АҚШ-тың ЖИ-чиптерінің патшасы өзінің тәжін болашақта сақтап қалуға ниетті екенін жеткізді.
Жасанды интеллект тәжін сақтап қалу
ЖИ-чиптерінің патшасы өзінің тәжін болашақта сақтап қалғысы келеді. Фото istockphoto.com сайтынан алынды
510
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz Тайвань жерінде өткен технологиялық көрмеде жасалған мәмілелер мен мәлімдемелермен таныстырады.

Nvidia-ның чиптерінің көп бөлігін Taiwan Semiconductor Manufacturing компаниясы өндіреді. Иллюстрация wccftech.com сайтынан алынды

Nvidia әлемдегі ең қымбат чип өндіруші компанияға айналғанымен, инвесторлар жасанды интеллект инфрақұрылымына жұмсалатын шығындардың азаюынан және АҚШ-тағы сауда шиеленістерінен сату көлемінің төмендеуінен қауіптенуде. АҚШ-тың жоғары технологиялы өнімдердің экспортын шектеуі Nvidia-ның Қытайдағы нарық үлесінен айырылуына себеп болды. Себебі ең үздік чиптерін Қытайға сатуға компанияға АҚШ билігі тыйым салды. Дональд Трамптың жаңа саясатына сәйкес Nvidia қытайлық серіктестеріне сапасы төмен баламаларын ғана сата алады. Ал Microsoft пен Google сияқты бұлтты есептеу алыптары ЖИ-ге жұмсалатын шығындарды қысқартатынын білдірді. 

62 жастағы бас директор мамырдың ортасында Парсы шығанағында жүздеген миллиард долларлық келісімдер жасалғанын жариялағанымен, сарапшылар мұндай келісімдердің сирек болатынын ескертеді.

«Барлық елдер Сауд Арабиясы сияқты 10 немесе 50 миллиард долларлық деректер орталығын салатынын жариялай ма? Әрине, жоқ. Оларда (Nvidia-да – авт.) ірі келісімдер таусылып келеді», – дейді Seaport Research компаниясының сарапшысы Джей Голдберг. 

Reuters тілшісінің ЖИ-ге салынатын инвестициялардың қысқаруына қалай жауап бересіз деген сұрағына Хуанг:

«Жасанды интеллект инфрақұрылымы бүкіл әлемде салынып жатыр. Бұл менің әлемді аралап жүргенімнің бір себебі. ЖИ инфрақұрылымы қоғамның ажырамас бөлігіне айналады», – деп жауап берген.

Computex көрмесінде Дженсен Хуанг Nvidia-ның өсу жолын жаңа технологиямен байланыстырды. Фото observer.com сайтынан алынды. Авторлығы: I-Hwa Cheng / Getty Images

Computex көрмесінде Дженсен Хуанг Nvidia-ның өсу жолын тек ірі мемлекеттік инфрақұрылымдық келісімдермен емес, жаңа технология арқылы көрсетуге тырысты. Бұл технология Nvidia-ның ЖИ нарығындағы ықпалын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Технологияның негізгі бөлігі – NVLink Fusion деп аталады. Ол компанияларға өздерінің чиптерін Nvidia-ның ЖИ инфрақұрылымына қосуды ұсынады. Осылайша бұл платформада өзгелер де өз өнімдерін жасай алады.

«Компаниялар бүкіл жабдықты өздері шығарудың орнына, өздерінің (чипі) арқылы жаңалық енгізіп немесе ерекшелене алады», – дейді Marvell Technology компаниясының вице-президенті Ник Кучаревски.

Nvidia компаниясы Fusion платформасын пайдаланатын жабдықты жасауға басқа компанияларды тарту арқылы жасанды интеллект желілері мен деректер орталықтары үшін негізгі компоненттерге деген сұранысты арттырмақ. Сонымен қатар, Nvidia енді корпоративтік нарыққа да кіруге тырысуда. Осы аптада компания «корпоративтік ЖИ суперкомпьютері» болатын серверлер желісін іске қосты.

Nvidia ең үздік чиптерін Қытайға сата алмайды. Фото servethehome.com сайтынан алынды

Хуангтың айтуынша, бұл серверлер арқылы клиенттер графика, виртуалды машиналар, ЖИ-қосымшалар сияқты түрлі операцияларды орындай алады. Бұл Nvidia-ға миллиардтаған долларлық жаңа нарықты ашпақ.

Алайда корпоративтік нарық үлкен болғанымен, оған кіру оңай емес. Ондағы келісімдер көбіне кішігірім, бірақ оларды жеңу қиынырақ және қымбатырақ.

«Біз клиенттік базаны кеңейтудің шегіне жақындап қалғандаймыз», – дейді Джей Голдберг.

Nvidia Тайванның технология саласындағы ірі компанияларымен, мысалы, өз чиптерінің көп бөлігін өндіретін Taiwan Semiconductor Manufacturing компаниясымен тығыз байланыста. Бірақ Nvidia-ның күрделі ЖИ жүйелерін жасауға қажет компоненттер мен өндірістік ноу-хауды жеткізетін жүздеген тайвандық ірі және шағын компанияларсыз бұл инфрақұрылым мүмкін болмас еді.

«Computex мақсаты – экожүйе мен жеткізу тізбегін біріктіру болды», – дейді More Than Moore консалтингтік компаниясының бас сарапшысы Ян Катресс.

Оның айтуынша, мұндай желі Парсы шығанағында жарияланған және болашақта өзге өңірлерде жасалуы мүмкін келісімдерді жүзеге асыру үшін қажет.

Тайвань өнеркәсібі Хуангты жылы қарсы алды. Тайваньның тарихи астанасы Тайнанда дүниеге келіп, 9 жасында АҚШ-қа қоныс аударған оны жергілікті тұрғындар қаһарман ретінде қабылдаған.

Жұма күні (23 мамыр) ұшып кеткенге дейін Дженсен Хуанг Тайвандағы жетекші технологиялық компаниялардың басшыларымен сахнада немесе банкеттерде бірқатар кездесулер өткізді. Олардың қатарында Foxconn компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы, ЖИ серверлерін өндіруші Юнг Лю да болды. Ол Хуангты «Тайвань құрамасының капитаны» деп атады.

MediaTek компаниясының бас директоры Рик Цай Хуангқа оның Тайбэйдегі сүйікті жеміс дүңгіршегінен алынған гуаваның бірнеше тілімін пластик пакетке салып сыйға тартты.

ЖИ негізіндегі өнеркәсіптік автоматтандыру мен басқару шешімдерін ұсынатын Solomon Technology компаниясы Nvidia-мен ынтымақтастықты «баршаға тиімді» жағдай деп бағалады. Өткен жылы наурызда GPU технологияларына арналған Nvidia-ның конференциясында Дженсен Хуанг бұл компанияны атап өткеннен бері Solomon акциялары 241% өсті.

«Nvidia-мен ынтымақтастық бізді көбірек танымал етті. Бұрын бізді көп адам білмейтін, бірақ Nvidia-ның қолдауының арқасында енді бізді көбірек таниды», – дейді Solomon компаниясының төрағасы Джонни Чен.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.