Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.
Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары
2,172
оқылды

– Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің кие­­­лі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің бел­гісі. Қастерлі нышандарымыз Қа­зақ­стан­ның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің ру­хы асқақ болады. Сондықтан біз осы мей­рамға орай жыл сайын көк Туымызды биік­ке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы ама­нат­қа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бү­гінде көк байрағымыз қастерлі Ота­ны­мыз – Қазақстанның бейбіт аспанында жел­біреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа та­быс­­тау – қасиетті борыш, – деді Пре­зи­дент.

Мемлекет басшысының айтуынша, қа­зір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойын­дайды. Байрағымыз Біріккен Ұлт­тар Ұйымының төрінде тұр. Оны аль­пи­нис­теріміз жер шарындағы ең биік шың­дарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәр­те жеңіс тұғырына шығарды.

– Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік мис­сиясын көк байрақтың астында тұң­ғыш рет дербес орындап келді. Аза­мат­та­­рымыздың, мемлекетіміздің осындай же­тістіктері Қазақстанның қуатты әрі жа­сампаз ел екенін көрсетеді. Мем­ле­кет­тік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаң­ба­мыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр аза­­маттың жүрегінен ерекше орын ала­ды.

Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бі­ті­­мінің айнасы, жарқын болашағымыз-дың ке­пілі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл мемлекеттілігіміздің бе­рік тірегі – Ата Заңымыздың қабыл­дан­ғанына 30 жыл толатынын еске сал­ды.

– Негізгі заң біздің қоғам арқа сүйей­тін басты қағидаттардан тұрады. Конс­ти­туция арқылы заң мен тәртіптің үстем­ді­гін қамтамасыз етіп, ауқымды өзге­ріс­тер­ді кезең-кезеңімен қолға алып жа­тыр­мыз. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әр­қайсысымыз үлес қосып келеміз. Бізді көк паспортымыз, реформалардың жа­сам­­паз қуатына деген ортақ мақсат пен мыз­ғымас сенім біріктіреді. Қазақта «Туы бір­дің – түбі бір, жолы бірдің – жүгі бір» де­ген сөз бар. Еліміздегі түрлі этнос өкіл­дері көк байрақтың астында тұтасып, та­ту-тәтті өмір сүріп жатыр. Біздің мүд­де­міз де, жолымыз да, мұратымыз да – ор­тақ. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қа­зақстанды құру. Осы береке-бір­лі­гіміз­ді сақтап, нығайта берсек, кез келген биікті бағындырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін Президент оқуын үздік бі­тірген курсанттарға ту түбінде шен тап­сыру жақсы дәстүрге айналғанын айта ке­ліп, жас сарбаздарға сөз арнады.

– Көк байрақ жауынгерлерге ай­рық­ша күш-жігер береді, отаншылдық рухын кө­тереді. Осындай сәттерде әр азамат ту­ған елге қызмет ету перзенттік парызы еке­нін терең ұғынады. «Тұлпар мініп, ту ал­ған» жаужүрек батырлардың ұрпағы еке­нін сезінеді. Отан күзетінде тұрған ұлан­дарымызды баһадүр бабалардың бү­гінгі ізбасары деуге болады. Қастерлі Туы­­­­мызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін!

Байрағымыз биікте желбіресін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Мем­лекет басшысы.

Салтанатты рәсімде Қорғаныс ми­нистр­лігіне, Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тіне, Ішкі істер министрлігіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты оқу орындарының 14 үздік түлегі Қазақстан Республикасы Президентінің – Қарулы Күш­терінің Жоғарғы Бас Қолбас­шы­сы­ның қолынан офицерлік шен алды.

Іс-шара соңында Мемлекеттік күзет қыз­метінің, Қорғаныс және Ішкі істер ми­нистрліктерінің Құрмет қарауылы ро­талары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.

Ту көтеру рәсіміне мемлекеттік орган­дар­дың басшылары, Парламент депу­тат­тары, Ұлттық құрылтай мүшелері, «Ха­лық қаһарманы» және «Қазақстанның Ең­бек Ері» атағының иегерлері, жоғары әс­кери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыстары қатысты.