Бүгінде еліміз цифрлық дәуірге қарышты қадам жасауда. Іс-құжаттардан бастап, қауіпсіздік саласына дейін цифрланып жатыр. Жаһандық жаңғыру көшінен жамбылдықтар да шет қалмауда. Әулиеаталықтар, тіпті электромобильдік таксимен қатынауға мүмкіндік алып отыр.
Жаңа жобаны «ЮгайЮгТакси» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырды. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында күні кеше облыс орталығына 20 электромобиль жеткізілді. Алдағы уақытта олардың саны 100-ге дейін артады деген жоспар бар.
Экологиялық таза көліктерді салтанатты қарсы алу шарасына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, бұл бастама экономикаға оң әсер етіп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға да қосар үлесі орасан екенін баса айтты.
– Электромобильді такси паркінің ашылуы – тек көлік саласындағы жаңалық қана емес, экономика мен экологияға тың серпін беретін озық қадам. Электромобильдер – заманауи технологияға негізделген, экологиялық жағынан таза, энергияны үнемдейтін көлік түрі. Бұл бастама ауа сапасын жақсартуға, көмірқышқыл газының таралуын азайтуға сеп болады. Сонымен қатар қалалық көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге де мүмкіндік туғызады. Экономикалық тұрғыдан алғанда бұл жоба – инвестиция тартудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың, сонымен қатар инновациялық технологияларды енгізудің нақты үлгісі. Жергілікті кадрларды даярлау, қызмет көрсету сапасын арттыру, сервистік инфрақұрылымды дамыту арқылы біз шаһардың әлеуметтік әлеуетін де арттырамыз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Аталған көліктер бір қуатталғанда шамамен 500 шақырымға дейін жүре алады. Қазір шаһар аумағына арнайы қуаттау стансаларын орнату үшін жер телімдері қарастырылып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қолдау көрсетілмек. Ал электромобильді таксимен қатынау құны нақтыланбаған. Бағасы электро такси қызметі «Яндекс такси» бағдарламасына енгізілгеннен кейін белгілі болады.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы