Жаз – балалар үшін қуанышпен шаттыққа толы, естен кетпес әсерлерге бай мезгіл. Әсіресе, оқушылар үшін бұл кезең бір жағынан тынығу, екінші жағынан жан-жақты дамуға жол ашатын үлкен мүмкіндік.
Жұмысшы мамандыққа грант көп
259
оқылды

Түркістан облысында биыл балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру ерекше маңызға ие болып отыр. Өңірде жаз мезгілінде 41 мыңнан астам оқушы 31 жазғы сауықтыру лагерінде демалмақ. Бұл туралы Түркістан облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атап өтті. Айгүл Ерхалиқызы жиында жұмысшы мамандықтар жылына орай өңірдегі маңызды жаңалықтар туралы да айта кетті. 

Түркістанда модульді лагерь бар

Жыл сайын оқушылардың жазғы кезең­дегі ты­нығуын тиімді әрі сапалы ұйым­дас­тыру – облыс әкімдігінің, Білім басқар­ма­сы­ның жә­не аудан-қалалық жергілікті би­лік өкіл­дерінің басты назарында. Осы жы­лы алғаш рет модульдік жатын бөл­ме­лермен қамтылған ла­герьлер өз жұмысын бас­тады. Бұл бастама — өңірдегі балалар ла­герьлеріндегі орын тапшылығы мен са­ни­тарлық жағдайдың жеткіліксіздігі секілді өзек­ті мәселелерді шешуге бағытталған.

Биылғы жаз маусымында Төлеби ау­да­ны­­ның табиғаты көркем аймағындағы бес ла­­герь – «Төлеби Нұры», «Тау шыңы», «Ба­­­­­лауса», «Тау барысы» және «Балдәурен» – ал­ғаш рет модульді конструкциялармен жаб­­дықталды. Аталған лагерьлерге 52 мо­ду­льді бөлме мен санитарлық тораптар ор­­натылып, бір ауысымда 1000-нан астам ба­­ланы қабылдауға мүмкіндік жасалды.

Модульдік құрылымдар – қазіргі заман та­­ла­бына сай, тез орнатылатын, эколо­гия­лық та­за әрі тиімді инфрақұрылым. Олар ба­лаларды қыс­қа мерзім ішінде жайлы жағ­даймен қам­тамасыз етуге таптырмас ше­шім. Бұл лагерьлерде жаз бойы 10 мыңға жуық оқушы демалады деп күтілуде.

Сонымен қатар балалардың жайлы де­малысы үшін санитарлық-гигиеналық та­лап­тарға сай жуыну бөлмелері, әжетханалар мен асханалар жабдықталуда. Осы арқылы лагерьлердің инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарып, қауіпсіздік пен қолайлылық дең­гейі артты.

Аталған бастама Түркістан облысының әкі­мі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақы­лауына алынған. Аймақ басшысы жазғы сауық­тыру науқанына қатысты барлық тап­сырманың сапалы әрі уақытылы орын­далуын қадағалауды жауапты сала басшы­ла­рына тапсырды. Өңір әкімінің тапсыр­ма­сына сәйкес, жазғы маусымға дайындық ая­сында бірқатар лагерьде жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілуде. Айталық, көп жылдан бе­рі жаңғыртылмаған «Самал» жазғы сауық­тыру лагері биыл 20 жылдан соң ал­ғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Мұнда те­ре­зелер мен есіктер жаңартылып, ғимарат ішіне заманауи әжетханалар орнатылды, қабырғалар сырланып, әктеу жұмыстары жүргізілді.

Жазғы лагерьлер — бұл жай ғана тынығу алаңы емес, балалардың тұлғалық, шы­ғар­ма­шылық және рухани тұрғыда дамуына жағ­дай жасайтын маңызды орта. Осыны ес­кере отырып, облыстағы барлық лагерьде ойын-сауық, мәдени, спорттық іс-шаралар мен шығармашылық шеберлік сабақтары ұйым­дастырылады. Балаларға арналған бағ­дарлама әр күнге жоспарланып, олардың бел­сенді әрі мазмұнды уақыт өткізуі қам­тамасыз етіледі.

Айта кетейік, 1 маусым – Халықаралық ба­лаларды қорғау күніне орай облыста жаз­ғы сауықтыру маусымы ресми түрде бас­тал­ды. Бұл кезеңде барлық лагерьлер толық қуат­та жұмыс істейтін болады.

Брифингте Білім басқармасының бас­шылығы бұдан бөлек, биылғы оқу жылын Түр­кістан облысы бойынша 553 мыңнан ас­там оқушы бітіріп жатқанын, оның ішін­де 33 884 оқушы он бірінші сыныпты аяқтап жат­са, олардың 2 300-ден астамы «Алтын бел­гіге», 2 400-і  «Үздік аттестатқа» үміткер еке­нін жеткізді. 

IT университеті бой көтеріп жатыр

Брифингте  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай өңірде бірқатар ілкімді істің бар екені жеткізілді. 

«Жұмысшы мамандықтар – бұл еңбек­қорлық, кәсібилік, жаңашылдық және даму мүм­кіндігі мол сала», – деген Айгүл Ерха­ли­қызы қазір осы мақсатта облысымызда WOOSONG-TURKISTAN IT университеті бой көтеріп жатқанын баяндады.  Онда «Жа­санды интеллект және үлкен ақпараттар тал­дауы», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Әлемдік төртінші IT өнеркәсіптік ре­во­люция» және «Мультимедия және Web ди­зайн» мамандықтары бойынша  4 факуль­тетте 2 340 студент білім алмақ.  Сондай-ақ өңірдегі 1 колледж IT бағытына көшіп жа­тыр.

Сонымен бірге биыл  мамандарды даяр­лауға бөлінетін 15 мыңнан астам гранттың 9 500-ы, яғни 63,3 пайызы жұмысшы ма­ман­дықтарына бөлінбек. Аталған салаға бе­рілетін гранттар 1 000 орынға ұлғайтылып, қа­зір техникалық және кәсіптік білім беру жүйе­сін трансформациялау бағытында үл­кен жұмыстар жүргізілген. 2025 жылғы 1 қыр­күйектен бастап жан басына шаққан­дағы қаржыландыру көлемі екі есеге өспек. Бұл колледждердің материалдық-техни­ка­лық базасын жақсартуға, педагогтердің бі­ліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. 

«Биыл колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлудеміз. Оқу бағдарламасын нарық талабына сай бейімдейміз. Аталған бағытта жаңа­дан 11 жұмысшы мамандығына лицен­зия алынып, ол кезең-кезеңімен ашылады. Талдау нәтижесі эстетикалық косметология, операторлық өнер, көпірлер мен көлік тон­нельдері, радиотехника, жер асты құ­ры­лым­дарының құрылысы, қашықтықтан бас­қарылатын авиациялық жүйе, гидро­тех­никалық құрылыс, қалдықтарды қайта өң­деу салаларына сұраныс артқанын көр­сету­де. Бұдан бөлек, пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу, сүт жә­не сүт өнімдерін өндіру, стомотология, фар­мация мамандықтары қосылды», – де­ген Білім басқармасының басшылығы, ал­дағы оқу жылының да жоспарларымен бө­лісті. 

Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы