Маңызды жиынның пленарлық отырысында Ұлттық құрылтайдың бірқатар мүшесі сөз алып, баяндама жасады. Сонда ішкі саясат пен идеология тақырыбында сөз қозғалып, осы саладағы бірнеше мәселе бойынша ұсыныстар ортаға салынды. Оның біріншісі – идеологияның орнықпау себептерін айқындау мен одан арылу. Одан бөлек, татулық, ынтымақ, бірлік тақырыптары айтылды.
Жуырда Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік бастауы – берекелі Түркістан» тақырыбында XXVIІ сессиясы өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚХА Кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, аудан, қала әкімдері, Түркістан облыстық ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері және жастар ұйымдары қатысты. Сессия отырысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев модераторлық етіп, сессия жұмысы іргелі істерді одан әрі қарай дамыту бағытында ой бөлісіп, пікір алмасатын ашық алаң екенін жеткізді. Тәуелсіз еліміздің тұтастығын, бейбітшілігін және тұрақтылығын сақтауда Ассамблея ерекше рөл атқаратынын, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің атқарып жатқан жұмыстарының ауқымы да кең екенін атап өтті.
Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайтуды мақсат еткен жиында сөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров этнос өкілдерінің аймақты дамытуда атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, сессия жұмысына сәттілік тіледі. Ассамблеяның 30 жылдығы – егемен еліміздің тарихындағы айтулы оқиға екені, аталған институт этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында тиімді саясат жүргізе алатын ұйым ретінде танылып отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблеяның ХХХІV (34) сессиясында айтқан маңызды ойларымен бөлісті. Ел бірлігі мен ынтымағы Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етіп отырғанын, Мемлекет басшысының этномедиация институтын дамытуға ерекше мән бергенін атап өтті.
«Соңғы жылдары Түркістан облысында медиация саласы айтарлықтай көрсеткіштерге жеткенін айта кеткен жөн. Былтыр Ассамблея сессиясында Президентіміз облысымыздағы этномедиацияға қатысты жұмыстарға оң баға берді. Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өңірімізде 2 мыңнан аса ұлттық, мәдени, спорттық іс-шаралар өткізілуде. Ассамблея жастары да азаматтық жауапкершілікті дамытуға арналған бірқатар бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пайдалануға берілген «Достық үйінде» отырмыз. Бұл ғимарат тек этномәдени бірлестіктер бас қосатын орын ғана болып қалмауы керек. Ол сондай-ақ бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталық болуға тиіс. Түркістан қаласының туристік әлеуетін ескеріп, қала әкімдігі мен жауапты басқармалар осы бағытта қажетті жұмыстарды жүргізуі қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы осындай «Достық үйлерін» еліміздегі бірнеше қала мен аудандарда ашуды тапсырды. Оның ішінде өзіміздің Сайрам ауданы да бар. Облысымыздағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған Сарыағаш ауданынан да «Достық үйін» ашу керек деп санаймын. Түркістан облысында этносаралық келісім тұрақты дамып, барлық азаматтардың мүдделері тең дәрежеде қорғалады. Сіздермен бірге еліміздің өркендеуіне, бірлігі мен ынтымағына үлес қосу – үлкен мәртебе», – деді аймақ басшысы.
Алқалы басқосуда Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Раимжан Қошқаров, Түркістан облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Зикирулла Юсупов, Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігі Жетісай аудандық филиалының төрағасы Халим Тұрсынов, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек облыс көлемінде жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жалпы ахуал, медиацияның дамуы жайында мазмұнды баяндама жасады.
Айта кетейік, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Атап айқанда, облыста «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобалары сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері 631 іс-шара мен 49 қайырымдылық акциясы өткізіліп, 39 мыңға жуық адам қамтылды. Сонымен қатар 168 ақпараттық-насихаттық кездесу өткізіліп, оған 9000-ға жуық тұрғын қатысты.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы