Оқиға 5 маусым күні болған. Құлсарыда жоғалып кеткен 7 жастағы жасөспірім қыздың мәйіті 6 маусымға қараған түні Құрсай өзенінен табылды. Бұл туралы Atyrau Online порталына сілтеме жасап, Аikyn.kz сайты хабарлайды.
Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, сот-медициналық сараптама да тағайындалды.
“Бейнебақылау камерасына қыздың Кұрсай өзенінің жағасында белгісіз ер адаммен кетіп бара жатқан сәті түсіп қалған. Полиция күдіктінің жеке басын анықтады. Құқық қорғау органдары бұл ер адамды таныған немесе қандай да бір мәліметі бар азаматтарды дереу хабарласуға шақырды”, – делінген хабарламада.
Әлеуметтік желілерде Құлсары тұрғынына іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Алайда бұл деректің бала өлімімен нақты байланысы әзірге анықталған жоқ. Полиция департаменті расталмаған ақпарат пен қауесетті таратпауға шақырды.
Қыздың өліміне қатысы бар деген күдікпен қаланың 36 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Полиция департаменті басшысының бақылауында.