Алматы жәрмеңкелерінде 1 000-нан астам азық-түлік тауары ұсынылады. Олар дүкен сөрелеріндегі бағадан 20-30 пайызға арзан болады, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
Алматы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы азық-түлікпен қамтамасыз ету және Сауда департаментінің бас менеджері Нұрлан Әуесбаевтың айтуынша, жыл басынан бері, яғни қаңтар айынан майыр айына дейінгі аралықта Алматы қаласында 40-тан астам жәрмеңке өткен. Міне, сол жәрмеңкелерде 10 мың тонна азық-түлік сатылған. Ал сатып алушының саны 600 мыңнан асқан.
– Жәрмеңкені өткізудегі мақсат – азық-түлік бағасын 20-30 пайызға арзан сату. Екіншіден, Үкімет бекітіп берген қоғамға маңызы бар тамақ өнімдерін халыққа қолжетімді ету. Соның ішінде қатты сұраныста – ет пен сүт өнімдері, көкөністер. Оның үстіне, сенбі мен жексенбі күндері ауыл шаруашылығының кәсіпкерлері өз өнімдерін жәрмеңкеге тікелей әкеліп сатудың арқасында 15-20 пайызға бағаны төмендетіп отыр. Бұл дегеніміз – ірі мегаполисте азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөнінде шаралардың бірі.
Сонымен қатар әр сенбі-жексенбі сайын біз ветеринарлық мамандармен бірге таңғы 5-тен адам денсаулығына қауіп келтіреді деген ет, балық, сүт секілді өнімдерді қарап, тексергеннен кейін ғана сатуға рұқсат беріледі. Егер онда мерзімі өтіп кеткен тауар болса, сатылымға шығарылмайды. Бекітілген бағадан көтерілмеуін, өнімнің бұзылмауын бәрін қадағалап, бақылауда ұстаймыз, – дейді Алматы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы азық-түлікпен қамтамасыз ету және Сауда департаментінің бас менеджері Нұрлан Әуесбаев.
Оның айтуынша, әр айдың басында немесе аяғында Кәсіпкерлік басқарма қоғамға маңызы бар тамақ өнімдердің бағасын бекітіп береді.
– Бүгінде әр аптанің сенбі мен жексенбі күндері Алматы қаласының төрт ауданында жәрмеңке өтуде. Осыдан 2-3 апта бұрын жәрмеңке өткізуге бесінші аудан да қосылды. Атап айтсақ, Алмалы ауданы, Бостандық ауданы, Әуезов ауданы, Медеу ауданы және Алатау ауданы, – деді ол.
Нұрлан Әуесбаев жәрмеңкеге кез келген кәсіпкер өзінің өнімін ұсына алатынын айтты.
– Алматы қаласы бойынша Кәсіпкерлік сайт бар. Соған кіріп, әр кәсіпкер өзін тіркеуі керек. Осыдан кейін біз олардың жеке шаруашылығы бар ма, жоқ па, өнімділігі қанша екені тексеріледі. Содан соң комиссия жәрмеңкеге кімді алады, кімді алмайтынын шешеді. Бізде қазір 321 кәсіпкерлік бар, – дейді Алматы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы азық-түлікпен қамтамасыз ету және Сауда департаментінің бас менеджері Нұрлан Әуесбаев.
Әкімдіктің мәліметінше, Алматыда апта сайын өтіп жатқан жәрмеңкелерге 50 мыңға жуық тұрғын мен қала қонақтары қатысса, сөрелерде 1 000-нан астам азық-түлік тауары ұсынылған.