Бүгінде елімізде урбанизация үдерісі қарқын алып келеді. Әсіресе, жастар арасында қалаға көшудің беталысы күшейіп тұр. Жас буын қалаға білім немесе жұмыс үшін ғана емес, болашағына деген үлкен үмітпен көшіп жатыр. Бірақ бұл көш кімге тиімді? Жекелеген адамдар үшін ұтымды көрінетін бұл үрдіс елдің әлеуметтік құрылымына қандай әсер етуде? Қала не ұтады, ал ауыл не жоғалтады?
Ауылдан арман алыстап барады...
385
оқылды

Ауылдан қалаға ағылған жас буын­ның басты мақсаты – жо­ға­ры білім алу, жұмыс табу, зама­науи өмір салтына бейімделу. Жас­тардың қалаға ұмтылуын олар­дың жеке армандары немесе өмір­лік таңдауы ретінде ғана қа­рас­тыру жеткіліксіз. Бұл – терең әлеу­меттік, экономикалық және мә­дени себептері бар көпқабатты про­цесс. Ауылда сапалы білім мен қызмет түрлерінің тап­шы­лы­ғы, жұмыс орындарының жетіс­пеу­шілігі, заманауи өмірге сай инф­рақұрылымның жоқтығы – жас­тардың болашағын қалаға бай­лап отыр. Көші-қон статис­ти­­касы да осыны растайды: соң­ғы онжылдықта Қазақстанның ірі қалаларындағы жастар үлесі ай­тар­лықтай артқан, ал ауыл тұр­ғын­дарының саны керісінше ке­міп келеді. Бұл құбылыс бір қа­ра­ғанда табиғи әрі заңды сияқ­ты. Кейбір деректерге сүйенсек, бол­жам бойынша әлемдік дең­гей­дегі урбанизация 2050 жылы 70 пайызды құрауы мүмкін. Ал ұлт­тық статистика бюросының мә­ліметтері бойынша: 2030 жыл­ға дейін әлі 5 миллиондай адам қалаға кө­шіп келуі мүмкін.

Ауылдан кету – амалсыздық

Көптеген ауыл жастары мек­тепті аяқтаған соң білім іздеп үлкен қалаға қоныс ау­дарады. Ал жоғары білімі бар мамандар болса, жұмыс жағдайы мен әрі өзінің материалдық жағ­дайын жақсарту мақсатында қалаға көшуге мәжбүр болатыны мәлім. Ал ауыл ше? Ауылда жас­тар азайған сайын, еңбекке қа­бі­летті буын сирейді. Бұл ауыл шаруа­шылығына, жергілікті кәсіпке және мәдени мұраның сақ­талуына кері әсерін тигізеді. Қарт­тар ғана ауылда қалып, тір­ші­ліктің діңгегі әлсірейді. Ақы­рын­да ауыл өмір сүруге қолайсыз емес, мағынасыз кеңістікке айна­лып бара жатқандай көрініп тұр. Түркістан облысының тумасы Ай­сәуле Серікқызы да ауылдан қа­лаға көшіп келген жастардың қа­тарынан. Диплом бойынша ма­мандығы – мұғалім. Түркістан об­лысынан елордаға қоныс ау­дар­ған.

 –Мен өзім ауылда өстім. Мек­теп бітірген соң, ұстаз болуды арм­андадым. Жоғарғы оқу орнын аяқ­таған соң ауылға оралуға ниет­теніп едім, бірақ барғанда шын­дықпен бетпе-бет келдім. Бі­лім беру мекемесінде бос орын бол­мады, жалақы төмен, бірақ жауап­кершілік көп. Амал жоқ, қа­лаға келіп жұмыс істей баста­дым. Мұнда да қиындық жоқ емес, бірақ ең болмағанда өз кү­шің­мен дамуға мүмкіндік бар. Кей­де ауылымды, ондағы адам­дар­ды сағынамын. Ауылда қалуға жас­тарды ынталандыратын бағ­дар­лама керек сияқты. Ауылда да ба­қытты өмір сүруге болады. Ол үшін жай сөз емес, нақты мүм­кін­дік керек. Тек жол немесе ин­тер­нет қана емес, болашағына се­не­тін орта керек. Сонда ғана жастар ауыл­ға қарап емес, ауылда қалуға ұмтылады деп ойлаймын, – дейді Айсәуле Серікқызы.

Экономист Дана Ораз­қы­зы­ның айтуынша, жастардың ауыл­дан қалаға көшуін біз «табиғи үр­діс» ретінде қабылдаймыз. Бір­ақ оның астарында жүйелі экономикалық теңсіздік жатыр. Ірі қалаларда жұмыс орындары, инвестиция, әлеуметтік инф­ра­құры­лым жақсы шоғырланған. Ал ауылдарда керісінше – жұмыс аз, табыс төмен, экономикалық белсенділік әлсіз. 

