Отбасы банк 2 маусымнан бастап алдын ала және аралық қарыздарды мерзімінен бұрын өтеуге қатысты жаңа шектеулер енгізеді. Бұл өзгеріс мыңдаған салымшы үшін бұрынғы қалыптасқан тәртіпті өзгертпек, - деп хабарлайды Aikyn.kz Krisha.kz-ке сілтеме жасап.
Не өзгереді?
Бүгінде Отбасы банктегі қарызды мерзімінен бұрын өтесеңіз, депозитіңіз сақталып, оны келесі ипотекаға пайдалана аласыз. Ал 2 маусымнан бастап бұл мүмкіндік жойылады. Егер сіз алдын ала немесе аралық қарызды толық өтеуді шешсеңіз:
- депозиттің барлық қаражаты қарызды жабуға жұмсалады;
- келісімшарт бұзылып, депозит жабылады;
- қайта қатысу үшін жаңа депозит ашып, қаражатты қайта жинау қажет болады.
Бір депозитті бірнеше рет пайдаланып үйренген салымшылар – енді бұл мүмкіндіктен айырылады. Олар қарыз алып, тез жауып, сол депозитпен жаңа несие рәсімдей алатын. Енді бұл тәжірибе тоқтайды.
Бұл өзгеріс не үшін қажет?
Отбасы банк – қарапайым ипотекалық ұйым емес. Ол – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі. Мұнда бір адамның салымы – екінші бір адамның несие көзі. Сондықтан негізгі қағида – ұзақмерзімді және өзара сенімге негізделген қатысу.
Кейінгі жылдары кейбір клиенттер жүйені кредит конвейері ретінде пайдалана бастады:
- несие алып, тез арада мерзімінен бұрын өтейді;
- сол салымды қайтадан жаңа несиеге пайдаланады.
Бұл жүйенің тұрақтылығына кері әсер етті:
- қаржы банкте ұзақ сақталмайды;
- жаңа клиенттерге қаражат жетпейді;
- қаржыны үш жылдан астам адал жинаған клиенттер зардап шегеді.
Мысалы, клиенттердің жартысы ипотеканы алып, екі айдан кейін қайта өтеп, жаңа ипотека алса, жүйеде ұзақ мерзімді жинақтар азаяды. Осылайша банк төмен пайызбен жаңа несиелер беру мүмкіндігін жоғалтады.
Отбасы банк бұл өзгерістерді былай түсіндіреді:
- бір депозитті бірнеше рет пайдалану тұрғын үй жинақ жүйесінің негізгі ұзақ мерзімді жинақтау қағидатына қайшы келеді;
- бұл шара банкке жаңа несиелер үшін қаржы жеткілікті болуын қамтамасыз етуге бағытталған;
- жүйе барлық қатысушылар үшін әділ және тұрақты жұмыс істеуі керек.
Клиенттер нені білуі керек?
- егер сіз несиеңізді мерзімінен бұрын толық өтесеңіз, қайта ипотека алу үшін жаңа депозит ашып, нөлден жинақтауыңыз қажет;
- егер депозитіңіз 3 жылдан аз болса, мемлекеттік сыйақыны қайтаруға тура келеді;
- шектеулер тек толық өтеуге қатысты, ішінара өтеу бұрынғыдай жүзеге аса береді.
Қорыта айтқанда бір депозитпен бірнеше рет қарыз алғандарға бұл өзгеріс тиімсіз. Ал жинақты жүйелі түрде жинап отырғандар үшін ештеңе өзгермейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.