Шерхан Мұртаза атындағы аудитория заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. 
Еуразия ұлттық университетінде Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылды
433
оқылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінде мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиеті мен баспасөзінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – Шерхан Мұртазаның рухани және кәсіби мұрасын жас ұрпаққа жеткізу, отандық журналистика мен әдебиеттің дамуына қосқан үлесі үшін құрмет көрсету. Бұл аудитория – тек оқу орны ғана емес, ұлттық сөздің және қоғамдық мүдденің қорғаушылары болатын кәсіби мамандарды тәрбиелейтін кеңістік.

Ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздің журналистика саласының ардагерлері, белгілі ақын-жазушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, аудиторияның ашылу салтанатына шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының ғалымдары мен профессорлары шақырылды.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов:

«Еуразия ұлттық университетінде белгілі қайраткер Шерхан Мұртаза атындағы аудиторияның ашылуы тек біздің университетімізге байланысты емес, бүкіл қоғамға ой туғызатын, үлгі болатын іс-шара. Білікті журналистер, білімді, ұлтжанды азаматтардың барлығы осы аудиториядағы Шер ағаның рухына тағзым етіп, өздері әсер алса екен деген оймен ашылып отырған аудитория», – деді.

Айта кету керек, шара барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» агенттігі басқарма төрағасы Кемелбек Бақтығұлұлы, Abai TV телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, қоғам қайраткерлері Уәлихан Қалижан, Жарылқап Бейсенбайұлы, Дархан Мыңбай және басқа да азаматтар сөз сөйледі.

Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы өз сөзінде:

«Шерхан Мұртаза өмірлік жолымызда темірқазық, бағдар, шам ретінде бізге үлгі. Қайраткерлік, қаламгерлік, журналистік жағынан алсақ та, Шер ағаның өмірлік жолын жақсы білесіздер. Шер ағаның мына жерде жазған кітаптарын, мақалаларын, Парламентте сөйлеген сөздерін, өмір жолынан тағылым алып, Шер ағаңша жазып, ой айтуға ұмтылатын қазақтың жас журналисттерінің толқыны көптеп шыға берсін», – деді.

«Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы көрнекті жазушы, журналист әрі бірегей қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза атындағы аудиторияның ашылуын – мемлекеттік маңызы бар іс әрі кәсіби көрегендіктің көрінісі екенін атап өтті.

«Аса көрнекті жазушы, журналист, біртуар қайраткер Шерхан Мұртаза құрметіне аудитория ашу бастамаларыңыз елдік іс, кәсіби көрегендік. Өйткені күрделі де жауапты 60-90-жылдары Шер ағаңның «Лениншіл жас», «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газет-журналдарын, Қазақстан ТРК басқарып, бір кездері жазушы баспасының бас редакторы болуы, шығармашылық шеберхананың биік үлгісі. Шер ағаңның том-том романдары, пьесалары, әңгіме-повесть, аудармалары – бір мектеп. Классик Шерхан Мұртаза журналисттер тәрбиелеуде озық өнеге көрсетті. Осы үлгі Еуразия ұлттық университетінің журналистика мамандығының темірқазығы бола береді деп сенеміз», – деп атап өтті.

Шерхан Мұртаза атындағы аудитория заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Болашақ журналистерге арналған білім беру және зерттеу алаңы ретінде қызмет етпек. Мұнда жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған деректі экспозициялар, дәйексөздер, фото және бейнематериалдар, архивтік дереккөздер орналастырылған.

Шерхан Мұртаза – ұлт мүддесін, әділдік пен сөздің қуатын қорғаған көрнекті тұлға. Ол «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті», «Жалын» сынды басылымдарды басқарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Телерадио комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Азаматтық ұстанымы мен қоғамдық жауапкершілігі қатар өрілген мемлекет қайраткері ретінде танылды. Шерхан Мұртаза ҚР Парламенті Мәжілісінің II шақырылымының депутаты болған.