Түркістан облысында тұратын Ақжүніс Атахан Американың – 17, БАӘ – 5, Түркияның – 6, Малайзияның 5 университетінің грантын ұтып алды.
Ауыл оқушысы әлемнің 40-қа жуық  үздік университетінен шақырту алды
Фото: gov.kz
607
оқылды
Сарыағаш ауданындағы Қапланбек ауыл округіне қарасты Қанағат ауылындағы №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ақжүніс Атахан әлемнің беделді 36 университетінен шақырту алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық қатынастар мамандығын таңдаған жас түлек дүниежүзіндегі озық университеттерде білім алып, өз саласын жетік меңгерген майталман маман болуды армандайды. Әлем назарын аудартқан талапты оқушының ҰБТ-дағы бағалары да көз қуантарлық. Білім сынағының соңғы нәтижесі бойынша 111 ұпай жинаған.
Ауыл мектебінде оқитын Ақжүніс Асылханқызы  шетелде оқып, жаңа ортада өзгенің мәдениетін танысам, білім көкжиегімді кеңейтсем деген ниетпен үздіксіз ізденген. Нәтижесінде, ол Дубай, Түркия, Малайзия, Канада, АҚШ секілді дамыған елдердегі университеттерге құжатын жіберіп, 36-сынан шақырту алған. 16 жастағы оқушы Американың – 17, БАӘ – 5, Түркияның – 6, Малайзияның  5 университетінің грантын ұтып алып, Канаданың 1 университетіне президенттік стипендиямен оқуға шақыртылып отыр, – делінген хабарламада.
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап үздіктер тақтасынан түспеген Ақжүніс Атахан оқуда озат, ізденімпаз оқушылардың қатарында. Ақжүністің жетістігі – өңірдегі өзге оқушыларды қанаттандырды.
Өйткені ол – аталмыш білім ордасынан шетелдік оқу орындарынан шақырту алған алғашқы шәкірт. Талапты жас енді әлемнің ең үздік  университетінің бірінде білім алып, елге қызмет етуді мақсат етіп отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.