Жобада «дропперлік» үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, вейп өнімдерін заңсыз сату мен таратуға шектеу қою, сондай-ақ ерекше қорғалатын жануарлар мен өсімдіктерге қатысты құқықтық нормаларды нақтылау секілді маңызды мәселелер қарастырылған. Аталған заң жобасы азаматтардың қауіпсіздігін арттырып, құқықтық жүйенің заманауи сын-қатерлерге бейімделуіне жол ашады. Заң жобасының ерекшеліктері мен қоғамға әсері жайлы мәжіліс депутаты Абзал Құспанмен сұхбат құрдық.
– Абзал Темірғалиұлы, ең әуелі Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері жөніндегі заң жобасының негізгі мақсаты мен оның қылмыстық процестегі қандай өзекті мәселелерді шешуге бағытталғанына тоқталып өтсеңіз.
– Қолданыстағы қылмыстық, қылмыстық процестік, қылмыстық атқару кодекстерінің қабылданғанына биыл 10 жыл толған екен, сол 10 жыл ішінде 100-ден астам заң жобасы аясында 1000-нан астам өзгерістер мен толықтырылулар енгізіліп, ол өз кезегінде, қылмыстық заңнаманың тұрақсыздығына әкеп соқты. Бұл жағдайға орай құқыққолданушылар мен ғалымдар, тіпті мемлекет басшысы деңгейінде сын-пікір айтылды. Осыған байланысты, қазіргі заң жобасының ең басты мақсаты, ол – қылмыстық заңнаманы тұрақтандыру.
– Дропперлік ұғымын қылмыстық заңнамаға енгізуге қандай себептер негіз болды және бұл өзгеріс интернет-алаяқтықпен күресте қандай рөл атқарады?
– Заң жобасын әзірлеу кезінде бұл қылмысты «дропперлік» деп емес, қазақ немесе орыс тілінде өзгеше атау туралы ұсыныстар болды. Бірақ соңында «дропперлік» деген атау қалдырылды. Себебі бұл – ұлттық емес, халықаралық сипаттағы қылмыс. Дропперлер – бұл алаяқтарға, әдетте Қазақстаннан тыс жерлерде отырған қылмыскерлерге ақша аударуға көмектесетін адамдар. Елімізде интернет-алаяқтық деңгейі өсіп барады, бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында тұр. Себебі миллиардтаған қаржы шетелге шығарылып жатыр. Жапа шегушілер саны көп. Көбіне зардап шегетіндер – әлеуметтік осал топтар, ең алдымен – егде жастағы азаматтар. Сондықтан біз азаматтарымыздың ақшасының шетелге заңсыз шығуына тосқауыл қойғымыз келеді.
Мұндай жағдай өте көп. Дропперлер көбіне әлеуметтік осал топтардың өкілдері – студенттер, жұмыссыздар, еңбек мигранттары. Бірақ олар – жаппай әрі ауыр қылмыстар жасауға сеп болатын негізгі құрал. Дәл осы адамдар болмаса, қылмыскерлер өз ойларын жүзеге асыра алмас еді. Сондықтан мұндай әрекеттерге тиісті құқықтық баға берілуге тиіс.
– Қылмыстық саясаттағы гуманизм қағидалары жайында айтып жүрсіз. Осыған орай мүгедектігі бар азаматтарға қатысты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қолданбау туралы өзгеріс енгізілді. Бұл бағытта тағы қандай өзекті мәселелер қаралды?
– Бұл – І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар. Өзгеріс тек осы санатқа қатысты енгізіледі. Бұл – Қылмыстық кодекстегі гуманизм қағидатынан туындайды. Сондықтан осы норманы толықтыру қажет деп шештік.
Бізде өмір бойына бас бостандығынан айыруға балама – 25 жылға бас бостандығынан айыру. Бұл жаза жасына немесе мүгедектік тобына қарамастан қолданы-луы мүмкін. Бірақ өмір бойына бас бостандығынан айыру мүгедектерге қолданылмайды.
Тағы бір түзету – мүгедек баланы тәрбиелеп отырған сотталған азаматтардың шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу (ШМБ) мүмкіндігі. Бұл да Қылмыстық кодекстегі гуманизм қағидаттарына және баланың құқығын қорғау мүддесіне сай қабылданған. Норма қарапайым көрінгенімен, көп пікірталас тудырды.
Нәтижесінде, біз қылмыс жасағанға дейін мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдарға қатысты болсын деген шешімге келдік. Егер адам расымен де мұндай баланы тәрбиелеп келсе, онда жазаның үштен бір бөлігін өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш білдіре алады.
– Заң жобасында вейптерді сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салу көзделгені белгілі. Бұл бастама қандай қоғамдық қауіптерге жауап ретінде ұсынылды және вейп қолданудың нақты қандай салдарлары ескерілді?
– Вейптерге қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен кейін еліміздің аумағында аса ірі көлемде вейп сақталған қоймалар анықтала бастағаны туралы ақпараттар түсе бастады. Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, анықтаса да, қазіргі заңнамада сақтау үшін жауапкершілік қарастырылмаған.
Вейптер Қазақстанға басқа елдердің аумағынан бір жолмен кіргізіліп жатыр. Тіпті, еліміздің өзінде де өндіріле бастаған. Қоймаларда аса ірі көлемде сақталып отыр – бұл барлық ірі қалаларға тән жағдай.
Қолданыстағы заңнамада тек сату, тарату және кәсіпкерлік қызмет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ сақтау үшін – жоқ. Уақтылы осы мәселе ескерілмегендіктен, әріптестеріміздің өтініші бойынша қолданыстағы бапты толықтырдық – енді егер сақтау, тасымалдау немесе жөнелту сату және тарату мақсатында және айтарлықтай көлемде жүзеге асса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Санкция өзгермейді – ол вейпке тыйым салу туралы заңда көрсетілген деңгейде қалады.
Мұнда адамның ниеті маңызды. Егер курьер жеткізетін сәлемдеменің жалпы құны 50 АЕК-тен (196 600 теңге) асса, ол үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Ал бұл сомадан аз болса – қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Жеке тұтыну үшін сақтағандарға ешқандай жаза қолданылмайды. Тек тарату мақсатында әрекет еткендерге жаза қолданылады.
– Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерге қатысты жаңа бап не үшін қажет болды және бұл өзгеріс табиғатты қорғау ісінде қандай түбегейлі нәтиже береді деп күтілуде?
– Бұл – менің жеке бастамам. Мен Батыс Қазақстан облысынан сайланған депутатпын. Сол өңірде киіктерге қатысты мәселе өте өзекті. 2016 жылы киік жойылып кету қаупінде болған кезде Қытай олардың мүйізін белсенді түрде сатып ала бастады. Сол кезде киіктердің барлық бөліктерін, оның ішінде дериваттарын экспорттауға тыйым салынды.
2023 жылы киіктердің саны көбейіп, бұл ауыл шаруашылығына кедергі келтіре бастады. Сол кезде 339-бап күшейтілді, бірақ заңгер ретінде ол кезде қателік кеткенін айттым. Себебі барлық құқықбұзушы бір бапқа біріктірілді: браконьерлер де, сатып алушылар да, сатушылар да, тасымалдаушылар да – бәрі бірдей жауапкершілікке тартылды. Бірақ нағыз зиян келтіріп отырған – браконьерлер.
Ал қазір 339-бап бойынша жазасын өтеп жатқандар – ауыл тұрғындары, ішінде бірде-бір кәсіби браконьер жоқ. Балыққа қатысты да сол жағдай. Мысалы, бекіре тұқымдас балықтарды аулау. Зардап шегетін – ұстаған адам емес. Еліміз бойынша шамамен 800 адам осындай баппен сотталған. Қазір оларды босату күтілуде. Себебі біз оларға қатысты кейбір шарттарды жұмсартудамыз. Қылмыстық кодекстің 6-бабы бойынша, олар жергілікті сотқа жүгінеді, сот олардың бабын 339-1-ге ауыстырады. Материалдық шығын алынып тасталады және оларда шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға немесе жазаны жеңілдетуге өтініш беру құқығы пайда болады.
– Заңда қалыңдыққа қатысты жаңа өзгерістер бар. Осы мәселе жайында толығырақ айтып берсеңіз? Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қалай әсер етеді?
– 1959 жылғы Қылмыстық кодексте мұндай бап болған. Бұл редакция 1997 жылға дейін қолданыста болды. Кейін бұл баптың қажетсіздігі немесе өзектілігін жоғалтқаны туралы шешім қабылданып, кодекстен алынып тасталды. Бұл жағдайдың ушығуына да әсер еткен болатын. Статистика бойынша соңғы кезде Қазақстанда қалыңдық ұрлау фактілері көбейіп келеді. 2019 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстанда әйелдерді ұрлау фактілері бойынша 214 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Оның 94,3 пайызы (яғни 201 іс) қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Себебі Қылмыстық кодекстің 125-бабында – адам ұрлау – былай деп көрсетілген: егер ұрлаған адам жәбірленушіні өз еркімен босатса, іс тоқтатылады.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында бұл мәселеге Мемлекет басшысы назар аударып, оған құқықтық баға беруді тапсырған болатын. Осыған орай депутаттар Мұрат Әбенов пен Марат Башимов заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.
Бұл жерде екі маңызды жаңа ереже бар. Біріншісі, 125-баптағы «өз еркімен босату» туралы ескертпе алынып тасталды. Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап енгізіледі – қарапайым тілмен айтқанда, «қалыңдық ұрлау». Бұл ауыр қылмыс болып саналады. Баптың мазмұны мынадай: тұлғаны некеге тұруға мәжбүрлеу – күш қолданамын, мүлікті бүлдіремін немесе жоямын деп қорқыту, бопсалау, ар-намысына тиетін немесе жәбірленуші мен жақындарына зиян келтіретін ақпаратты таратамын деп қорқыту арқылы жүзеге асырылады.
– Сонымен қатар «сталкинг» жайлы норманы талқылау барысында қызу пікірталас болды. Депутаттар осыған қатысты қандай ортақ шешімге келді?
– Сталкинг – бұл адамның еркінен тыс түрде онымен байланыс орнатуға немесе аңдуға бағытталған, зорлықсыз, бірақ елеулі зиян келтіретін заңсыз әрекеттер. Жаңа 115-1-бап бойынша сталкинг үшін: 200 АЕК-ке дейін (786 400 теңге) айыппұл немесе дәл сондай мөлшерде түзету жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылады.
Сталкинг – бұл бір адамның екінші адамға бақылау орнатуға тырысуы. Мысалы, жәбірленушінің телефонына, компьютеріне шпиондық бағдарлама орнату, жасырын камера қою, тыңдау құрылғыларын қолдану арқылы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН