Бұл бастама ауыл тұрғындарының бастамасымен жүзеге асты.
Абай облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
971
оқылды

Абай облысы Бородулиха ауданына қарасты Зубаир ауылының тұрғындары маңызды қадамға барды. Бар-жоғы 400-ден астам тұрғыны бар бұл шағын ауылдың халқы ерікті түрде алкогольден толық бас тарту жөнінде шешім қабылдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл бастама ауыл тұрғындарының бастамасымен жүзеге асты. Ауыл мектебінің ғимаратында әкімдік пен полицияның қолдауымен ашық жиын өтті. Жиынға аудан әкімі, полиция бөлімінің орынбасары, белсенділер, ұстаздар, ауыл жастары мен ақсақалдар қатысты.

– Жыл сайын халық саны азайып барады, жастар ауылдан кетуде. Егер бүгін қам жасамасақ – ертең бұл жерді, бұл дәстүрді, бұл тіршілікті мұра ететін ешкім қалмайды, – деді бастама көтерушілердің бірі.

Жиын қорытындысы – ауыл халқы бірауыздан алкогольден бас тарту туралы шешім қабылдады. Осы күннен бастап ауыл дүкендерінде алкогольдік өнімдер сатылмайды. Тұрғындар өздеріне қоғамдық міндеттеме алып, салауатты өмір салтын ұстануға, балалары мен немерелеріне үлгі болуға уәде етті.