Бүгінде электр көлігін міну жаһандық үрдіске айналды. Былтыр әлемде токпен жүретін 15 млн темір тұлпар сатылған. Сұранысқа сай көлік өндірісі де қарқын алды, – деп хабарлайды 24kz.
Әлем электромобильге көшіп жатыр: Норвегия мен Қытай көш бастап тұр
846
оқылды

Қазір Еуропада токпен жүретін көлікке жаппай ауысқан елдер бар. Араб елдері де шет қалып жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылымдық қолдау көрсетіп, нарықтың дами түсуіне ықпал етіп жатыр. Норвегия жолдарын электр-кар мен сутегімен жүретін көлік жаулап алды. Скандинавия елінде сатылған 10 темір тұлпардың тоғызы – электромобиль. Яғни, көліктің бұл түріне сұраныс жоғары. Өйткені электр-карларға мүлде салық салынбайды. Бұдан бөлек, тұрақ пен ақылы жол тегін. Автобусқа арналған жолақты пайдалануға да рұқсат. Сондай-ақ Норвегияда электр тапшылығы жоқ. Яғни, тұрғындар электр-карды үйінде қуаттай береді. 

Қытайда сатылған әр екінші көлік тоқпен жүреді

Электр-кар жасап шығаруда Қытай көш бастап тұр. Бұл елдің өндіріс қарқыны көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Әлем нарығының 60 пайызын Қытай электр көліктері құрайды. Электромобильдер саудасы жанармаймен жүретін көлікке қарағанда қарқынды. Былтыр елде сатылған әр екінші көлік – электромобиль. Бұған әлемде сұраныстың артуы себеп. Зауыттар қазір тек алдын ала тапсырыспен жұмыс істейді. Сондай-ақ шығыстағы көршіміз токпен жүретін көлікті жылдам қуаттау желісін құрмақ. Жоспарға сай 420 қалада 20 мыңнан астам қуаттағыш станса іске қосылады. 

БАӘ халқының 82 пайыз электрлі көлікке көшуге ниетті

Біріккен Араб Әмірліктері халқының 82 пайызы электрлі көлікке көшуге ниетті. Сондықтан елде биыл 100 қуаттағыш станса салынады. Ал  2030 жылға дейін оның саны 1 мыңға жеткізілмек. Осы арқылы алдағы 5 жылда көмірқышқыл газы шығарындыларын 100 мың тоннаға дейін азайту көзделген. Билік өкілдерінің сөзінше, бұл 2 млн ағаш еккенмен тең. Алдағы уақытта электрлі көліктерді қуаттау стансаларының қызметін пайдалану тегін болады. 

Сауд Арабиясы 5 жылда электр көліктердің үлесін 30 пайыз жеткізбек   

Сауд Арабиясы электромобиль саласын дамытуы үшін әлі көп жұмыс істеуі керек. Айталық, бүгінде ел аумағында небәрі 101 қуаттау бекеті бар. Бұл көрші Біріккен Араб Әмірліктерінен екі жарым есе аз. Десе де, билік электромобильдер үлесін 5 жылда 30 пайызға жеткізуді қалайды. Саланы дамытуға 39 млрд доллар бөлінген. Себебі ел үкіметі мұнайдан басқа салаларды дамытудың маңыздылығын түсінеді. Сондықтан осы нарыққа ден қойып, электромобильдер үлесін арттырмақ. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.