Прокурорлық қызметтің негізгі мақсаты мен міндеті бір болғанымен, әр өңірдің ерекшелігі жұмыстың басым бағыттарын анықтауға және жұмысты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, мұнайлы өлке Маңғыстау өңіріндегі қызметтің де өзіндік ерекшелігі бар.
Заң үстемдігі – өңір дамуының кепілі
471
оқылды

Маңғыстау облысының прокуроры қызметіне кіріскен бір жылдың ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оп­тимизм» атты Жолдауын басты назарға ал­дым. Өңірдегі заңдылық пен құқықтық тәр­тіпті қамтамасыз ету бағытында нақты нәтижелі істермен жүзеге асыруды міндет ет­тім және қадағалау қызметінде ұжыммен белгілі нәтижелерге қол жеткізе алдық. Пре­зидентіміз аталған Жолдауында: «Кез кел­ген қоғамның, соның ішінде біздің қо­ғамның да басты ұғымдарға негізделген сұ­раныстары – әділдік және қауіпсіздік», – деген болатын. Бұл – тек декларативті ұста­ным емес, әр өңірде нақты іске асуға тиіс бағыт. Бір жыл ішінде 174 195 азамат­тың, оның ішінде 76 705 бойынша конс­титуциялық құқықтары қорғалды. Мем­лекет кірісіне 42,4 млрд теңге өндірілді. 31 инвестордың мәселесі оң шешімін тауып, 7 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтарының бұзылуына жол берілген жоқ. 

Сонымен қатар Президенттің және Бас про­курордың тапсырмаларын іске асыру ая­сында облыс прокуратурасының баста­ма­сымен алғаш рет өңірлік деңгейде «Mangystau Future 2025» инвестициялық форумы өтті. Форумда кәсіпкерлердің құ­қықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және инвестициялық ахуалды жақ­сарту мәселелері ашық талқыланып, 300 млрд теңгеден астам жобалары бар инвес­тор­лардың проблемалары прокуратураның ара­ласуымен оң шешімін тапқаны атап өтілді. 

Заңдылықты қамтамасыз ету, аза­мат­тардың құқықтарын қорғау және Конституция нормаларының мүлтіксіз орын­далуын қадағалау – прокуратура жұ­мысының басым бағыттарының бірі болып қа­ла бермек. Маңғыстау облысы еліміздің бас­ты мұнайлы өңірлерінің бірі болған­дық­тан, стратегиялық маңызды салада заң­дылық пен әділеттікті қамтамасыз ету мақ­сатында облыс прокуратурасымен бір­қатар ірі кәсіпорындарға тексерулер жүр­гізілді. Тексеру нәтижелерімен мемлекетке кел­тірілген 50 млрд теңгеден астам залал анық­талып, 30 сотқа дейінгі тергеп-тек­серу істері тіркелді, 14 тұлға, оның ішінде кә­сіпорын басшылары ұсталды.

Мемлекет басшысының құқық қорғау ор­гандарына қойған басты тапсырмалары­ның бірі – азаматтардың қауіпсіздігін то­лық қамтамасыз ету. Бұл міндетті орындау барысында Прокуратура «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту арқылы қылмыстың ал­дын алу мен анықтауда кешенді шара­лар­ды жүзеге асырып келеді. Қабылданған ша­ралардың нәтижелері жалпы қыл­мыс­тық құқықбұзушылықтар санының 12%-ға төмендеуіне, кәмелетке толмағандар жа­саған қылмыстардың 36%-ға азаюына мүм­кіндік берді. Оң көрсеткішке қол жет­кізу оңай болған жоқ, бұл нәтиже – тиімді жә­не тұрақты жүргізілген кешенді про­фи­лактикалық жұмыстардың жемісі. Атап айт­қанда, прокурорлар кәмелетке тол­ма­ғандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 500-ден астам іс-ша­ра ұйымдастырып, 2 300-ден астам әлеу­­меттік осал отбасыларға барып, нақты жағ­дайларымен танысты. 

Сонымен қатар «Криптон» жүйесі ар­қылы 734 мың долларды құрайтын крип­товалю­та есеп шоты бұғатталды, теңгеге аудар­ғанда 370 млн. Қазіргі таңда аталған де­рек бойынша Трансұлттық қылмыстық топ құру фактісімен қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Бұл есірткі тасымалының, нашақорлықтың ж­о­лы біржолата кесілді деген сөз емес, мы­салы тек жыл басынан бері 120 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Осыған байланысты облыс прокуратурасы «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасын іске асырып, оның аясында 500-ден астам есірткі жарнамалары жойылды. Есірткісіз қоғам, есірткісіз болашақ – барша құқық қорғау органдарының ортақ ұстанымы. Ел жастарының дені таза, білімді, салауатты, шымыр болуы – мәдениетті, дамыған ұлттың көрсеткіші. Алаяқтықпен күрес және цифрлық қауіпсіздік қылмыстары 17,6%-ға азайғанымен, интернет-алаяқтық 2,7%-ға өсті. Бұл бағытта «Антифрод-орта­лығы» арқылы 175 тапсырма жолданып, бір­неше млн теңге көлемінде 15 күмәнді тран­закциялар бұғатталды. Ал интернет-алаяқ­тықтың жаңа түрлері мен әдістері туралы хабардар ету мақсатында бейне-дайджесттер, қысқаметражды фильмдер әзір­­леніп, әлеуметтік желілер арқылы кеңі­­нен таратылуда.

Өңір прокуратурасының жіті назарда ұстап отырған бір мәселе – жол қауіпсіздігі. Қабылданған шаралар нәтижесінде жол-көлік оқиғалар саны былтырмен салыс­тыр­ғанда 21,4%-ға азайды. Нақтырақ айт­­сақ, 2025 жылғы 4 айда 404 жол-көлік оқи­­ғасы тіркелді, 2024 жылғы салыс­тыр­малы кезеңде 514 оқиға тіркелген болатын. Биыл орын алған жол-көлік оқиғаларының сал­дарынан 1 300-ден астам адам қайтыс бо­лып, 16 мың адам жапа шекті. Тіпті, от­ба­сымен бірге қайғылы жағдайға тап бол­ған­дар да бар. Уәкілетті органдарға ен­гізіл­ген қадағалау актілерінің негізінде жол бел­­гілерін орнатуға және оларды жаңартуға бюд­жет есебінен 160 млн теңге қаражат бө­лінді, «Жаяу жүргінші» және «Абай­лаңыз, балалар» сияқты 200-ден астам жол бел­гілері орнатылды.

Тұрғындарды қабылдап, талап-тілегін, арыз-шағымын тыңдау жұ­мысы – «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасы негізінде оң жол­ға қойылды. Ұлттық статистика бю­ро­сының зерттеуі бойынша, Маңғыстау об­лы­сының Прокуратурасына деген сенім деңгейі 96,5 пайызды құраған. Республика бойынша алдыңғы қатарға қол жеткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл көрсеткіш бізді бұдан әрі шабыттандыра түсуде. Маңғыс­таулық тұрғындардың прокуратура орган­дарына сенім артуына бірден-бір себеп – азаматтарды жеке қабылдау мәселесінде ашықтық принципін қолдануымыз деп білеміз.

Біздің басты ұстаным – азаматтардың заңмен қорғалған құқықтарын қамтамасыз ету ғана емес, олардың мемлекетке деген се­німін нығайту. Биылғы куанарлық жаңа­лық­тардың бірі – ол «Ақтау – Түркі әле­мінің мәдени астанасы»  болып жария­лан­ғандығы. Осы тұрғыда жастарымыздың мәдениет пен білім деңгейін көтеру бағы­тында жұмысты арттырып, туризм мен ин­весторларға ыңғайлы әрі қауіпсіз аймақ ету – біздің басты мақсатымыз. Тұрғындар мен құқық қорғаушылар заңдылық пен адамгершілікті ұстанғанда, құрметтегенде ғана таза, әділ, өркениетті, қауіпсіз Қазақ­станда өмір сүретін боламыз.

 

Айдос Майлыбаев, Маңғыстау облысының прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі