Кешті Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ ұйымдастырды. Алқалы жиын мақсаты – Ербол Шаймерденовтің мол мұрасын насихаттау, мемлекеттік рәміздерге деген терең танымды арттыру. Конференцияға депутаттар, қоғам қайраткерлері, тарихшылар мен жазушылар, сонымен қоса мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Жиында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хаты оқылды.
«Ербол Шаймерденов саналы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына, мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтауға арнаған тағылымы зор тұлға, біртуар азамат еді. Ол Елтаңба, Ту мемлекеттік рәміз ретінде қабылданып жатқан кезде комиссия мүшесі болып, кейін рәміздерді зерделеп-зерттеп, саланың дамуына зор үлес қосты», – делінген құттықтау хатта.
Іс-шарада Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп пен Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов тарихи тұлғаның қазақ руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін атап өтті.
Қатысушылар мемлекеттік рәміздер күнінің мәні мен маңызына тоқталып, тұңғыш рәмізтанушы жайлы естеліктерін айтты. Жиын барысында мемлекет және қоғам қайраткерінің мұрағаттағы бейнефильмі көрсетіліп, ұлттық нышандар туралы өлеңдері оқылды. Кеш соңында Ербол Шаймерденовтің жұбайы, ұстаз Күләш Шаймерденова жиынға қатысушыларға алғыс білдірді.
А.АЙДАР