Қазіргі таңда Гарвардта жеті қазақстандық азамат білім алып жатыр.
Еліміздің студенттері Гарвардтағы оқуын жалғастырады
www.istockphoto.com
284
оқылды

АҚШ-тың федералдық соты Гарвард университетінің шетелдік студенттерін жаппай елден шығару және жаңа оқу визаларын беруге тыйым салу туралы шешімнің күшін 20 маусымға дейін жойды, деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Bloomberg-ке сілтеме жасап.

Сот Дональд Трамптың шетелдік студенттер мен зерттеушілердің Гарвард университетіне оқу мақсатында кіруіне тыйым салатын жарлығын уақытша тоқтатты. Бұл – АҚШ президентінің көші-қон саясатына қарсы алғашқы маңызды заңды соққы болды. Қазір жарлықтың күші 20 маусымға дейін тоқтатылған.

Университет Трамп әкімшілігіне қарсы шағым аясын кеңейтіп, бұл шешім «тікелей және орны толмас зиянға» әкелуі мүмкін деп мәлімдеді. Келесі тыңдау 16 маусымға белгіленген.

Трамп 5 маусымда қол қойған жарлық Мемлекеттік департаментке Гарвардпен байланысы бар шетелдік студенттер мен зерттеушілерге елге кіруге тыйым салуды міндеттеген. Құжат алты айлық мораторий енгізіп, АҚШ-та жүрген студенттердің визаларын қайтарып алуды көздеген. Жоғарыда аталған шешім бойынша тек «ел мүддесі үшін» қалуға рұқсат етілген жағдайда ғана олар елде қалатын болған.

Гарвард президенті Алан Гарбер бұған жауап ретінде университет студенттерді қорғау бойынша жоспар дайындап жатқанын айтты.

«Біз халықаралық студенттер мен зерттеушілердің осы жазда және алдағы оқу жылында Гарвард академиялық қауымдастығының бір бөлігі болып қалуы үшін барымызды салып жатырмыз», – деді ол. 

Университет Трамптың әрекетін «саяси кек алу» деп бағалап отыр. Гарвард барлық заңмен талап етілген мәліметтерді ұсынғанын айтып, тәртіптік шаралар мен кампустағы «зорлық қылмыстарының өскені» туралы айыптаулардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.