Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Келешек мектептері» жаңа форматтағы мектептерге жас мамандарды жылдам әрі тиімді іріктеуге арналған career.orleu.edu.kz цифрлық платформасын іске қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Платформада «Өрлеу» орталығының тестілеуінен сәтті өткен педагогикалық ЖОО түлектерінің электронды портфолиолары қамтылған. 600-ге жуық жас педагог іріктеуден өткен.
Сервисте жас педагогтердің білімі, мамандығы мен тәжірибесіне қатысты мәліметтер жинақталып, электронды портфолио қалыптастырылады. Қазіргі таңда платформа тек «Келешек мектептері» директорлары үшін қолжетімді. Олар кандидаттарды өңірі, пәні, біліктілігі бойынша тиімді таңдай алады. Жүйе мемлекеттік дерекқорлармен кіріктірілген, бұл – мәліметтердің дәлдігі мен өзектілігін қамтамасыз етеді.
Платформаның негізгі мүмкіндіктері:
•жас педагог туралы толық электронды карта;
•директорлар үшін қауіпсіз кіру жүйесі (ЭЦҚ арқылы);
•смарт сүзгі: нақты пән, өңір және мамандығы бойынша іздеу;
•жұмысқа орналасқан түлектерді автоматты түрде есепке алу.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.