Орталық Азия психологтерінің форумы Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.
Астанада Орталық Азия психологтерінің форумы басталды
615
оқылды

Бүгін Астана қаласында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Орталық Азиядағы психология: даму жолдары мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

«АМАNАТ» партиясы Әйелдер қанатының қолдауымен өтіп жатқан шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлері және еліміздің ғана психологтері мен ғалымдары емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей, Түркияның өкілдері қатысып жатыр.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әлия Мәмбеталинаның айтуынша, Орталық Азия психологтерінің форумы Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. 

– Конференцияның мақсаты – психология саласындағы ғылыми білім мен практикалық тәжірибемен алмасу, Орталық Азия елдеріндегі психология ғылымы мен психологиялық білім берудің өзекті мәселелерін талқылау, сондай-ақ мамандар арасындағы академиялық және кәсіби байланысты дамыту. Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған Орталық Азия психологтерінің форумы Орталық Азия елдерінің жетекші университеттерінің психологтері арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады және ғылыми көзқарастарды біріктіру, психологиялық білім мен тәжірибе үлгілерін салыстыру, кәсіби стандарттар мен заңнамалық нормаларды әзірлеу үшін сындарлы алаңға айналады, – дейді Әлия Сақтағанқызы.

Форумның ұйымдастырушысы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің Психология кафедрасы.

Олардың мәліметінше, бүгінгі форум негізгі 5 секция отырысынан тұрады. Атап айтсақ, мәдениетаралық зерттеу контекстіндегі түркі халықтарының психологиялық мектептері мен трендтері, қоғамның тұрақты дамуы мақсатындағы менталды денсаулық және психологиялық әл-ауқат, инклюзивті білім беруді психологиялық сүйемелдеудің заманауи үрдістері, тұлға психологиясы мен әлеуметтік топтар психологиясындағы өзекті қолданбалы зерттеулері және психологтің іс-әрекетін реттеуші нормативтік-құқықтық негіздері тақырыптары талқылануда. Артынан пленарлық мәжіліс отырысы өтіп, конференцияның қорытындысын шығарады. 

 – Бүгінгі өтіп жатқан Орталық Азия психологтерінің форумы – түркі әлеміндегі алғашқы іс-шараның бірі. Біздің тамырымыз бір, тарихымыз бір, рухымыз бір болғандықтан біздің халқымыздың психологиялық ерекшеліктерін біліп, әр қоғамда өзінің өзекті проблемаларын шешу жолын қарастыруымыз керек. Жалпы әлемді жаулап жатқан дерттің бәрі біздің елге де еніп жатыр. Мәселен, жаһандану процесі, яғни интервенция – балаларымыздың санасын жан-жақты улаудың қарқыны өте қатты. Мысалы, жастарымызды жаппай дінге кіргізу не болмаса басқа ағымға тартып, шатастыру бар. Сондықтан санамызда әлемдік деңгейде соғыс жүріп жатыр. Осы шырғалаңға түсіп кетпес үшін барынша жұртымызға, елімізге көмектесіп, халықтың психикалық денсаулығының мықты болуына атсалысуымыз тиіс. Еліміздің әл-ауқатын күшейту үшін психология туралы заң қабылданып, оған мемлекет деңгейінде нормалар қарастырылуы керек. Қазақстанда психология ғылымының дамуына барлық алғышарт жасалған. Сол себепті әлі  де болса, біздің мамандармыз  бен ғалымдарымыздың осы процеске қосар үлесі өте көп, – дейді Қазақ психология қоғамының  президенті Мұқан Әтенұлы.

Оның айтуынша, қазақ психология қоғамының негізгі проблемасының бірі – әлеуметтік мәселені шешу. Сол үшін Қазақстандағы қазақ тілді психология саласының мамандарын бір жерге шоғырландыру қажеттігін жеткізді.