– Егер біз ауылда жастарды ұс­­­­тағымыз келсе, тек жалақыны емес, экономикалық экожүйені да­мытуымыз керек. Яғни, ауылда биз­нес ашуға, агросалада жұмыс іс­теуге, білікті еңбек етуге қолай­лы орта қажет. Мемлекеттік бағ­дар­ламалар бар, бірақ олар көп жағ­дайда қысқамерзімді немесе қа­ғаз жүзінде қалады. Қысқасы, ауыл­дан кету – жастардың таң­дауы емес, мүмкіндіктің жетіс­пеуі­нен туған амалсыздық. Бұл үр­дісті өзгерту үшін мемлекеттің де, жергілікті биліктің де ұзақ­мер­зімді жоспары қажет, – дейді экономист. 

Қала бәріне бірдей мүмкіндік бермейді

Ауыл халқының азайып бара жатқанын Парламент отырыс­та­рын­да жиі айтып жүрген Мә­жі­ліс депутаттарының есе­бін­ше, кейінгі жылы Оңтүстік Қа­­­­­зақстан облы­сындағы ауыл­дардан 6,4 мың, Жам­был облысы ауыл­да­­ры­нан 2,8 мың, Шығыс Қазақ­стан об­лы­сы­нан 2,7 мың адам қа­лаға кө­шіп кеткен. Маңғыстау облы­сын­дағы ауыл­дардың халқы 2,4 мың­­ға, ал Қос­танай мен Сол­түстік Қа­зақ­стан облыстарының ауыл­да­рын­да адам саны 2,3 мың­ға азай­ды. Ба­сым бөлігі көбінесе Оң­түс­­тік өңі­рінен қоныс аудар­ған. 

Урбанист Әлихан Көшер­баевтың пікірінше, жас­тар­д­а толықтай еркіндік болуы керек. Олардың қай жерде даму жә­не табыс көбірек болса, сол жақ­қа ұмтылғаны дұрыс. Онсызда елімізде диплом алғанымен ол са­лада қызмет етпейтіндер саны өте көп. Ауыл мен қала арасын­да­ғы мүмкіндіктер тең емес екені еш­кімді таңқалдыратын дүние емес.

– Негізі, макроэкономикада жұ­мыс істейтін бір қағида бар – people respond to incentives. Сол при­змамен қарайтын болсақ, кез кел­ген адам қай жерде даму және та­быс көбірек болса, сол жаққа ұмы­тылады. Ауылдан қалаға кө­шу мүлдем жаман емес. Кез кел­ген адамды шектеуге болмайды. Адам­ды шектейтін болсақ, оған бү­кіл жағдайды дайындау керек. Ол кісі еркін таңдау жасамаса, сол еркіндікті алған шек­теуші­лер­­ден сұраныс болады. 90-жыл­дар­ға қарай шектеуші режимнің астында тұрудан шаршадық. Қала жастарға да, басқа топтарға да қатты жайлы болмау мүмкін. Ауыл­­дағы экология мен Алма­ты­дағы экологияны салыстыратын болсақ, ауыл әлдеқайда жеңеді. Ауылдың кең байтақ жайлау­ла­рын кез келген қалада таба ал­май­сың, Алматы болса да, Нью-Йорк та болсын. 

Әлемнің ең дамыған елі Аме­рика да – мигранттар елі. Көші-қонға жақсы жағдайлар жа­салған мемлекеттер – ең дамы­ған экономиканы құрады. Біз де көші-қонға әрқашан ашық бол­ған халықпыз. Статистика бойын­­­ша, көшетін жастардың көш­пеген қалалық жастармен са­лыстарғанда кейінгі эконо­микалық деңгейі жақ­сырақ болады. Америкада мы­салы, ең дамыған топтардың бірі – Азия­дан көшкен мигранттар. Сондай-ақ заманауи техноло­гия­лардың арқасында бәріміз ауылда емес, түрлі-түрлі қалада тұра­мыз, – дей­ді Әлихан Көшербаев. 

Ж­ыл сайын мыңдаған жас ауыл­­­­­­­дан қалаға көшіп жатыр. Олар­­­­­дың өмір сүру ортасы елдің ке­­­лешегін айқындай­ды. Жас­тар­дың қалаға жаппай ағы­л­уы – уа­қыт талабы сияқты көрін­гені­мен, бұл үрдіс елдің ішкі ба­лан­­сына әсер ететін ұзақмер­зім­ді құбылыс еке­нін ұмытпауы­мыз керек. Қала бә­ріне бірдей мүм­кіндік бере бер­мейді, ал ауыл бәрін жоғалта бер­меуге тиіс. 

   Абылайхан Дүйсенбек, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті