«Балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие, сапалы білім беріп, олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіру – баршаға ортақ парыз. Мемлекет балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасай береді. Әрбір бүлдіршіннің балалық шағы бақытты, болашағы баянды болсын! – деп жазды Президент Х әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында.
Сондай-ақ осы күні еліміздің барлық өңірінен келген оқушылар Ақордада қонақ болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясына оқу үздіктері, пән олимпиадаларының, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, спорт сайыстарының жүлдегерлері, батыл әрекетімен көзге түскен балалар келді. Ақорданың кішкентай қонақтарының қатарында көпбалалы отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және ерекше қажеттілігі бар жеткіншектер де болды.
Экскурсия кезінде оқушылар Ақорданың орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған залдарды, Мемлекет басшысының кітапханасын, сондай-ақ резиденция аумағындағы бақты аралады.
Экскурсоводтар ғимарат құрылысының тарихы, оның ерекшеліктері мен мұнда өтетін іс-шараларға байланысты қызықты фактілер жайында мәлімет берді.
Сонымен қатар оқушыларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды. Өңірлерден келген балалар елорданың көрікті орындарын да аралады.