Астанадағы жалпы білім беретін мектептер мен қосымша білім беру ұйымындағы 10 мыңнан астам бала бір мезетте Әнұранды шырқап, рухты көтерді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – отансүйгіш жас ұрпақ тәрбиелеп, оларды мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға үйрету.
Рәміздер күніне орай Алматы ауданы әкімінің аппараты «Алтын домбыра» өнер мектебінің негізін қалаушы Ибрагим Ескендірмен бірлесіп, 100 оқушының қатысуымен салтанатты флешмоб ұйымдастырды.
Жас өнерпаздар «Көк Тудың желбірегені» мен «Отан қымбат» әндерін бірыңғай хормен орындап, «Ерке сылқым», «Балбырауын» күйлерін тартты.
Сондай-ақ қаладағы №3 балалар музыка мектебінде флешмоб өтіп, 40-қа жуық оқушы патриоттық ән орындап, би биледі. Ұлт құндылығын дәріптеуге үйрететін іс-шара көпке ұнады. Мектеп ұжымы игі бастаманы дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
Айбике Жанасыл