақсы әсер еткен микроәрекеттер мен эмоционалдық өзгерістер жайлы есеп береді.
Микорәрекеттер мына әзіл видеодағы жағдайларды болдырмайды деп ойлаймыз:
Зерттеушілер 2022 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта 169 ел мен аймақтан, соның ішінде АҚШ, Аустралия, Ұлыбритания, Канада мен Үндістаннан 17 598 қатысушыдан деректер жинаған. Олар қатысушылардың микроәрекеттерге дейінгі және кейінгі эмоционалдық жағдайын, жағымды эмоцияларын, бақыт сезімін, күйзеліс деңгейін, өзін-өзі бағалауын және ұйқы сапасын салыстырған.
Нәтижесінде, бір апта бойы микроәрекеттерді орындаған адамдар эмоционалдық тұрғыдан жақсырақ сезініп, көбірек жағымды эмоцияны бастан кешірген. Олардың өз бақыты үшін жауапкершілік сезімі артып, күйзеліс деңгейі төмендеген және денсаулықтарын жақсырақ бағалап, ұйқы сапасы өскен. Бұл өзгерістердің әсер ету дәрежесі орташа деңгейде болды. Сонымен қатар экспериментке белсенді әрі жүйелі түрде қатысқан адамдарда өзгерістер әсері айқын болған.
Бұл тәсіл өмірде көп қиындық көріп жүргендер үшін ерекше тиімді болуы мүмкін. Фото as-they-grow.com сайтынан алынды
Бір қызығы, әлеуметтік қиындықтарды бастан кешіріп жүргендер – табысы төмен, білімі аз немесе этностық азшылық өкілдері – микроәрекеттерден ерекше пайда көрген. Бұл бағдарлама өмірде көп қиындық көріп жүргендер үшін ерекше тиімді болуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондай-ақ жастар үлкендерге қарағанда әл-ауқат пен күйзеліс деңгейінде көбірек оң өзгеріс байқаған.
Жалпы алғанда, ұзақмерзімді іс-әрекеттердің пайдасы болатынын көптеген зерттеулер көрсеткені белгілі. Бұл зерттеу болса, қысқамерзімді әрекеттердің де денсаулыққа елеулі пайдасы бар екенін алғаш дәлелдеді. Қатысушылардың әртүрлілігіне қарап, мұндай әдіс кең ауқымдағы адамдарға жарамды деуге болады. Ғалымдар бұл жылдам әрі қарапайым бағдарламаның ұзақмерзімді оң әсері болуы мүмкін екенін айтады.
«Жоғары деңгейдегі әл-ауқатқа ие адамдар созылмалы ауруларға, мысалы, жүрек-қан тамыр ауруларына аз ұшырайды және олардың өлім-жітімі де төмен болады», – дейді зерттеу тобының мүшесі әрі UCSF психиатрия профессоры Элисса Эпель.
Бұл зерттеу Journal of Medical Internet Research журналында жарияланған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.