Министрлік Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізілетінін ескертті. Алайда шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе заң бойынша келу талабын уақытылы орындамауы сияқты қиындықтар туындайды.
Бұл көбіне азаматтардың тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмауы немесе жаңа мекенжайға тіркелмеуіне байланысты.
"Егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Рейдтер кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді, бұл олардың мәжбүрлі түрде жеткізілуіне себеп болады. Шақыру пункттерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылу негіздері бар-жоғы анықталады. Егер негіздер болмаса – азамат үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы шақыру шараларынан өтеді", - делінген министрлік хабарламасында.
Мерзімді әскери қызметтен жалтарғандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
"Осыған байланысты, азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға және жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз", - делінген Қорғаныс министрлігінің ресми Telegram каналында.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.