Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында орналасқан Varro Operating Group ЖШС-ның «Толқын» кен орнындағы №57 ұңғымасында авариялық жағдай болды, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты. Бұл туралы өңірлік ТЖД жариялады.
Олардың дерегіне сұйенсек, ұңғымадан газ-су қоспасының өртсіз шығуы тіркелген. Зардап шеккендер жоқ. Қазір ұңғыманың трубалық кеңістігінен газ-су қоспасының шығуы жалғасып жатыр. Апат салдарын жою үшін оқиға орнына Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 10 техникасы, 32 қызметкері және 1 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.
Сонымен қатар «Ақберен» ЖШС, «Оңтүстік мұнай сервис» ЖШС, Nobilis Corp ЖШС, Varro Operating Group ЖШС-ның күштері мен құралдары тартылды. Қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, барлық қажетті шаралар қабылдануда. Ахуалдың даму барысы туралы қосымша ақпарат беріледі.