Профессор Сұраған Дөрбетханның айтуынша, жасанды интеллект дегеніміз – тек құрал. Мұнда іргелі зерттеулердің негізінде биологиялық объект ретінде адам миының дамуы жатыр.
Сұраған Дөрбетхан: «Жасанды интеллект ешқашан іргелі зерттеуді алмастыра алмайды»
Сұраған Дөрбетханның жеке архиві
1,649
оқылды

Математика саласында аты танылып үлгерген Сұраған Дөрбетхан – ғылыми жетістіктері ғана емес, ғылымның қоғамдағы орны жайлы байыпты пайымдарымен де ерекшеленетін зерттеуші, Назарбаев университетінің профессоры. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да PhD қорғап, Лондон Корольдік колледжінде теориялық физика магистрі атанған ол 2013 жылы Қонаев атындағы сыйлықты, 2018 жылы Ferran Sunyer i Balaguer халықаралық сыйлығын иеленген. Бізге берген сұхбатында ғалым Қазақстанның әлемдік ғылымдағы орны, іргелі зерттеулердің неге экономикалық табыстан кем түспейтін құндылық екені әрі жасанды интеллект дәуірінде математиканың қандай жаңа миссия атқаратыны туралы ойларын айтты.

Сұраған мырза, ғылымға қалай келдіңіз, қалай қызықтыңыз? Алдымен әңгімемізді осыдан бастайықшы...

Сөздің ашығын айтайын, мен тоқсаныншы жылдардың баласымын. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған, тәуелді болған мемлекеттерде қиын жағдай болды. Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамында болған елдер ауыр экономикалық ғана емес, терең әлеуметтік дағдарысты бастан кешірді. Мұндай заманда «ғалым боламын!» дегісі келген жасты жұрт жындыға теңейтін, тіпті ол жас та өзін солай сезінетін. Сондықтан мектепте жүргенде, ғылымды арман еткен жоқпын, қатарластарыммен бірге қалыпты өмір сүрдім.

Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика-математика факультетіне түскенімде, бәрі өзгерді. Біз тірі аңызға айналған нағыз ғалымдарды көзбе-көз көрдік. Сол сәттен бастап Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген өсиеті бар еді ғой, осы сөз түйсігіме мықтап орнықты. Біз сол шын ғалымды көріп, ұқсап бақтық. 1974 жылдың көктемінен бері Алматыда апта сайын «аңыз болып кеткен» бейсенбілік семинарлар өтетін. Тақта алдына шығып, ғалымдар өз дәлелін келтіретін, қалжыңдасып, оның арты қызу дауға айналатын нағыз ғылым ордасы еді. Біз сол атмосфераға еліктей жүріп, қызығу­шылы­ғымызды шынайы құмарлыққа айналдырдық. Сондықтан ең әуелі «еліктедік» деуге болады.

Студент кезде Асқар ағайдың СДУ-дағы семинарына бару үшін мех-мат ғимаратынан Қалқаман көшесіне қатынайтынбыз. Стипендиямыз ол кезде аса көп болмады. Ал СДУ-ға бару үшін де жолақыға біраз ақша кетеді, кейде ақшамыз жетпей, түнделетіп жаяу қайтатынбыз. Сонда ағайдың лекциясын тыңдауға баратын едік. Сол Асқар ағайға еліктедік. Өтелбаев, Келменов сынды академиктеріміз болды, нағыз ғалымдарды көрдік. Қызығушылық солай ашылды деп ойлаймын. Соның өзінде пікірталас жасап, сұрақ қойып, ғылыми ортаға сіңу бізге ең үлкен мектеп болды.

Бұған дейін Ұлттық ғылым академиясының ең жас академигі атанғаныңыз жайлы ақпаратты оқып қалдым. Осы бір «атақ» күнделікті зерттеу жұмысыңызға қандай жаңа міндет пен қоғамдық жауапкершілік жүктеді?

Заманауи қазақ ғылымының атасы деуге болады, Қаныш Сәтбаевты жақсы білесіз. Сол кісі ең жас академик болған деп айтылып жүретін. Қателеспесем, 37 жасында болуы керек. Негізі қазақ ғылымының тарихын, егер арғы заманға дейін апарсақ, бұл мәселе тереңге кетеді. Ал Ғылым академиясы құрылған кезден бері қарай есептесек, мен осы ортада жүріп, 36 жасымда Қазақстан Ғылым академиясының толыққанды мүшесі атаныппын. Сіз айтып отырған жайтты сол кезде академиядағылар да маған айтқан еді. Қазір бізді оқып отырған жұрт дұрыс түсінбей қалмасын, мен тек әңгіменің қайдан шыққанын тарқатып отырмын. Мұны енді «керемет жетістік» деп есептемеймін. Кездейсоқ солай бола қалған жағдай ғана. Мен – іргелі ғылыммен айналысатын ғалыммын. Сондықтан да нақты айтайын, атақ адамды данышпан етпейді. Мен сол «академик» атанған күні ақылды болып кеткен жоқпын. Бұл – бір. Екіншіден, енді «атақ адамға бөгет болады» деп кесіп айту қиын, бірақ ойыңызды, назарыңызды бөледі. Бірақ сіз осы жерде өте жақсы бір сөз айттыңыз. Бұл – қоғам алдындағы өте үлкен жауапкершілік. Мысалы, менде ондай «атақ» болмағанда, бүгін сізбен осы сұхбатқа да келмес пе едім. Көрдіңіз бе? Менің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігім бар. Мені көптеген адам қазір мұғалім ретінде тани бастады. Пікірімді естігісі келетіндер де бар. «Сөз өзімдікі» деп Абай айтқандай, сөйлеуге тура келеді. Мәселен, кеше ғана Ұлттық құрылтайға мүше болғанымды айтып жатыр. Мен үшін ол – тағы да бір жауапкершілік. Бұрын ойлайтыным тек математика еді, қазір жалпы қоғамдық сұрақтарға да мән беруім керек болады. Сондықтан шама-шарқымызша тырысып жатырмыз.

Бірде сіз жасанды интеллектіні іргелі зерттеулерді жылдамдататын құрал ретінде атадыңыз. Іргелі ғылым саналатын математика мен ЖИ тоғысында сізді алаңдататын қандай мәселелер бар?

Жалпы бір заттың басын қазірден ашып алуымыз керек. Жасанды интеллект ешқашан іргелі зерттеуді алмастыра алмайды. Жасанды интеллект дегеніміз – тек құрал. Мұнда іргелі зерттеулердің негізінде биологиялық объект ретінде адам миының дамуы жатыр.  Ал ғылымның түпкі мақсаты не? Ол – жаңа білімді тудыру, қалыптастыру. «Ғылым сізге пайда алып келуі керек», «сіздің тоңазытқышыңызға тамақ салып беруі керек» немесе тағы сол сияқты мысалдар – түбірімен қате түсінік. Ал жаңа білім миды жетілдіреді.

ЖИ сол білімді тез игеруге жәрдемдескенімен, этикалық қатерді де күшейтеді. Сондықтан мені алаңдататын басты дүние – этикалық мәселе. Кейде «біз осы құралды оңды-солды пайдаланып жатқан жоқпыз ба?» деп ойлаймын. Жалпы тарихқа көз жүгіртсек, әлемде тез таралған құралдар этикалық мәселені де туындатқан екен. Мысалы, қарапайым тапаншаны алайық. Ол пайда болғанда, басында бір-бірімізді «дуэльдеп ата берсек болады» деп бастадық қой. Бірақ оның этикалық тұрғыдан дұрыс емес екенін кейін барып ұғындық. Енді жасанды интеллектке келейік. Бұл жағдай әсіресе әлеуметтік ғылымдарға этикалық тұрғыдан үлкен салмақ болады. Қазір, мәселен, заңгерлерде үлкен ғылыми сұрақ туындауы мүмкін. Себебі ол жерде көптеген этикалық мәселе бар. Университеттің өзінде де «студенттерге жасанды интеллектіні қолдануға қаншалықты рұқсат етеміз?» деп басымыз қатып отыр. Бір жағынан студенттерге «жасанды интеллектіні пайдалан» дейміз. Бірақ оны емтиханда пайдаланса, қабылдағымыз келмейді. Себебі студенттің миссиясы – өз ақылын, ой-қабілетін дамыту. Студент емтиханда жауапты ChatGPT-ға жаздырса, біз оны қалай бағалаймыз? Міне, бұл – үлкен сұрақ. Демек бағалау өлшемдері де жаңаша құрылуы шарт.

