Атап айтқанда, университетке тиесілі 3 жатақхана, 5 ірі зертхана және 6 гектар жер жекеменшікке өткен. Қазір аталған мәселе «AMANAT» партиясының араласуымен Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің бақылауына алынған. Жуырда өткен «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезектен тыс отырысында қолды болған нысандарды университет меншігіне қайтару және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселелері талқыланды. Нысанға арнайы бақылау жүргізген партия мүшелері студенттер игілігіне тиесілі мүліктің жекеменшікке өтуі заңға қайшы әрекет екенін атап өтті.
– Осыған дейін біз комитетке екі рет жүктеме бердік. Содан бері үш ай өтті. Комитеттің азаматтары бір рет келген жоқ. Сондықтан дәл қазір мәселені шешудің ешқандай жолы қарастырылмай отыр. Меніңше, нақты шешімдер қабылдауда немесе министрлік, не прокуратура өкілдерінің тарапынан тиісті әрекеттер жүзеге асырылмай отыр. Біз мұны кішкентай ғана жердің мысалынан көріп отырмыз, – деді «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров.
Білім ордасы аумағындағы жағдай мұнымен шектелмейді. Жекеменшікке өткен ғимараттардан бөлек оқу орнында басталған кейбір нысанның құрылыс жұмысы тоқтап қалған. Университет өкілдері қараусыз жатқан бұл орындар оқытушылар мен студенттерге қауіп төндіретінін айтып дабыл қақты.
– Бұл нысандар студенттердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Тіпті, мұның салдарынан Алматы қаласының ортасында техногендік катастрофа болуы мүмкін. Сондықтан мен бүгін Қазақстан Республикасының прокурорына мәлімдеме жасап отырмын. Мұндай бассыздықты дер кезінде тоқтатуымыз тиіс, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Е. Саиров.
Бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде 7 мыңға жуық студент білім алады. Университет басшылығы келешекте бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін өсіруді көздеп отыр. Дегенмен студент саны өскенімен, оларды қажетті нысандармен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіндегі өзекті тақырыпқа айналған. Алдағы оқу жылдарында студенттердің саны артқан жағдайда оларды орналастыру мәселесі күрделене түспек. Себебі жатақхана мен оқу корпустарын салуға бос орын тапшы.
Енді нысандардың құқықтық мәртебесін нақтылау және қолданыстағы заңнама талаптарының орындалуын тексеру үшін тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданатын болады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы