Сыр халқы Үкімет отырысында қабылданған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру туралы бастамасын зор ықыласпен қолдап отыр. Бұл экономикалық реформа бірінші кезекте инвестиция тартуға, өндірістік қуатты арттырып, өңірдің экспорттық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтеді.
Жаңа мүмкіндіктер алаңы
311
оқылды

Негізінен, арнайы қаулы Премьер-Ми­нистр Олжас Бектеновтің Қызыл­орда облысына жұмыс сапары бары­сын­да берілген тапсырмаларын орын­дау мақсатында әзірленіп отыр. Осы ба­­ғытта Қызылорда қаласындағы жаңа­­дан ашылған халықаралық әуе­жай терминалының жанынан 550 гек­тар аумақ белгіленген. 

Жалпы, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін өміршең жобалар мен ауқымды бастамалар тұрақты түр­де жүзеге асырылып келеді. Соның ішін­де мұндай реформа Қызылорда об­лысының тарихында бұған дейін де жү­зеге асырылды. Нақтысын айт­қан­да, Пре­зи­ден­ттің 1996 жылғы 8 қазандағы №3123 Жарлығына сәйкес Қызылорда ар­найы экономикалық аймағы құ­рыл­ған болатын. Алайда бұл реформа қол­даныста көп болмады. Нақтысын айт­қанда, 2007 жылға дейін қабыл­дан­ған бұл реформа түрлі эко­номикалық жә­не құрылымдық себеп­ке бай­ла­ныс­ты тек 1999 жылға дейін ғана жұ­мыс жүргізді. Дейтұрғанмен, осы қыс­қа мерзім ішінде Сыр өңірінде эко­номикалық аймақ құру идеясының өзек­тілігін ашып көрсете алды. Оның маңыз­ын сол реформаны жүзе­ге асыру кезеңінің басы-қасында жүр­ген сарапшылар да жоққа шы­ғар­май­ды.

Бұл сол бір тоқырау кезеңінде ты­ғы­рықтан шығудың басты жолы ре­тінде қарастырылғаны белгілі. Яғни, жап­пай жекешелендіру үдерісі жүріп жат­қан уақытта экономикалық рефор­ма арқылы кәсіпкерлікті дамытуға қол­­дау жасай отырып, халықты кәсіп­кер­лікке жұмылдыру көзделді. Сол ке­зеңде әкімшілік кеңес төрағасының орын­басары болған Нәжмәдин Мұса­баев экономикалық реформа облыс дамуына оң серпін бергенін алға тар­тады. 

«Еліміз Тәуелсіздігін алып, нарық­тық экономикаға қадам басқан тұста ел экономикасында көптеген өзге­ріс­ орын алды. Одақтық қатынастар тоқ­таған алғашқы жылдары бәріне қиын болды. Ол уақытта басқасын айт­­­па­ған­да, елде азық-түлік тап­шы­лы­ғы се­зіл­ді. Тіпті, нанның өзін ке­зек­ке тұ­рып алатын күйге жеткеніміз ел есін­де. Сол тоқырау кезеңде алғаш рет шаш­тараз бен аяқкиім жөндеу ше­бер­ханасын жекешелендіріп, куәлігін та­быстаған кез де дәл бүгінгідей көз ал­­дымда тұр. Бұған қоса, жәрмеңкелер өт­кізіп, елді мекендерде, білім орда­ла­ры жанынан кіші цех пен фер­ма ашыла бастады. Ол кезде облыс әкі­мінің орынбасары қызметін атқа­ра­тын едім. Соған орай елді қиын­дық­тан алып шығудың барлық тетігі қарас­ты­рыл­ды. Соның негізінде Қы­зылор­да қа­­ласы арнайы экономикалық ай­ма­ғын құруға шешім қабылданды. Бұл уақытта Қызылорда қаласы әкі­мінің орынбасары лауазымын атқар­дым. Осылайша, Қызылорда қаласы ау­мағында қүрылған АЭА арқылы об­­­лыс орталығына жеткізілетін бар­лық тауар, құрылыс материалы, техника мен өндіріс өнімдері жеңіл­­­­­­детілген кедендік салық төлеуге мүм­кіндік ал­ды. Яғни, өңірімізде өн­ді­рілмейтін азық-түлік өнімдерін, құ­рылыс тауар­ларын сырт­тан жет­кізу­ге көптеген жеңіл­дік жасал­ды. Со­­­ның арқасында бас­­қа өңірлер­мен са­лыс­тыр­ғанда Қы­зыл­орда облы­сын­да өр­леу бай­қал­ды», – дейді сарап­шы.

Архив деректеріне зер салсақ, эко­номикалық реформа 1997 жылы жо­ға­ры қарқында жүргізіле бастады. Сол жы­лы аталмыш арнайы аймақтың Әкім­шілік кеңесінің Жарғысы бекі­ті­ліп, оны басқару құрылысы нақ­ты­ла­на­ды. Соның негізінде қала әкімі – Қы­зылорда арнайы экономикалық ай­мағы Әкімшілік кеңесі төрағасының іс-қимыл жоспары, Қызылорда АЭА-ның 1997 жылға арналған бюджеті бе­кі­тіледі. Сонымен қатар 1997-2000 жыл­дарға арналған шағын және орта кә­сіпкерлікті дамыту және қолдау бағ­дарламасы қабылданды. 

Ол уақытта Қызылорда арнайы эко­номикалық аймағы 821 шаршы ки­лометр жерді құрады. ҚАЭА-ға тие­сілі әкімшілік-аумақтық құрылымы 8 әкімшілік бірлікке кірді. Оның құра­мын­да Қызылорда қаласынан бөлек, Тасбөгет, Белкөл қыстағы мен қала іргесіндегі 5 ауылдық округ болды. 

Сол кезеңде ҚАЭА-да Қызылорда қа­ласындағы кәсіпкерлікті дамыту, ша­ғын өндіріс орындарын өркендетуге жағ­дай жасау, халыққа қызмет көрсету са­ласындағы шағын кәсіпкерлікті да­мыту, бизнесті қолдау инфра­құры­лы­мын ілгерілету секілді бағыттарға ба­сым­­дық берілді. Сол сияқты инвес­ти­циялық ахуалды арттыру негізінде құ­ны 35,5 млн АҚШ доллары болатын 65 бизнес-жоба әзірленіп, оған шетел­дік инвесторлар тартылып, ауқымды жұ­мыс атқарылды. Өңірде 8 бір­лес­кен кәсіпорын табысты жұмыс жа­сады. Осындай жұмыстар нәти­же­сінде аймақтағы өңдеу кәсіпорын­да­рын­да өнімдер көлемі едәуір артты. Бұл – бұған дейін өңірде қабылданған эко­номикалық реформа аясында ат­қа­рылған қыруар жұмыстың бір парағы. 

Сыр жұртшылығы биылғы «Қор­қыт Ата» АЭА-дан да осындай жемісті нәтиже күтетіні жасырын емес. Осы­дан 30 жылға жуық уақыт бұрын жи­на­ған тәжірибеге сүйене отырып, ай­мақтың әлеуетін арттыруға негіз бо­латын тың бастамалар жүзеге асы­рылатынына сеніммен қарайды. 

Жалпы, бұл жолғы мақсат – өңірге и­нвестиция тарту, салық түсімдерін азайту, жаңа жұмыс орындарын қүруға не­гізделген. Сонымен қатар өнеркәсіп орын­дарын құру және көліктік-логис­тикалық әлеуетті дамыту есебінен на­рық­ты сапалы және бәсекеге қабі­лет­ті өніммен қамтамасыз етуге ба­сым­дық беріліп отыр. 

Негізінен, бұл жолғы «Қорқыт ата» ар­найы экономикалық аймағының қүры­лымына 3 ішкі аймақ енгізілген. Атап айтқанда, авиацияға қызмет көр­сету, көтерме-бөлшек сауда, қоймалау жә­не сақтау аймағы мен өнеркәсіптік ай­мақ кіреді. Арнайы экономикалық ай­маққа құрылыс индустриясы, жеңіл өнер­кәсібі, машина жасау, көлік-ло­гистика, технологиялар мен ин­но­ва­ция­лар салаларындағы инвести­ция­лық жобалар жоспарланып, жеңіл өнер­кәсіп саласы бойынша жүн және тері өңдеу, киім өндірісі, тоқылмаған ма­териал өндірісінің тізбесі енгізілген. Экономикалық реформаға қатысу­шы­ларға белгіленген заңнамаға сәйкес са­лықтық және кедендік жеңілдіктер қа­растырылып отыр. 

«Қызылорда қаласында жаңадан ашылған «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының терминалы жанынан арнайы экономикалық аймақ құру ше­шімі құптарлық іс деп ойлаймын. Бұл бірінші кезекте қаламыздың эко­номикалық әлеуетінің артуына, өсіп-өркендеуіне зор ықпалын тигізеді де­ген үміт зор. Аталмыш аумақта ин­ве­тиция тарту арқылы ауқымды жо­балар жүзеге асырылып қана қоймай, қо­сым­ша жұмыс орындарының ашы­луы көп­шілік қауымның ертеңге деген се­німін еселей түскені анық. Осы ар­қылы Қызылорда халқын жұмыспен қам­тып, өңірде кәсібін өрістетуге мүд­делі кәсіп­керлерге де бар жағдай жа­салады деп күтілуде. Сондықтан бұл бастаманы қол­даймыз және оң нәтиже бол­тынына сеніммен қараймыз», – деп ойын жеткізді Нәжмәдин Түрі­к­бенұлы. 

Жалпы, аталмыш стратегиялық жо­ба Қызылорда облысының эко­но­микалық дамуына тың серпін береріне се­нім зор. Оның ішінде аймаққа ірі отан­дық және шетелдік инвесторлар тар­ту, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу, 3 000-нан астам жаңа жұмыс орын­дарын ашу мен облыстық экс­порт­тық және көліктік әлеуетін кү­шейту жоғары маңызға ие. Осы арқы­лы Қызылорда өңірін Қазақстанның логистикалық және өндірістік карта­сын­да жетекші орынға шығарады деп кү­тілуде. Сондықтан Сыр халқы эко­номикалық реформаның келешегіне зор үмітпен қарайды.  

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы