Мәулен Әшімбаев ТүркПА парламентаралық диалог пен ынтымақтастықтың тиімді платформасы ретінде толық қалыптасып, танылғанына назар аударды. Парламенттік Ассамблея бауырлас елдердің заңнамаларын жақындастыру, заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу үшін бірлесіп әрекет ету жолында маңызды рөл атқарады. Сенат Төрағасы атап өткендей, жаһандық тәртіп пен қауіпсіздік негіздеріне әсер ететін қазіргі сын-қатерлерді еңсеру және мемлекеттердің әлеуетін дамыту үшін түркі елдерінің күш-жігерін біріктіру ерекше мәнге ие.
«Биыл мамыр айында Будапеште өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың мәні ерекше артып отыр» деді. Бүгінде шиеленісе түскен геосаяси тұрақсыздық, қарулы қақтығыстар, әлемдік экономикада әртүрлі проблеманың ушығуы және протекционизмнің күшеюі белең алып отыр. Санкциялық текетірестер мен технологиялық бәсекенің де әсерін атап өткен жөн. Мұның бәрі мемлекеттер арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың азаюына ықпал ететіні анық. Сондай-ақ біз бүгінде қарқынды технологиялық серпіліс дәуіріне қадам бастық. Сондықтан сын-қатерлермен бірге алдымызда жаңа мүмкіндіктер де ашылып жатқанын айтуға тиіспіз. Осыған байланысты түркі мемлекеттерінің зор әлеуетін толық пайдаланып, өзара іс-қимылды жандандыра түсуіміз керек», – деді палата Спикері.
Отырысқа қатысушылар Қазақстанның елордасында өтіп жатқан кездесу ортақ тарихи мұраға, мазмұнды диалогке және түркі әлемін одан әрі дамытуға деген айнымас адалдықтың жарқын көрінісі екенін айтты. Сондай-ақ мұндай басқосу көпжоспарлы өзара іс-қимылды нығайта түсуге оң септігін тигізетіні сөз болды. Сенат Төрағасы ТүркПА-ға мүше елдер қазіргі сын-қатерлерге бейімделумен қатар өздерінің технологиялық, экономикалық және экологиялық күн тәртібін жүзеге асыруға қажетті әлеуетке ие екенін тілге тиек етті.
«Парламенттік дипломатияны одан әрі нығайту экономикадан мәдениетке дейінгі барлық деңгейдегі кооперацияға тың серпін береді. Осы ретте Парламенттеріміз арасындағы іс-қимылды арттырудың аса маңызды екенін атап өткім келеді. Бұл, әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында белгіленген экономикалық, көліктік, экологиялық және цифрлық бастамаларды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету ісінде айрықша мәнге ие. Жалпы, ТүркПА-ның бүгінгі отырысы парламенттік дипломатиядағы жаңа көкжиектерге жол ашады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Отырыс барысында парламенттік делегациялардың мүшелері, халықаралық ұйымдар мен басқа да мүдделі тараптардың өкілдері өңірдегі стратегиялық серіктестікті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.