Адам баласы жаратылысынан бері жан дүниесін әртүрлі тәсілмен жеткізіп келген: бірі – сөзбен, бірі – үнмен, бірі – суретпен, ал енді бірі – қимылмен. Осы қимыл арқылы жан сырын ақтарудың биік бір түрі – би.
Би – дененің ғана емес, жанның да тілі
195
оқылды

Би – бұл тарих. Ол – ұлттың жады, уақытқа таңбаланған өрнек. Бишінің денесімен сызған әрбір қимылы – халықтың рухани болмысының айнасы. Сондықтан да “би – дененің ғана емес, жанның да тілі” деген сөз – жай ғана поэтикалық теңеу емес, бұл – терең философиялық мағынасы бар тұжырым.

 Тарихы тереңде жатқан өнер

Бидің шығу тегі тым тереңде жатыр. Адамзаттың алғашқы кезеңдерінде би – діни рәсім, құдайға жалбарыну, табиғатпен тілдесу құралы болды. Кейін ол өмір салтына, тұрмыстың бір бөлшегіне айналды. Мысырлық фрескалардан бастап, үнді ведаларындағы қимыл суреттемелерінен, қазақтың көне тас бейнелерінен бастап, барлығы бидің адаммен бірге жасасып келе жатқанын дәлелдейді.

Қазақ халқы да осы мәдени үрдістен тыс қалған жоқ. Қарапайым қол бұлғау, шоқпар сілтеу, атқа міну мен мал қайыру, құс салу – бәрі де бір кезде би тілімен өрілген. Бұл – қазақ биінің өз болмысынан, тіршілігінен, табиғи мінезінен туындағанын білдіреді.

Қазақ биінің басты ерекшелігі – оның пластикалық құрылымында ғана емес, мазмұндық байлығында. Қазақ биі арқылы ұлттық мінез, өмірге деген көзқарас, еркіндік пен табиғатпен үндестік көрініс табады. Мысалы, “Қара жорға” биі – жай би емес. Ол – жылқының сұлулығын, сергектігін, қазақтың еркін жаратылысын бейнелейтін этнобиологиялық би. Зерттеушілердің пайымынша, бұл би ежелгі түркі дәуірінен бастау алады. Археологиялық қазбалар мен көне суреттерде де жорға бейнесі мен ырғақты қозғалыс сұлбалары байқалады. Қытайдағы Алтай аймағында тұратын қазақтар осы биді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап қалған.

Ал “Бөрібай”, “Аю биі”, “Найза биі” сынды ерлер билерінде батырлық пен ерлік рухы анық аңғарылады. Бұл билерде қылыш сермеу, найза лақтыру, жауға қарсы шығу сияқты қимылдар арқылы жауынгер халықтың бейнесі беріледі.

 Бір дәуірдің көрінісі

Осы орайда кәсіби биші, хореограф Ернұр Қарықбол – қазақ би өнерінің заманауи өкілі ретінде ұлттық және халықаралық сахналарда танымал. Ол тек орындаушы ғана емес, сонымен қатар би қоюшы ретінде де танылған. Мысалы, оның қойған «Тэмулэн» моңғол биі халықаралық байқауларда жоғары бағаланып, ансамбль бишісі Америка Құрама Штаттарында орындаушылық шеберлігі мен әртістік өнері үшін марапатталған.

– Би – бұл тек қана дене қозғалысы емес. Ол – адамның ішкі жан дүниесін, терең сезімін жеткізетін үнсіз тіл. Әсіресе, ұлттық би – ұлттың болмысын, тарихын, мінезін қимыл арқылы сөйлететін рухани мұра. Мысалы, “Қара жорға” биінде қазақ халқының болмысы түгел қамтылған. Бұл биді орындау үшін тек техника емес, жүрек те керек. Онда 62 тамыр иіліп, буын-буын қозғалысқа келеді. Қимылдың өзі “қошқар мүйіз” секілді ішке қайырылып, халқымыздың ою-өрнегімен үндесіп тұрады. Бұл – жай би емес, бұл – қазақтың коды, – дейді Ернұр Қарықбол.

Оның сөзінше, ұлттық бидің әр түрі – халқымыздың бір дәуірінің көрінісі. «Бірінде батырлық, бірінде нәзіктік, енді бірінде табиғатпен үндестік жатыр. Біз биді сақтап қалу үшін оны сахнадан түсірмей, оның түпкі мағынасын бұрмаламай, жаңа буынға ұсынуымыз керек. Өйткені би – бұл тәрбиенің, тарихтың, рухтың, үндестіктің көркем көрінісі», – деп атап өтті кәсіби биші.

 Би – эмоцияны жеткізетін рухани құрал

Қазіргі кезде би тек ұлттық кодтың емес, адамның ішкі эмоциясын жеткізетін терең құрал ретінде қарастырылады. Адам кейде сөзбен айта алмаған сезімін би арқылы жеткізе алады. Қайғы, сағыныш, қуаныш, үміт, тіпті, өкініш – мұның бәрі би арқылы көрерменге жетеді. Сол себепті де бүгінгі таңда биді түрлі психологиялық терапияларда қолдану белең алды. Би адамның жанын тазартып, ішкі әлемін үйлестіреді. Бұл – ғылымда дәлелдеген ақиқат. Мысалы, бидің белгілі бір ырғақпен, жүйелі қозғалыспен орындалуы адам ағзасындағы гормондардың тепе-теңдігін реттеп, күйзелісті азайтады. Биші сахнада өз сезімін шынайы жеткізген сайын, көрерменмен арада эмоциялық көпір орнайды. Бұл байланыс – таза, шынайы және әсерлі. Бидің тілі – үнсіз. Бірақ ол кез келген сөзден терең сөйлейді. Әсіресе, халықтық билер – ғасырлар бойғы ұлт тарихының үнсіз шежіресі іспеттес. Онда соғыс, бейбіт күн, еңбек, табиғат, махаббат – бәрі бар. Биші сахнада сол тарихты бір қимылмен ғана жеткізе алады. Сол себепті, би – визуалды тіл. Мәселен, шетелдік көрермен қазақ биін көргенде сөзін түсінбесе де, қимыл арқылы берілген мағына мен эмоцияны сезіне алады. Бұл бидің әмбебап көркемдік сипатын көрсетеді.

 Бүгінгі ұрпақ үшін де тәрбие құралы

Қазіргі жастар заманауи би формаларына көбірек қызығады. Олардың ішінде хип-хоп, джаз, брейк, контемпорари. Мұның бәрі – жаңа заманның лебі. Дегенмен ұлттық билерімізді ұмытпау – рухани тәуелсіздік пен сана сергектігінің белгісі.

Ұлттық биді дәріптеу арқылы біз жас ұрпаққа өзін, өз тамырын тануды үйретеміз. Өйткені би – тек дене тәрбиесі емес, ол – сана тәрбиесі. Ұлттық би үйренген жас өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай мәдениет өкілі екенін жан-тәнімен сезінеді. Бұл – ұлттың болашаққа жалғасуының кепілі. Қазіргі жастар заманауи стильдегі билерге құмар. Бірақ ұлттық би – жас ұрпақтың өз тегін тануына, рухани тұғырын түсінуіне ықпал ететін үлкен құрал. Би арқылы адам тек денесін емес, ойын, жанын тәрбиелейді.

  Айғаным Сакенқызы