Азия чемпионаты алдындағы дайындық кезінде Мөлдір Жаңбырбайдың қызымен бірге татамиде жүргеніне сүйсінген жан көп еді. Кейіннен «барған жеріңнен жүлдесіз қайтпа» деген көптің тілегі қабыл болды.
Ташкенттегі тарихи нәтиже
300
оқылды

Азия чемпионаты алдындағы дайындық кезінде Мөлдір Жаңбырбайдың қызымен бірге татамиде жүргеніне сүйсінген жан көп еді. Кейіннен «барған жеріңнен жүлдесіз қайтпа» деген көптің тілегі қабыл болды. Ал чемпионат кезінде Әсел Қанайдың қайсар мінезі талайды тәнті етті. Аяғындағы жарақатына қарамай, шығып, жеңісті жұлып алды. Сол сияқты Софья Берульцеваның командасындағы қыздарға рух беріп, әр кездесуге шешуші сайыс ретінде қарағаны таңдай қақтырды.

Мінез бен рух

Иә, еліміздің каратэ құрамасы –  Азияның үздігі. Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында каратэшілер 29 елдің ішінен бірінші орынға шықты. Ұлттық  құрама 4 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль еншіледі. Екінші орында Жапония (3 алтын, 5 күміс, 4 қола), үздік үштікті үш алтынмен Вьетнам түйіндеді. Осылайша, тарихта тұңғыш рет қоржынға төрт алтын медаль түсті. Ұлттық құрама  осыған дейін жалпы есепте бір рет топ жарған. 2023 жылы Малайзияда командаға 1 орын үшін 3 алтын жеткілікті болған. Биыл сары құрлық чемпионатында таңдаулы 421 спортшы қатысты. 

Бесінші алтын түсер ме еді, кумитеден қыздар құрамасына сәл ғана сәттілік жетпей қалды. Әйтпесе, олардың бойыннан жігер мен жалынды байқамау мүмкін емес. Олай болмағанда жартылай финалда Ираннан жеңісті жұлып алмас еді. Ұлттық құрама сапында Софья Берульцева, Дайяна Даренская, Николь Ценгель мен Нұрия Тізімбай соңына дейін айқасты. Иран қыздары да барын салып, екі кездесу бойынша тең есеп тіркелді. Шешуші кездесуде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Жеңіске жете салысымен, командаластарын құшақтап, «Алға Қазақстан» деген дауысы арена ішінде жаңғырды. Қыздардың қуанышында шек болған жоқ. Алтынға, үлкен арманға бір қадам қалған-ды. Алайда финалда Вьетнам қыздары қырағы қимылдап, алтынды қолдан бермеді. Десе де, күміс медальдің сыңғыры ұзақтан естілгеніне жанкүйер қуанып, бапкер мақұлдады. 

Қыздар жайлы әрі қарай жалғасақ. Бәрін айтта бірін айт, Әселдің кіші финалдағы күресін айт. 61 келіде өнер көрсеткен отандасымыз жартылай финалда өзбек қызымен өткен жекпе-жекте жарақат алып қалды. Аяғы ақсап тұрса да, соңына дейін берілген жоқ. Алайда финалға шыға алмады. Есеп 3:3 өзбек қызының пайдасына шешілді. Ауырсынуға қарамай, Малайзия спортшысымен жекпе-жек өткізді. Қызығы, татамиде аяғын сылтып басқан Әсел жоқ. Бойды кернеген намыс па, тістеніп тұрып барынша шабуылдады. Нәтижесінде, қарсыласқа ұпай бермей, қола медаль иеленді. Кездесу аяқталып, бапкерге қарай аяңдағанда ет қызуы басылып, ауырсынғаны білініп-ақ тұрды. Бапкеріне жете бере, егіліп жылады. Мұны көрген жанкүйер таңданысын жасырмады. Әселге тұрып қол соғып, намыспен күресу осындай болады  десті.