– Біздің қоғамда ғылымға қатысты бір «қызық» көзқарас бар. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Қоғам ғылымнан ылғи «пайда» көргісі келеді. Бірақ нағыз ғалымдар осы сөзді естісе, өзін біртүрлі сезінеді. Неге?

– Біз адамға қатысты көзқарасты ұстанғанда, болашақта парасатты азамат болу арқылы сұранысқа ие істерді істеп, адал адам жасауды көздейміз. Бірақ біз «пайда» үшін жұмыс істеп жатқан жоқпыз ғой. Біздің осы қоғамда үлкен бір түсінбестік бар. Бұл түсінбестік сауатсыздықтан келген әңгіме емес, бұл түсінбестік табиғи тұрғыдан біздің ортамызда үнемі өмір сүріп келеді. «Суы көп жерде балығы да көп болады» дегендей, 90-жылдары қатты дағдарысқа ұшырадық. Адамдардың ішкі ашкөздігі ой-сананы бұлыңғырлатып жіберді. Тіпті үлкен мінберлерде «не пайда, не пайда?» деген әңгіме жиі айтылады. Құдай-ау, өмір тек пайдадан ғана тұрмайды ғой. Өмірдің өзі пайдаға негізделмейді. Егер тек пайдаға жаныңыз ашыса, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан жер байлығымызға ие болыңызшы дегім келеді сондайларға. Пайда қажет болса, белгілі бір затты өңдеуіміз керек, қарапайым зауыттар ашуымыз керек, екінші реттік өңдеуді жетілдіруіміз керек. «Пайда» біздің аяғымыздың астында жатыр. Біз «не пайда?» деп емес, рухани әл-ауқатымызды орнына келтіріп алуымыз керек. Ғылымды тек материалдық пайдамен шектеу – сауатсыздық. Қазір Абайдың зарлап айтып жатқан заманына қайта оралып жатырмыз. Абайдың ақылына қайыра мұқтаж болып отырмыз. Мен қазір мына университетте істегеніме не үшін мақтанамын, білесіз бе?

– Жоқ, не үшін екен?

– Осы жерде 7-8 жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. Жылына мыңдаған студент келеді. Бірде-бір «кездейсоқ» студентті көрген жоқпын. Әртүрлі жолмен түскен немесе емтиханнан оңай «өте салған» деген сияқты арзан әңгімелер өтпейді бұл жақта. Әрине, егер мен дәл қазір басқа дамыған қоғамда болсам, осы нәрсені «жетістік» ретінде айта алмайтын едім. Бірақ бұл – дамудың бірінші қадамы. Өкінішке қарай мұндай университеттер елде саусақпен санарлықтай ғана.

– Жаңа біздің қоғамдағы ғылымға қатысты қандай көзқарас барын айттым ғой. Сіздіңше, ғылым дегеніміз не? Технология дегеніміз не?

Ғылым дегеніміз – меніңше, жаңа білімді қалыптастыру, бар білімді шыңдау. Оның негізгі міндеті – мына жоғарғы білімнің тірегі болу. Оның жеке пайдасын қарапайым адам көре алмайды. Егер сіз қарапайым адам түсіне алатындай іргелі ғылым жасасаңыз, күлкілі болар еді. Не үшін мемлекет болып іргелі ғылымға ақша бөлу керек дей ойлайсыз?

Не үшін?

– Себебі бізге «критикалық масса» керек. Ұлттың интеллектуалдық әл-ауқаты міндетті түрде көтерілуі керек. Ал соған атсалысатын дарынды адамдар «не пайда?» дей бергеннен гөрі шығармашылыққа құмар болғаны дұрыс. «Не пайда?» дей беру – қатты айтсам, айыпқа бұйырмаңыз, базардағыдай алыпсатарлыққа қызығу. Адамда мәдениет пен құндылық қалыптаспай, бәрі бекер. Мысалы, мектептегі мұғалімдердің жағдайын есіңізге түсіріңізші. Міне, солардың мәртебесінің қайта қалпына келгеніне тек бес-ақ жыл болды. Ал бұның алдында мұғалімге мүсіркеп қарайтын.

Жалпы бізде ғылымға ақша аз бөлінеді. Қазақстан ЖІӨ-нің бар-жоғы­ 0,01 %-ын ғана ғылымға бөледі. Соның ішінде жылына іргелі зерттеуге бөлінетін қаржы екі-ақ көпірдің құны ғана болады. Құдайға шүкір дейін, менде қаржылық жағынан мәселе туындап жатқан жоқ. Тіпті репетитор болсам да, ақшамды тауып кете аламын. Мені бір ақшаға мұқтаж екен деп ойлап қалмасын деген ниетпен түсіндіріп жатқаным ғой. «Қарным ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» дейді ғой, жалпы елімізді ғылымның қадірін сақтап, оны тек арттыруға жұмыс істеуіміз керек. Үзілген байланысты жалғауымыз қажет.

Енді сіздің екінші сұрағыңызға көшейін. Технология дегеніміз не? Міне, халыққа керегі осы. Сіздің жылдам жүретін машинаңыз, жаңа үлгідегі телефоныңыз дегендей. Ол – критикалық масса қалыптасып, іргелі ғылымның интеллектуал деңгейі жоғарылап болғаннан кейін өзінен-өзі шешілетін нәрсе. Бірақ оның басты шарты бізде қалыптасқан жоқ. Бізде бүгін-ертең технология болмайды деп айта аламын, себебі елде жемқорлық түбірімен жойылмаған. Ол бәріне белгілі жайт қой, жемқорлық бар жерде технология болмайды. Технологияны кім жасайды? Технологияны ғылым мен кәсіпті байланыстыратын адамдар жасайды. Ол жерде жартылай кәсіпкер болуыңыз қажет. Технологияны тек ғалымдар жасамайды, кәсіпкерлер де оған қызығып, ынталы болуы қажет.

– Десе де Қазақстандағы ғылымға деген көзқараста біршама пессимизм бар секілді. Бізде айтыскерге, балуанға меценаттар ақша береді де, ғалымды қолдай қоймайтындай көрінеді. Әлде бұл жай ғана стереотип пе?

Иә, кейбірі «бізде ғылым болмайды» деп айтып жатады. Ал біздің жастармен сөйлесіп көріңіз. Бізде болашақ бар екеніне шын сенесіз. Үмітсіз емеспіз, әрине. Шетелдің ең мықты университеттерін тәмамдап, елге оралып жатқан жастар жетерлік. Сөзіміз құрғақ болып қалмасын, екі нақты мысал айтайын. Мына жерден шығып, он метр жүрсеңіз, ол жерде бір кеңсе бар. Соған кірсеңіз,  Әділет Өтемісов деген Оксфордта докторлығын қорғап, бүгінде кафедрада профессор болып отырған жасты көресіз. Немесе одан әрі жүрсеңіз, Әділбек Қайыржан деген профессорды көресіз. Ол Торонто университетінде жұмыс істеп, елге қайта келді. Екеуі де осы жерде оқыған, біздің бұрынғы оқушыларымыз, қазір осында әріптеспіз. Енді сондай нақты адамдарды көре отырып, кешегі оқушыңмен бүгін әріптес болып, ортақ іс жасап, мыңдаған баланы дайындап, жемісін жеп отырған адамға пессимистік ой ешқашан келмейді. «АҚШ-та сондай екен, бізде олай емес» дейтін шала сөзіміз бар. Бірер уақытқа барып, қызықтап жатамыз ғой. Бәрібір мойындауымыз қажет, біз – дамыған емес, дамушы қоғамбыз. Оған қоса өзіміздің ішкі қиындықтарымыз да бар. Бірақ соның бәрі шешілмейтін мәселе ме? Әрине, жоқ. Біз соны шешеміз. Бұдан тура жиырма жыл бұрын Алматыға алғаш келгенімде, қарапайым ғана анықтаманы алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырып, сан түрлі «кедергіден» өтуге тура келетін. Бүгінде жағдай мүлдем басқаша. eGov порталына кіріп, неке қиюдан бастап үйге тіркелуге дейінгі кез келген анықтаманы екі-ақ минутта аласыз. Мемлекеттік қызмет көрсетудің жеңілдегенін осыдан-ақ білуге болады.

