Ақтөбе облысы Алға қаласында болған соққы оқиғасынан кейін колледж студентінің анасы – Өтебике Құрсаубаева ұлын ұрғандарды әділ жазалауды талап етіп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.ktk.kz/kz-ке сілтеме жасап.
Алты ай бұрын 16 жасөспірім оның ұлын ұрып-соғып, есепшотындағы 2 500 теңгесін тартып алған. Алайда тек екі күдікті ғана «тонау» бабымен сотталып, екі жылға шартты жаза алған.
"Екі балаға да жеңіл жаза беріп тұр. Екі жыл шартты мерзім. Қазірдің өзінде кешке шықпауы керек. Бірақ олар ештеңеден қорықпай, мәз болып көшеде жүр. Ал менің балам ауруға айналды. Енді оны қаншама жыл емдеуім керек", – дейді ашынған ана.
Оқиға кезінде студентті 16 жасөспірім жабылып ұрып, денесінің сау жерін қалдырмаған. Салдарынан ол есінен танып, ауыр жарақат алған. Бүгінде зардап шеккен бала жиі дәрігерге қаралып, сабағына әрең қатысады. Анасының айтуынша, қазір ұлына қысым күшейіп, көшеде қорықпай жүре алмайды.
Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, "қарақшылық" бабы бойынша іс қозғалып, тек екі күдіктінің бостандығы шектеліп, қалған 14-інің ісі қысқартылған.
"Алға ауданы полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Тергеу аяқталған соң іс сотқа жіберілді. Сот екі күдіктіні екі жылға бас бостандығын шектеді. Қазір сот шешімі заңды күшіне енді", – деді ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.