Бұл кітапханаға күніне келетін оқырман саны орта есеппен 100-ден асады. Еуропалық стильде құрылған Қосшы қаласындағы Орталық кітапханаға ең бірінші ғимараттың ерекшелігіне қызығып келетіндер көп. Кітапхана қызметкерлері осылай дейді. Өйткені әлем назарына іліккен ең ірі кітапханалар желісінің құрылымына ұқсас рухани орда қазіргі елордалық жастардың ғана емес, еліміздің әр өңірінен, тіпті шекара асып келетін туристердің де бас сұғатын жеріне айналып отыр.
Зияткер оқырман мекені
308
оқылды

 Әлеуметтік желіден көріп, біз де бардық сол кітапханаға. Кітапқа үңілгендер де, ғимараттың құрылы­сы­на таңданып жүргендер де көп. Жаңа кітапхананың көркі көз тар­тады. Стилі де бөлек, кең әрі заманауи үлгіде салынған. Бізді қарсы алған кітапхана қызметкері Ұлбибі Мұстапаева, ең алдымен, сөрелерді толтырған кітаптар тура­лы айтып берді. Айтуынша, мұнда 20 мыңнан астам кітап бар, оның 6 мыңға жуығы – балалар әдебиеті. Облыстық және жергілікті бюджеттің тұрақты қаржылан­дыруы­мен оқырманның сұран­ысын­дағы кітаптар сатып алына­ды. Мұндай жұмыстарды кітап­хананың жинақтау-өңдеу бөлімінің маман­дары жүзеге асырады. Кітапхана директоры Сымбат Бауыржан­қызының айтуынша, оқырман сұранысындағы кітаптар арнайы сатып алынып отырады.

«Бізге келетін оқырманның сұранысындағы кітаптарды жур­нал­ға тіркеп отырамыз. Ол тізімді кітапханашылар жинап, кітап дүкендерімен, баспалармен бай­лан­ыс орнатады. Олардан алған кітапты нөмірлеп, кітапхана мөрі басылып, журналға тіркейді. Одан кейін кітапхана ісін автоматтан­дыру жүйесінде электронды каталог­ке енгізіледі. Мұның бар­лы­ғы – әр кітапты өңдеуден өткізу кезеңі. Өңдеуден өткен соң кітаптар кітапхананың қызмет көрсету бөліміне тапсырылады», – дейді кітапхана басшысы С.Бауыржан­қызы.

Кітапхана қызметкерінен оқыр­ман арасында көбіне қандай кітаптарға сұраныс көп екенін сұрадық. Ол орыс және қазақ тіл­деріндегі психологиялық кітап­тар көбірек өтімді екенін және бұл жанрды көбіне жасөспірімдер оқитынын айтты. Кітапханаға тір­келген тұрақты оқырмандар кітап­ты 15 күнге дейін ала алады. Ал оқушылар болса, осы жерде тап­сырмаларын орындай алады. Кітапханашы Ұлбибі Мұстапаева жыл сайын кітапхана жиырма бес мың келушіге қызмет көрсететінін айтады. Одан бөлек, заманауи кітап­ханада мәдени-рухани іс-шара­лар да жиі өтеді. Соның бірі – «Жылжымалы кітапхана» жо­ба­сы. Бүгінде бұл қызметті Қос­шы қа­ла­сының балабақшалары мен қалалық емхана пайдаланып отыр.

«Бұл жерге қызығып, келе алмай­тын қаншама мамандар бар. Солардың сұранысын қанағаттан­дыруды өз мойнымызға алдық. Яғни, келуге мүмкіндігі бола бер­мейтін Қосшы қаласының ба­ла­бақша мен емхана қызметкер­леріне барып, оларды кітап қоры­мен таныстырып, өздері ұнатқан шығармаларын апарып береміз. 15 күн сайын кітап алмасып отыра­мыз. Қазір 2 балабақша, 1 ем­ха­на­мен жұмыс істеп жатыр­мыз», – деді кітапханашы Ұлбибі Бердіқұлқызы.

Жастарды кітап оқуға баулу үшін белгілі авторлардың шығарма­ларын талдау жобалары жиі ұйым­дас­тырылады. Атап айтқанда, жуыр­да Сансызбай Сарғасқаевтың «Тәмпіш қара» повесі бойынша бай­қау өтіп, қатысушылар арнайы марапаттарға қол жеткізген. Кі­тап­х­анашы Ұлбибі Бердіқұлқызы мұндай байқаулардың мақсаты жасөспірімдерді, әсіресе оқушы­ларды адамгершілікке, мейірім, махаббатқа, досқа адал болуға бағыт­тауда жатқанын түсіндірді. 

Кез келген жастағы оқырман­ның қызығушылығын тудыратын әдеби клубтар креатив кітапхана­ның негізгі кодына айналған. Мә­селен, «Жаназық» деп аталатын әдеби клубы аясында шығарма­ларды талданып қана қоймай, автор­мен кездесудің де сәті түседі. Бүгінде 50-ге жуық оқырман – осы клуб­тың мүшесі. Жоба жетекшісі Ұлбибі Мұстапаева талқыға түсетін кітаптарды оқырманның өзі таңдайтынын айтты.

«Әдеби клубымызға оқырман өз еркімен тіркеліп, аптаның бір күнінде өздері таңдаған шығарма­ларды талдаймыз. Өйткені мұнда оқырманның талғамын жоғары қоямыз. Бұған дейін Мұхтар Ма­ғауин­нің «Бір атаның балалары», «Балуан шолақ», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», «Бейсен және болмыс» кітабын, С.Мырзабайдың «Бала­лық­тан даналыққа» отбасы хресто­матиясының кітаптарын талдадық. Бұл жоба тұрақты түрде ұйымдас­тыр­ылып, оқырманның рухани баюына зор мүмкіндік береді. Ас­тана қаласынан «Алқа», Oyorda кітап оқу клубтары да кітапхана­мызға қызығушылық танытқан бола­тын. Қазір олармен тізе қосып жұмыс істеп жатырмыз. Бұдан жастар арасында кітап оқу трендке айналып келе жатқандығын көруі­мізге болады», – деді кітапханашы.

Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген сөзі бар. Сондық­тан қай өңірде болса да кітапхана­лардың бой көтергені қоғам үшін де маңызды. Ал біз айтып отырған кітапхананың ашылғанына аз уа­қыт болса да, біршама маңызды жобалар қолға алынған. Нақтырақ айтсақ, ғылым күніне орай Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы желі­сінен ашық дәріс өтті. Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай Жарылқап Бейсенбайұлы мен Серік Негимовтің қатысуымен «Шоқан Уәлиханов мұрасы» та­қыры­бында ғылыми конференция да ұйымдастырылған.

Қала іргесіндегі Орталық кітап­хана мәдениет пен руханият­тың жан-жақты дамуына үлес қоса­тын, қоғамдық сананы жаң­ғыр­татын кеңістікке айналып отыр. «Фолиант» баспасы бұл кі­тап­ханаға түрлі мамандық негі­зін­де жазылған және аударма мен көркем шығарма кітаптарын сыйлады. Одан бөлек, белгілі ақын-жазушы­лар да кітаптарын қорға тарту етіп отырады. Осылайша, кітап қоры мен ғимараттың сән-салтанаты бір-бірімен үйлесім табуда. Оқыр­ман қарасының үзілмеуі де сон­дықтан. 

Сымбат БЕГІМБАЙ,

Ақгүл САЯТҚЫЗЫ