Ақтөбе облысына қарасты Мұғалжар аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын алаяқтық фактісі бойынша арызданған. Тексеру нәтижесінде 2024 жылдың соңында өзін блогер ретінде таныстырған 35 жастағы жергілікті тұрғын төрт азаматты алдап, ақшасын иемденіп кеткен, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Күдікті жәбірленушілердің біріне — балабақшаға жұмысқа орналастыруды, екіншісіне — жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдесуді, сондай-ақ тендерді жеңіп беруді уәде еткен. Төрт жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 10 миллион теңгеден асты.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тәртіп сақшылары осы азаматтың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен басқа да тұлғалардан Мұғалжар аудандық полиция бөліміне хабарласуды сұрайды.