Биыл қалалық чемпионат аясында мүмкіндігі шектеулі білім алушылар арасында да кәсіби шеберлік бойынша Abilympics, есту қабілеті бұзылған білім алушылар арасында Deafskills және мектеп оқушылары арасында Jasskills чемпионаттары өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялай отырып: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!» – деген болатын.
Президент тапсырмасына сәйкес, байқау «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында еңбек адамын дәріптеу, адал еңбекті насихаттау бағытында ұйымдастырылды. Білім додасында сайысқа түскен қатысушылар 50 кәсіби құзыреттілік бойынша 250 сарапшы мамандардың сынынан өтті. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деп танылған үздіктерді марапаттау салтанатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Берікұлы жеңімпаздарды құттықтап, WorldSkills жобасының мақсат-міндеттері туралы айтты.
– Адам қолымен жасалатын іс – күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігі. Көбіне үйреншікті жағдай секілді көріп мән бермей жатамыз. Алайда дәл осы қарапайым жұмыстар өміріміздің жайлылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр. Электр жарығы, жылы су, құрылыс, жөндеу жұмыстары және таза кеңсе – осының барлығы жұмысшы мамандық иелерінің адал еңбегі. Бұл – біздің өміріміздің әр сәтімен күнделікті байланысатын тірек. Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық өсуі мен халықтың әл-ауқаты білікті жұмысшыларға тікелей байланысты екенін атап өтті. Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы да бекер емес. Қоғамды ұстап тұрған дәрігер де, мұғалім де, құрылысшы да – нағыз еңбек адамдары. WorldSkills – осы құндылықтарды дәріптейтін бірегей алаң. Бүгінгі шараға жиналғандар – болашақтың шебер мамандары. Бүгінгі талпыныстарыңыз – ертеңгі табыстың кепілі. Қандай салада жүрсеңіздер де адал еңбекпен елге үлгі бола біліңіз- дер, – деді Есет Берікұлы.
WorldSkills жобасы колледж түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруда және олардың жұмыспен қамтылуында, мектеп оқушыларының сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды таңдауына бағытталған кәсіби бағдарлануында үлкен рөл атқарады. Әлеуметтік серіктестермен және жұмыс берушілермен іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар колледждер базасында әлеуметтік серіктестермен бірлесіп экскурсиялар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қатысушылар заманауи оқу және кәсіптік даярлық жағдайларымен жақын танысу мүмкіндігіне ие болады.
Астана қаласы Білім басқармасы Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Хонның айтуынша, WorldSkills қалалық байқауы осымен оныншы рет ұйымдастырылып отыр.
– Бұл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтіп жатқандықтан осы жұмысшы мамандықтарды әрі қарай дәріптеу, балалардың қызығушылығын арттыру. Бүгінгі жабылуына колледж студенттерімен қатар, оқушыларды да шақырдық. Осындай чемпионат өтетінін көрсін деп шақырып отырмыз, – деді ол.
Осы орайда WorldSkills Astana-2025 кәсіби шеберлік чемпионаты аясында елордалық колледждердің 15 алаңында 15 күн бойы студенттер түрлі жобаларымен сынға түсті. Бәйге барысында электрмен қамтамасыз етуден бөлек, кірпіш қалау, дәнекерлеу, графикалық дизайн және аспаздық пен кондитерлік іс секілді мамандық иелері өзара бақ сынасты. Сайыс барысында кәсіби білім беруді дамытуға, жұмысшы мамандықтарды насихаттауға және кадрларды даярлау жүйесіне инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралардың бірі – «100 бейінді сынып» жобасы аясында өткен мектеп оқушыларының слеті болса, CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025 республикалық чемпионаты еліміздің үздік кондитерлерін жинаған ауқымды жиынға айналды. Жоба аясында өткен кез келген іс-шара еңбек адамы мен адал еңбектің қадірін дәріптеуге, насихаттауға басымдық берді.
Астанадағы Құрылыс-техникалық колледжінің студенті Аллажар Хамитов командасымен бірге байқаудың алтын медалін жеңіп алды. Электрмен қамтамасыз ету мамандығында білім алып жатқан жастың жобасы сарапшылардың таңдауына ие болды.
– Біздің істеген жұмысымыз шлагбаум жайлы болды. Машина кіріп-шыққан кезде бағдарлама түймесі арқылы машина кіреді және кірген кезде өзінің сигналын береді. Сол кезде есік бағдарлама арқылы жабылады. Қазір бізде бәрі пультпен басқарылады ғой. Бір кнопка арқылы шлагбаум өзі жабылып, ашылып, істей береді, – деді Құрылыс техникалық колледжінің студенті Аллажар Хамитов.
Қалалық білім бәсекесінде 50 кәсіби бағыт бойынша көшбасшылар анықталды. Жеңімпаздардың барлығы күзде Астанада өтетін республикалық кезеңге қатысып, елорданың намысын қорғайды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