Мәулен Әшімбаев шет мемлекеттер эндаумент-қорларды белсенді пайдаланатынына қарамастан, мұндай тәжірибені елімізде нақты қолдану керектігіне және бұл тәсілді идеалдандырмау қажет екеніне тоқталды.
«Жалпы, эндаумент-қорлар әлемде жиі қолданылатын баршаға белгілі тетіктердің бірі. Бұл тәсіл көп жағдайда университеттерде кездеседі. Мүмкін ірі ауруханалар да пайдаланатын шығар. Алайда, мұндай қадам мәдениет, спорт салаларында қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін болжау қиын», – деді Палата Спикері.
Сенат Төрағасы атап өткендей, ең алдымен, мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін арттыру, оны оңтайландыру қажет. Содан кейін ғана эндаумент-қорлар және тағы басқа көмекші тетіктерді қосқан жөн.
«Қазақстанда мемлекет қаражатын оңтайлы әрі тиімді пайдалануға баса мән беруіміз керек. Жеке жоғары оқу орындарын, мектептер мен медициналық мекемелерді қолдау арқылы олардың белгілі бір қызметтер есебінен өздеріне орнықты модель қалыптастыруына жол ашу қажет. Бұл ретте жекешелендіру және осы бағыттардағы жеке бастаманы қолдау да маңызға ие. Дегенмен, құқықтық база болуға тиіс. Оны заң қалыптастырады. Әрі қарай оның құқықтық тұрғыдан қолданылуына назар аударамыз. Яғни, эндаумент-қорлар дегеніміз – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларындағы мәселелерді шешудің көмекші құралы ғана», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, бүгін Палата отырысында сенаторлар «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нысаналы капитал қорларының және эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қызметі, сондай-ақ Арал маңының қазақстандық бөлігінің экологиялық қолайсыз аумағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Ондағы нормалар нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорлардың қызметін реттейтін құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.