Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
2024 жылғы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен коммуналдық секторларды жаңғырту мәселесіне тоқталған еді. Депутаттың мәліметінше, қазіргі таңда «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 4-бабы 16) тармақшасында жылу өндіруші кәсіпорындарға қажет стратегиялық тауарлар тізіміне көмір, газ, мазут және дизель отыны ғана енген.
"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы - жай ғана үйлерді күтіп ұстау жүйесі ғана емес, ол халықтың денсаулығына, қауіпсіздігіне, әл-ауқатына және елдің экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды элемент.
Бұл ретте бұл саладағы бірқатар өзекті мәселелерді атап өткен жөн деп есептейміз.
Біріншіден, жылумен жабдықтаушы кәсіпорындарға арналған стратегиялық тауарлардың тізбесі, атап айтқанда, онда электр энергиясының жоқтығы өзекті мәселе болып отыр.
Басқа міндеттермен қатар, бұл тізім нарықтағы жасанды тапшылықтар мен алыпсатарлықты болдырмау үшін жылу энергиясын өндіру үшін маңызды ресурстарға бағаны реттеуді қамтамасыз етуге және жылумен жабдықтауға байланысты материалдар мен қызмет бағасының тұрақтылығын, сондай-ақ жылу энергиясы тарифтерін өсірмеу үшін жылумен жабдықтаушы кәсіпорындарға ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.
Бүгінгі таңда «Табиғи монополиялар туралы» Заңның 4-бабының 16) тармақшасына сәйкес жылумен жабдықтаушы кәсіпорындарға арналған стратегиялық тауарлардың тізбесіне көмір, газ, мазут және дизель отыны енгізілген. Кейінгі жылдары жылу энергиясын өндіретін кәсіпорындарда пайдаланылатын электр энергиясы көлемі тарифтік құрылымда стратегиялық тауарлар көлемінен асып кетті. Бұл жағдай коммуналдық қызмет көлемінің оның ішінде электр энергиясы тарифінің өсуіне байланысты", - деді депутат.
Электр энергиясын стратегиялық тауарлар қатарына енгізбеу салдарынан, кәсіпорындар бұл шығынды тарифке толық қосуға мүмкіндік таппай, жөндеу-инвестициялық бағдарламаларын қысқартуға мәжбүр. 2024 жылы ғана жылу желілерін жаңғыртуға көзделген қаражаттың елеулі бөлігі (шамамен 795 млн т₸) электр қуатын сатып алуға «жұтылып» кеткен.
"Абай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласының жылумен жабдықтаушы ұйымдарына жүргізілген талдау көңіл көншітпейтін нәтиже көрсетті.
2021 жылы 5 жылдық тариф бекітілген кезде бір ғана жылумен жабдықтаушы ұйымның қаржылық талдауы электр энергиясының құнын 344,7 млн теңге деп көрсетсе, 2024 жылдың қорытындысы бойынша осыған ұқсас шығыстар қазірдің өзінде 1,124 млрд теңгені құрады, пайыздық өсім 326% құрады және жергілікті атқарушы органдардың оны бюджет арқылы субсидиялауға мүмкіндігі жоқ.
Мысалы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша көмірге жұмсалған шығындар бір миллиард теңгеден астамды құрағанын атап өткім келеді!
Осы жағдайдың салдарынан, электр энергиясын сатып алуға кететін шығынды тарифке енгізе алмағандықтан, жылумен жабдықтаушы ұйымдар жөндеу жұмыстарына жоспарланған инвестицияны едәуір қысқартуға мәжбүр болды. (2024 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын сатып алу шығыны 795 млн теңге болды).
Екіншіден, тұтынушыларды жылу маусымына дайындау мәселесі ішкі жылыту жүйелерін реттеу, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, сондай-ақ тұтынушылар тарапынан жылу жабдықтарының жай-күйін тиісті деңгейде бақылаудың болмауы, бұл салада білікті мердігер ұйымдардың жетіспеуі сияқты жүйелі мәселелер бар.
Бүгінгі таңда коммуналдық кәсіпорындардың пайдалану жауапкершілігінен тыс объектілерде жазатайым оқиғалар орын алған жағдайда табиғи монополиялар субъектілері бұзушылықтарды жоюды өз мойнына алуға мәжбүр болатын тәжірибе қалыптасты. Сонымен қатар, мұндай әрекеттер реттеліп көрсетілетін қызметтердің тізбесіне кірмейді және қолданыстағы тариф есебінен өтелмейді, тиісінше, осыған байланысты шығыстар жөндеуге көзделген инвестициялар есебінен жабылады.
Ішкі жылыту жүйелеріне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және реттеу қызметтері технологиялық жағынан негізгі реттелетін қызметке байланысты болғанымен, заң жүзінде табиғи монополия субъектілері бұл қызметтерді көрсете алмайды. Бұл шектеу 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1095 ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген, онда табиғи монополия субъектілеріне реттелетін қызметтермен технологиялық жағынан байланысты қызметті жүзеге асыруға тыйым салынған.
Бұл өз кезегінде табиғи монополия субъектілерінің инфрақұрылымды тұрақты басқару және жылыту маусымында жылу беруді үздіксіз қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау мүмкіндіктерін шектейді", - дейді депутат Дәулет Болатұлы.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, депутат Үкімет басшысынан мына нәрселерді сұрады:
1) электр энергиясын жылумен жабдықтаушы кәсіпорындарды стратегиялық тауарлар тізіміне енгізу үшін Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңына және тарифтерді қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесін;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1095 қаулысымен бекітілген мемлекетке 50%-дан астам акциясы (үлесі) тиесілі заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесіне мынадай қызмет түрлерін қосу жөніндегі мәселені қарастыруыңызды сұраймыз:
- тұтынушылардың жылумен жабдықтау жүйелерінің технологиялық жабдықтарын реттеу, көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жүйелерін жуу және сығымдау;
- тұтынушылардың есептеу құралдарын орнату, техникалық қызмет көрсету және жөндеу;
- тұтынушылардың жылу желілеріне гидравликалық және температуралық сынақ жүргізу;
- тұтынушылардың өтінімдері бойынша жылу желілеріне қосу және ажырату;
- меншік объектілерін жалға беру және басқару.