Енді екінші мәселе жайлы сөз етейін. Қазір біз әлемдік деңгейде жұмыс істеп отырмыз. Мұны дәлелдейтін айқын мысал бар. Биыл Орталық Азия тарихында тұңғыш рет XV ISAAC конгресі (International Society for Analysis, its Applications and Computation) Қазақстанда өтпек. Бұл жиынға жасанды интеллект пен қолданбалы математика саласының Кембридж сынды алдыңғы қатарлы орталықтарынан ең үздік ғалымдар келіп, бір апта бойы дәріс оқып, пікір алмасады. Егер Қазақстан математикадан нашар, соңғы орында болса, футболдан әлем чемпионатын доп теппейтін елге бермейтіні секілді, мұндай ауқымды іс-шараны да бізге сеніп тапсырар ма еді? Әрине, жоқ. Демек елімізде іргелі ғылым қалыптасып, оны әлем мойындап отыр. Конгрестің тағы бір ерекшелігі – демеушілердің белсенділігі. Мәселен, Qalan компаниясы бастаманы қолдап, қомақты қаражат бөлді. Бұл ғылымға жанашыр отандық меценаттарды да ойландырады. Яғни, ғылымға ақша бөлетін мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын білдіреді.

Қазір ғылымды «бізге керек, керек емес ғылым» деп өзіміз бөле алмаймыз. Әрине, «үлкен технопарк жасадық, үлкен кластерге айналдық» деп осы отыз жыл сандалғанымыз тек ақша жымқырудың амалы болды. Оның орнына дәл бүгінгі сәтте «не істей аламыз, не істей алмаймыз?» деп ашық айту маңызды. Қазаққа керек емес ғылым жоқ, бірақ қай ғылымнан бастау керегін өз мүмкіндігімізге қарап айқындау шарт. Дүниежүзіндегі ірі зертханалардың бірі, мәселен, MIT-дің (Массачусет технология институтының) бір жылда жасанды интеллектке бөлетін қаржысы біздің ғылымға бөлінетін бүкіл бюджеттен асып түсетінін мойындауымыз керек. Сол себепті алдымен қолымыздан келетін істі, яғни іргелі ғылымды күшейткеніміз жөн.

Демек іргелі ғылымның нәтижесін әйтеуір міндетті түрде көреміз дейсіз ғой?

– Айтып тұрғаным да сол. Іргелі ғылым спорт емес қой. Іргелі ғылым дегеніміз – үздіксіз қозғалыс. Біз онымен уақыт талғамай, тұрақты түрде айналысуға тиіспіз. Абай «Қалай ғылым жасаймыз?» деп ойланғаннан кейін, сол ой-толғаныс ешқашан үзілуге тиіс емес, керісінше жалғаса беруі керек.

Өкінішке қарай мен соңғы кездері былай деп ойланып жүрмін (ешкімге айтқан жоқ едім). Іргелі ғылымға, демек ол біздің рухани әл-ауқатымыз ғой, соның өсуіне тұсау болған кедергілер бізде бір-ақ рет емес, ғасыр сайын қайталанып отырған. Оған тағы да мысал келтірейін. XVIII ғасыр Ақтабан шұбырынды заманы. XIX ғасырда отаршылдық, басқыншылық болды. Атыс-шабыс кезінде халық күнін әрең көріп, ғылым туралы ойлауы мүмкін болмады. XX ғасырда ашаршылықпен қоса барлық интеллектуалдарымыздан айырылдық, саяси репрессиялар талай «ақыл-ойды» жалмап кетті.

Біз сонда кімдерді жоғалттық?

– Нақты мысал келтірейін. Қазақ ұлттық университетінің математика кафедрасын ұйымдастырып, меңгеруші болған, қазақтан шыққан тұңғыш физика-математика бойынша ғылым кандидаты Ибадолла Ақбергенов деген кісі болған. Оның еңбектерін әлі күнге дейін тауып оқуға болады. Міне, сол адам 1938 жылы репрессияның құрбаны болды. Онымен қатар жұмыс істеген әріптестерінің бірі Канторович Нобель сыйлығын алды. Еліне келіп, енді мектеп құратын кезінде сондай деңгейдегі жас математиктен  бір сәтте айырылып қалғанымыз – жай әңгіме емес, үлкен трагедия. Ол жалғыз емес. Архивтерде дәл осылай үзілген кемінде бірнеше мың тағдыр бар.

Міне, XXI ғасырға да осындай замана зобалаңымен жеттік. Ғасыр сайын біздің интеллектуалдық негізімізге, үзіліссіз дамуына «балта шабылып» келген. 1990 жылдары да қатты қасірет көрдік. Экономикамыз құлдырады дейміз ғой, қасірет ол емес, қасіретіміз – мәдениетті жоғалту. Экономика құлдыраса, үйді қайта салып алуға болады, құлаған экономиканы көтеруге болады. Ал адамнан, рухтан айырылсақ, құндылықтан айырылсақ, оның орнын толтыру –  өте қиын.

Негізі мемлекетке керегі адам мен мәдениет дегеніңіз бе?

Иә, бізде сол құндылық жоғалды. Қазір адамды қайта тәрбиелеп, алыпсатарлық пен той-думанға ауып кеткен назарды қайта ғылымға бұру –  өте ауыр іс. Сондықтан қазір ең басты мақсатымыз – іргелі ғылымды үзіп алмау. Оған тұрақтылық керек, рухани тірек қажет. Әйтпесе әрбір ғасырдағы «балта шабу» келесі буынның қолын байлап, кейінгі ғылыми дәстүрдің тамырын қайта-қайта қия береді.

Олимпиададан жүлде алған спортшылар 250 мыңдап ақша алып жатқанда, математиктерде ынталандыру жоғын айтып едіңіз. Қазір жағдай өзгерді ме?

– Асқар Жұмаділдаев кезінде: «Айналайындар, спортта біреуді біреу жығып қайтса, асты-үстіне түсіп, айқайлап қарсы аласыңдар. Ал біздің балалар халықаралық олимпиададан алтын әкеліп берсе, елемей өтесіңдер», – деп ашық айтқан еді. Бүгінде бұл сөздің салмағын мемлекет те, қоғам да түсініп келе жатыр деп ойлаймын. Заңға өзгеріс енгізіліп, әлемдік пәндік олимпиадаларда топ жарған оқушыларға елеулі қаржылай қолдау көрсетіледі. Ақшадан да маңыздысы, ғылымды мойындауға деген қоғамдық ынта қалыптасып келеді.

Соңғы жылдары Қазақстанда әлемдік деңгейдегі университеттердің бөлімшелері ашыла бастады. «Бұдан қандай пайда?» деген ескі, керітартпа сұрақпен өзімізді тежеуден гөрі, мұндай оқу орындарының қарапайым мәдениетті, ғылыми көзқарасты әрі жаңашыл ойды бірге әкелетінін түсінген жөн. Бұрынғы жоғары оқу орны өндіріс үшін дайын маман әзірлейтін еді. Мысалы, зауыттағы тетікті бұрау не жартылай механикалық жұмыста нұсқауды жаттап, орындап отыру жеткілікті еді. Қазір индустрия дамыған, ақпараттық кезең, енді, міне, жасанды интеллект дәуірі он-жиырма жылда оны да алмастырып, кәсіби талаптарды төңкеріп жатыр. Зауыттардың өзінде жұмыстар автоматтандырылған, деректерді талдауды ЖИ тәрізді жүйелер атқарады. Сондықтан бүгінгі кәсіпорындарға нұсқауды жаттайтын қызметкер емес, шығармашылықпен ойлайтын, «soft skills» деңгейі дамыған, өзгеріс әкеле алатын тұлға керек.

Университеттің міндеті де соған сай ауысты. Білім ордасы дегеніміз – енді диплом тарататын мекеме емес, пікірлес интелектуалдарды тоғыстыратын платформа. Мысалға, жиі айтыла беретін Билл Гейтс пен Стив Джобс диплом алмағанымен, университет қабырғасында жүріп командасын тапты, идеяларын пісірді. Және олардың қандай оқу орнында оқығанын да еске түсіріп көріңіз... Дамыған елде мұғалімдер негізгі теорияны үйретеді, ал дарынды студент оны екі аптада меңгеріп, қалған уақытын пікір алмасуға, стартап құруға пайдаланады. Сондықтан «білімсіз, оқусыз-ақ жетістікке жетуге болады» деу – бос сөз.