Әсел Қанайдан басқа,  Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг), Данияр Юлдашев    (-84 кг), Диас Ұлбек (+84 кг), кумитеден Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль алды. Соның ішінде Диас Ұлбек ересектер арасындағы Азия чемпионатында алғаш рет жүлдеге ілікті. Аса ауыр салмақтағы қола медаль үшін үнді спортшысынан айласын асырды. 

Қоржында – Төрт алтын 

Каратэден Ұлттық құраманың бас бапкері Дархан Асаділов чемпионаттан кейін «жүлде алуы керек спортшылар айтқанын орындады» деді. Жастар да өздерін барынша көрсеткенін, алда тыңғылықты да-

йындалып, Ұлттық құрамадағы қыз-жігіттердің орнын басар резерв барын атап өтті. Оның айтуынша, Азия чемпионы атанған спортшыларымыз күздегі әлем чемпионатына жолдама алды. Ал қалған каратэшілеріміз алдағы іріктеу турниріне дайындалады. 

Бас бапкер нұсқаған жүлдеден үмітті спортшының бірі Жоламан Биғабыл еді. Айтқандай, ол кумите бағдарламасында 55 келіге дейінгі салмақтың финалында өзбек спортшысы Собитхон Қосимовты ұтты. Бұл – Ташкент татамиіндегі алғашқы алтын еді. Одан кейін 75 келдідегі Нұрқанат Әжіқанов болса, финалда Иран елінің өкілі Мемати Мортезадан басым түсті. Осылайша, Нұрқанат үш дүркін Азия чемпионы атанды. Әжіқановтың ендігі биігі – әлем чемпионы атану. 

«Иә, бүгін қатарынан үшінші рет Азия чемпионы атандым. Бұл менің ғана емес, барлық комнаданың жеңісі. Бапкерлік штаб, дәрігер, массажист пен  психологтің көрінбейтін еңбегі бар. Алда әлем чемпионатына тыңғылықты дайындаламын. Жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын. Бұрын алған қола медалімді алтынға ауыстырғым келеді. Сол үшін барымды саламын», – деді Нұрқанат Әжіқанов. 

Турнир тосынсыйы атанған спортшысының бірі – Дайяна Даренская. Ол ересектер арасында алғаш рет құрлық бәсекесіне қатысып, топ жарды. 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда жапон каратэшісі Кама Цубасаны ұтты. Әлем чемпионатына жолдама алып жатып, толқып жүріп татамиге шықса да, жасымағанын айтты. 

Ал Софья Берульцева нық сеніммен, жо­лында кездескен бар қарсыласын жапырып жүріп, Азия чемпионы атанды. Аса ауыр салмақтағы (68+) жартылай финалда өзбек каратэшісін соңғы секундта ұтып, финалға жолдама алды. Әсіресе, оның темір соққысы көпшілікті қайран қалдырды. Берульцева сияқты жүйкесі берік спортшы ғана жеңіліп тұрып, камбэк жасайтыны белгілі. Әрі мынадай жойқын соққы финалда алтын алмай қоймайтынын күні бұрын дәлелдегендей. Расымен, ол ақтық сында жапон қызы Сугита Сумиреден басым түсті. 

Ташкент татамиі Ұлттық құрамаға қатты тиген жоқ. Жастардың ересектерден қал­май, бәсекелесе алатынын көрсетті. Тіс қаққан спортшының тәжірибесі рөл ойнайтынын тағы да дәлелдеді. Арқаңда елдің аты, алдыңда асу тұрғанда артқа шегіну қазақтың қызына да жат екенін айқындады. Әселдің көз жасын сығып тұрып, қола медальді сүйгені алтынның ауылы алыс емесін нұсқады. Берульцеваның мынадай энергиясы әлі талай жүлденің қоржынға түсерін көрсетті. Жоғары дәрежеде өткен чемпионат жанкүйерін де, спортшысын да қуантты. Жалпы, Ташкентте сары құрлық чемпионатын осымен үшінші рет қабылдады.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