Маңғыстау облысына қарасты Мұнайлы ауданының тұрғыны бала туу жоспарын асыра орындап, он екінші баласын дүниеге әкелді, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Нәресте 29 мамыр күні таңғы сағат 07:40-та облыстық "Ана мен бала" орталығында дүниеге келді. Жынысы – қыз, салмағы – 3 900 грамм, бойы – 53 см.
Көпбалалы ананың айтуынша, бұл – оның он екінші баласы. 35 жастағы Ақмоншақ Жақсылықованың алғашқы үшеуі – қыз, одан кейінгісі – екі ұл. Содан кейінгі қыздар екен.
Дәрігерлердің айтуынша, келіншектің толғағы жеңіл өткен. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы, екеуі де үйіне шығарылды.
"Демография тұрғыдан қарасақ, маңғыстаулық тұрғын халық санының көбеюіне үлесін қосып жатыр. Алайда дәрігер ретінде айтарым, әйел ағзасы қалпына келуі керек. Бала көтеріп, оны босану үшін әйелден көп күш қажет. Сондықтан жүктіліктің арасын кем дегенде екі жыл үзіліс жасағаны дұрыс. Осы аралықта ағза қалпына келеді", – деді перинаталдық орталық басшысы Жапырақ Епенова.
Айтар болсақ, келіншек балаларын 2011, 2012, 2013, 2014, 2016, 2017, 2019, 2020, 2021, 2022, 2024 және 2025 жылы босанған. Балаларының дені сау.