Сенаттың YouTube арнасында Taldau Talks подкасының жаңа шығарылымы жарияланды. Кезекті шығарылым Қазақстанда цифрландыру және жасанды интелектті дамыту тақырыбына арналды. Сұхбат барысында қол жеткізілген нәтижелермен бірге data-орталықтарды дамыту, цифрлық теңсіздікті жою, IT кадрлар даярлау және заманауи АI технологияларды енгізу сияқты жаңа міндеттер де сөз болды.
Жасанды интеллект – мүмкіндіктер мекені
222
оқылды

Талқылауға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастамашы болды. Подкастқа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, inDrive компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова қа­тысты.

Палата Спикері атап өткендей, цифрландыру жаңа технологияларды енгізуді ғана емес, өмірдің барлық саласын жүйелі түрде өзгертуді көздейді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақ­станды жасанды интеллект кеңі­нен қолданылатын және цифрлық технологиялардың дамуына жағдай жасалған Еуразияның цифрлық хабына айналдыруды міндет етіп жүктеді. 

Бұл – биік, дегенмен қол жеткізуге болатын нақты мақсат. Оны іске асыру үшін кәсіби ка­др­ларға, заманауи инфра­құ­рылымға және тиімді жасанды интеллект шешімдеріне сүйене отырып, толыққанды цифрлық экожүйе қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана қазіргі жаңа технологиялар заманында өзіміздің лайықты орнымызды ала аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Подкаст барысында KazLLM ұлттық тіл моделін құруға, Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосу­ға, елімізде data-орталықтар желі­­сін дамытуға және Қазақ­стан­ға аймақтағы ең қуатты су­пер­компью­терлердің бірінің жеткізілуіне қатысты мәселелер де талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар цифрлық егемендік мәселелеріне, атап айтқанда, технологиялық тәуел­сіздіктен бастап, отандық ЖИ өнімдерін жаһандық нарыққа экспорттауға дейінгі жұмыстарға назар аударды.

«Қазір әлем ауқымды өзгерістердің табалдырығында тұр. Біз осы үдерістен тыс қалмауымыз керек. Жасанды интеллект үлкен мүмкіндіктермен бірге айтарлықтай сын-қатерлер де туғызатыны белгілі. Сондықтан бұл саланың дамуын адамдардың, елдердің және бүкіл адамзаттың игілігіне бағыттау – бәрі­міз­дің ортақ міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Taldau Talks – ашық диалог алаңы. Онда ел дамуына қатысты маңызды мә­селелер және Мемлекет басшы­сы жүктеген міндеттерді іске асыру жолдары талқыланады.

Подкастың толық нұсқасын мына сілтемесі арқылы көруге болады: https://youtu.be/D-ZxbIUNq4g