Aikyn.kz термоядролық зымыран туралы gizmodo.com жариялаған хабарламаның маңызын түсіндіреді.
Британдық стартап Марсқа ұшу уақытын 2 есе қысқартатын термоядролық зымыран жасамақ. Фото nextbigfuture.com сайтынан алынды
Pulsar Fusion компаниясы 2027 жылға қарай әлемдегі алғашқы термоядролық зымыранды ұшырмақ. Соңғы онжылдықта ядролық қозғалтқыштарды әзірлеумен айналысатын британдық стартап Марсқа ұшу уақытын екі есе қысқартатын термоядролық зымыран жасау жұмысын жабық жағдайда жүргізіп келді. Осы аптада компания бұл тұжырымдаманы тартымды видеоролик арқылы көпшілікке таныстырды.
Компанияның мәліметінше, Pulsar Fusion әзірлеген Sunbird Migratory Transfer Vehicle зымыранның жылдамдығы сағатына 529 000 шақырымға дейін жетеді. Бұл оны адамзат жасаған ең жылдам қозғалтқышты құрылғыға айналдырып, ғарыштық саяхат уақытын айтарлықтай қысқартпақ.
Pulsar Fusion компаниясының бас директоры Ричард Динан қазіргі зымырандардан ерекшелігі – Sunbird жерден емес, әрқайсысы бес зымыранға дейін орналасатын алып орбиталық түйісу стансаларынан ұшырылатынын атап өтті.
Видеода осы зымырандардың бірі өз стансасынан бөлініп, сегіз қозғалтқышын пайдаланып, үлкенірек ғарыш кемесіне (видеода SpaceX Starship жоғары сатысына ұқсас) ұқыпты түрде түйісіп, оны алыс ғаламшарға бағыттап ұшырады. Sunbird ғарыш кемелеріне арналған реактивті иыққапты (рюкзак) елестетеді. Мақсатты жеріне кемені, жүкті апарған Sunbird одан бөлініп шығып, ғарыштағы өзінің тұрағына (стансаға) қайта түйіседі. Мұндай жүйе зымырандарды қайта-қайта пайдалану мүмкіндігін береді, олар ғарыш кемелерін терең ғарышқа және кері тасымалдап отырады.Sunbird зымырандары Dual Direct Fusion Drive (DDFD) деп аталатын қос тікелей термоядролық қозғалтқыштар арқылы бұрын-соңды болмаған жылдамдыққа жетпек. Бұл – Күн мен басқа да жұлдыздарды қуаттандыратын ядролық синтез процесінде қолданылатын технология.
Теория жүзінде мұндай қозғалтқыш қазіргі кез келген зымыран қозғалтқышына қарағанда әлдеқайда көп энергия өндіре алады. Pulsar Fusion компаниясы DDFD қозғалтқыштарының шығатын ағын жылдамдығы секундына 500 шақырымға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Алайда бұл технологияны толық қолдану үшін әлі де біршама уақыт қажет.
Компанияның хабарлауынша, биыл жыл соңына дейін өзінің энергетикалық жүйесінің компоненттерін көрсетуді жоспарлап отыр. Келесі кезең – орбитада сынақ өткізіп, 2027 жылға дейін ғарышта ядролық синтезді іске асыру.
Әлемдегі алғашқы термоядролық зымыранды небәрі екі жыл ішінде ұшыру – өте өршіл мақсат. Бірақ Pulsar Fusion бұл бағытта өсіп келе жатқан қызығушылық жобаның ілгерілеуіне түрткі болады деп сенеді. Шынында да, АҚШ пен басқа да жетекші ғарыш державалары Ай мен Марсқа арналған өз миссияларына ауқымды жоспарлар құрып отыр.
Sunbird зымырандары салмағы 1 000-2 000 келі аралығында болатын жүктерді Марсқа жеткізетін болады. Фото thenextweb.com сайтынан алынды
Sunbird зымырандары жүктерді екі бағытта тасымалдай алады. Компания сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, бұл зымырандар коммерциялық жүктерді – тұрғын үй модульдері, Марстың бетінде қозғалатын көліктер мен жабдықтарды – Марсқа алты айдан аз уақыт ішінде жеткізе алады. Жүктің салмағы 1 000-2 000 келі аралығында болады.
Payload порталының мәліметі бойынша, Sunbird зымырандарын Күн жүйесі бойынша зондтар тасымалдауға, астероидтардан пайдалы қазбалар өндіруге арналған миссияларға көмектесуге, алыс ғарышқа телескоптар жеткізуге де қолдануға болады.
Pulsar Fusion компаниясының басшысы Динанның айтуынша, әрбір зымыран шамамен 70 миллион доллар тұратын болады. Алайда ол бұндай жоғары баға «елеулі қайтарыммен» өтелетінін айтады. Клиенттер зымыранды орбиталық логистикада, терең ғарыштағы ғылыми миссияларда немесе инфрақұрылым орналастыруда қолдана отырып, бір-екі жылдың ішінде салған қаржысын қайтара алады.
Бүкіл жоба орбитадағы сынақтардың сәттілігі мен технологияның жылдам дамуына тәуелді. Бірақ егер Pulsar Fusion өз Sunbird зымырандарын ұшыра алса, онда ғарыш кеңістігі бізге әлдеқайда жақындай бастайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.