Форум жұмысына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінен жетекші аналитикалық орталықтардың, мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми мекемелер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қытай мен Орталық Азия елдерінің «ақыл-ой орталықтары» форумдары 2021 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл сарапшылық қауымдастықтың саяси деңгейде шешімдер қабылдауға ықпал етудегі өсіп келе жатқан рөлін көрсетеді.
Биылғы форумның күн тәртібінде Орталық Азия мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылдың стратегиялық архитектурасын қалыптастыру, транзиттік дәліздерді дамыту, сондай-ақ цифрландыру, жасанды интеллект және инновациялық экожүйелерді құру салаларындағы технологиялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин көпжақты диалогты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ таяу арада Астанада өтетін «Қытай – Орталық Азия» саммитінің екінші отырысы осының бір дәлелі екенін атап өтті. Ерлан Қарин Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың күшейе түскеніне назар аударды. Ол елімізде жүзеге асырылған реформаларға және даму жолындағы басым бағыттарға тоқталды.
ҚҚҒА Президенті Гао Сян форум қатысушыларына бейнеүндеуінде Қытай мен Орталық Азия аналитикалық орталықтарының форумы екіжақты механизм аясында құрылғанын және оның гуманитарлық байланыстарды нығайтуда, қоғамдық диалог орнатуда және прагматикалық ынтымақтастықты ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Қытайлық спикер қауіпсіздік, технологиялық және өнеркәсіптік даму, гуманитарлық алмасу салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Болашақта біз білім беру, туризм, БАҚ, аналитикалық орталықтар, жастар мен мәдени қауымдастықтар, археология және спорт салаларында өзара әрекеттесу әлеуетін аша түсуіміз керек. Үкіметтер, бизнес, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар қатысатын көпдеңгейлі ынтымақтастық алаңдарын құруымыз қажет», – деп атап өтті Гао Сян.
Форумға қатысушылар Қытай мен Орталық Азия арасындағы серіктестіктің жаңа деңгейге аяқ басуда – институционализацияға, қауіпсіздік мәселелеріне, технологиялық, көлік-логистикалық ынтымақтастыққа, сондай-ақ адами капиталды дамытуға ерекше назар аударды.