Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдайды
145
оқылды

Алдағы отырыста депутаттарға Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы төрағасының «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне аудит жүргізу» тақырыбындағы есебін тыңдау ұсынылады.  

Сонымен қатар депутаттар 2004 жылғы 22 жел­тоқсан­дағы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өз­герістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарайтын болады. Түзетулер ұшу сынақтарының басталу мерзімін 2023 жылдан 2025 жылға ауыстыруды, сондай-ақ 2028 жылдан 2039 жылға дейін «Бәйтерек» кешенінен ұшырулар санын жылына екі реттен үш ретке дейін арттыруды және басқа да бірқатар түзетуді қарастырады.

Екінші оқылымда орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарау жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ жалпы отырыс барысында бейінді комитеттер жаңа заң жобаларын жұмысқа алатын болады.