Қазір жасанды интеллект дәуіріндегі ең шешуші қасиет – эмпатия. Адамға ақылды болу жеткіліксіз, өйткені ақпаратты машинадан сұрап алуға болады. Ал адамның қоршаған ортаға, қоғамға, болашақ ұрпаққа жанашырлығы мен этикалық ұстанымын ешбір алгоритм толық алмастыра алмайды. Егер сіздің біліміңіз мықты болғанымен, ел мен жерге, тарихи мұраға деген сезіміңіз болмаса, ондай маманды әлемнің кез келген жерінен жалдап ала салуға болады. Сондықтан бүгінгі университет ең әуелі интеллект пен құндылықты, жанашырлықты ұштастыратын тұлға тәрбиелеуге тиіс. Ақылға міндетті түрде жүрек қосылмаса, жасанды интеллект заманында ұлттық мүддені қорғайтын, қоғамға шын пайда әкеле алатын кадр қалыптаспайды.

Бірер жыл бұрын Гарвард студенті атанған математик, гений десек те болады, Ақназар Қажымұрат «жұмбақ күйде» өмірден өтті. Сол жігіт бір сұхбатында «Ғылымның кейбір салаларында М.Өтелбаев, С. Дөрбетхан және А. Жұмаділдаев сынды мықты ғалымдар өз білімін жастарға бөліседі, сол кісілерге алғысым шексіз» деген еді. Ақназар сияқты жас ғалымдарды «жоғалту» біз үшін трагедия ма? Қоғам оның бағасын ұғына алды ма?

Иә, оның қайтыс болғаны үлкен трагедия ғой. Ол жігіт Алматыдағы Математика институтына жиі келіп тұратын. Қандай адам еді... Мұндайда әттеген-ай дегеннен басқа ештеңе айта алмайсың... Жаңа сіз Ақназар Қажымұрат жайлы айтып отырғанда, тағы бір адам ойыма оралды. Әділет Иманбеков деген ғалымымыз болған. Ол да ұлы қазақ еді. Алматыда оқып жүргенімізде, бізге республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындалуға жәрдемдесетін. Кейін Гарвардқа барып, қазақ тарихында алғашқылардың бірі болып диссертациясын қорғады. Қазір Гарвард университетінде оның атымен аталатын кабинет бар. Әлемдік деңгейдегі физика олимпиадаларына қатысқан, нағыз біртуар азамат еді.

Сол Әділет спортпен үнемі шұғылданатын, тауға жиі шығатын. Сөйтіп бір күні сол тауда жүріп оқыс қаза тапты. Хан Тәңірі жотасына қарай, Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасаздан аса бергенде, оның сол қаза тапқан жері бар деп естідік. Ақындарымыз «мың өліп, мың тірілген» деп айтатын еді ғой. Ұлт ретінде біз трагедия мен қуаныштың, қасірет пен үміттің ара жігінде өмір кешіп келеміз. Түсінген жанға біз – әлемдік өркениет пен мәдениеттің ажырамас бөлшегі екеніміз айқын. Аспаннан аяқ-қолы салбырап түсе қалған ұлт емеспіз. Ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи негізіміз бар. Сол негіздің өзегін сақтап, алға жылжыту үшін ғылымдағы қазақ тілін дамытуға міндеттіміз. Себебі бұл тіл – табиғи сүзгіден өтіп, осы өңірдің ортақ мәдени қабатын бойына сіңірген мұра. Әр халық өз тілі мен мәдениетін өркендеткенде ғана адамзат сан түрлі ойлаудың артықшылығына ие болады, ал бұл – прогрестің басты шарты. Егер бәріміз бір тілде сөйлеп, бір үлгіде ойласақ, даму болмайды. Әлем «алма-кезек» жаңарып отыруға тиіс. Сондықтан жаңа ақпаратты қабылдауға, сүзгіден өткізуге міндеттіміз. Сан алуан дәуірлерден өтіп, жерімізді, тәуелсіздігімізді, мәдениетімізді сақтап қалған Орталық Азиядағы елміз. Енді мұның бәрін нығайтуға ауадай қажет қуат нәрсе әрине, ғылым.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

Сізге де рақмет!