Шерзат Полат ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай Instagram парақшасында қазақстандықтарға үндеу жолдады, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
Прокурордың айтуынша, әлеуметтік желілерде өзінің атын, қызметін және фотосуреттерін заңсыз пайдаланып, жалған аккаунттар ашылып жатыр.
“Осыған байланысты бейнеүндеу жасауды қажет деп санаймын. Менің Instagram әлеуметтік желідегі жалғыз аккаунтым – @s.d.n__. Парақша тек отбасым мен жақындарыммен байланыс орнату үшін ғана құрылған. Бұл парақшада ешқандай ресми жарияланым, пікір немесе кәсіби сипаттағы ақпарат жарияланбайды. Менің атымнан ашылған басқа барлық парақшалар – жалған”, – дейді прокурор.
Дана Сәрсенбай өзінің атынан ашылған жалған парақшаларда түрлі блогерлерге жазылуға шақырулар, жалған сауалнамалар мен сілтемелер, сыйлықтар мен ұтыс ойындары, қылмыстық іске қатысы бардай көрсетілген жалған мәліметтер таратылып жатқанын мәлімдеді.
Прокурор азаматтарды сақ болуға, жалған ақпаратқа сенбеуге және таратпауға шақырды.