Қазақ халқының музыкалық мәдениетінде күй өнерінің алар орны ерекше. Күй –бұл тек аспаптық музыка ғана емес, ол халықтың тарихын, дүниетанымын, болмысын жеткізе алатын өнер түрі.
Күйші болу кәсіп пе, миссия ма?
Фото: istockphoto.com
1,642
оқылды

Сондықтан да күй өнері ғасырлар бойы халықтың жүрегінен орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жетті. Ал сол күйді тартатын адамды күйші дейді.

«Күйші» ұғымы жай ғана орындаушыны білдірмесе керек. Қазақ үшін  күйші – халықтың сөзін жеткізуші, күй арқылы елдің мұңын, қуанышын, сағынышын, үмітін күйге қосып жеткізетін ерекше тұлға. Кейбір зерттеушілерді оқып отырсақ, күйшілер кейде жыраулармен, абыздармен, бақсылармен қатар қойылады. Олар елдің рухани тірегі, халық тарихын жеткізе алатын рухани көпір. Сондықтан күйші болу тек аспапта ойнау шеберлігі емес, бұл жауапкершілікті де талап етсе керек. 

Осы тұрғыдан алғанда бір сұрақ туындайды. Күйші болу бұл тек кәсіби мамандық па, әлде халық алдындағы тарихи миссия ма? Қазіргі таңда күйшілік өнері академиялық жүйеде оқытылып, кәсіби жолға қойылып келеді. Алайда күйші болудың мәні мен миссиясы жай ғана кәсіптік дағдымен шектеле ме? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін біз екі жолды да талдап көруге ниеттендік. 

Байырғы қазақ қоғамында «күйші» белгілі бір әлеуметтік немесе кәсіби топтың өкілі емес, ел ішіндегі ерекше өнерге ие тұлға ретінде танылған. Этнографиялық деректерге сүйенсек, күйші көбінесе өз ортасынан  дараланып, есту қабілетінің ерекше болуы, шабыт келгенде күй шығара алуымен ерекшеленген. Ол тек орындаушы ғана емес, сонымен қатар композитор, шежіреші, тіпті кейде елдің рухани жетекшісі де бола білген. Күйшінің атағы мен беделі оның техникалық шеберлігінен бұрын, жүректен-жүрекке жеткізе алатын қасиетіне байланысты болған.

Халық арасында күйшіге қойылатын талап тек домбыра тарту шеберлігімен шектелмеген. Біздің ойымызша, күйшінің басты міндеті сол кездегі тарихты (оқиғалар мен адамдар) күй ретінде сақтау болған. Әрине, онымен қоса шер тарқату мен көңіл күй көтеру функциялары да болғаны анық. 

Жоғарыда жазғанымыздай, кейде этнографтардың еңбектерін оқып отырып, күйшілік пен бақсылықтың арасында да байланыс барын көреміз. Ертедегі көшпелі дүниетанымда домбыра тек музыкалық аспап емес, тылсыммен тілдесудің құралы да болған. Бақсы өз жырларын қобызбен жеткізсе, күйші домбырамен «елмен, тарихпен сөйлескен». Ғалымдардың жазуынша, күй тарту процесі көбінесе транс күйге енумен, шабытпен, ерекше рухани толғаныспен байланысты болған. Бұл жағынан алғанда, күйші мен бақсыны халықтың рухани әлемін қалыптастыратын, оны қорғап, жеткізетін тұлғалар болған деп жазғандар бар.

Ертеректе күйшінің бойында абыздық сипат   болған деседі. Ол орындаушы ғана  емес, сонымен қатар ойшыл, данагөй, уақыттың тынысын сезе білетін адам. Дәстүрлі (қазақы) ортада күйшілер кейде ел ішіндегі дау-дамайды шешуге де шақырылған. Мысалы,  Тәттімбет, Дәулеткерей, Бейсенбі секілді күйшілердің тек домбыраны ғана емес, билікті де қолына алғаны тарихтан белгілі. Бұл ерекшелік күйшінің қызметін тек өнер саласымен шектемей, оны кеңірек – ұлттың тарихын сақтаушы, рухани бағыт-бағдар беруші ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде күйшілік өнері кәсіби сала ретінде толық қалыптасты. Музыка колледждері мен жоғары оқу орындарында домбыра сыныбы бойынша мамандар даярланып, күй репертуары ғылыми жүйеленіп, академиялық деңгейде зерттелуде. Күйшілер түрлі республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, кәсіби концерттік сахнада өнер көрсетеді. Аталған үрдіс күйді кәсіби өнер саласына енгізіп, орындаушысын маман ретінде тануға мүмкіндік берді.

Күйшілікпен кәсіби түрде айналысатын адамдар үшін бұл табыс көзіне айналған мамандық. Олар оқу орындарында ұстаздық етеді, ансамбльдер мен оркестрлерде жұмыс істейді, жеке концерттер ұйымдастырады, шеберлік дәрістер өткізеді. Сонымен қатар медиа мен әлеуметтік желілер арқылы өз шығармашылығын кеңінен насихаттап, күйдің жаңа аудиторияларға жол табуына ықпал етіп жүр. Бұл жағдайда күйші тек орындаушы ғана емес, сонымен қатар продюсер, педагог, контент жасаушы рөлін де қатар атқарады.

Алайда күйдің мәдени индустрияға енуі оның бастапқы рухани мәніне белгілі бір дәрежеде әсер етуде деп есептейміз. Кейбір орындаушылар күйлерді қысқартып, көрерменге «ыңғайлы» форматта жеткізуге мәжбүр болады. Коммерциялық сұраныс кейде күйдің терең мазмұнын екінші орынға ысырып, оны тек сахналық шоу элементіне айналдырып жіберуі мүмкін. Сондықтан күйдің кәсібиленуімен қатар, оның рухани мағынасын жоғалтпай сақтау мәселесі де өзекті болып отыр.

Әуелгі сөз басында жаздық, күйші – халықтың жадын күй арқылы жеткізуші рухани дәнекер. Дәстүрлі мәдениетте күйдің өзі жазу-сызусыз қоғамның тарихи жадының бір түрі, ал күйші сол жадының сақтаушысы ретінде қабылданған. Күйшілер ел ішіндегі елеулі оқиғаларды, тарихи кезеңдерді, жеке адамдардың тағдырын күй арқылы суреттеп, оны келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырған. Бұл миссия жай ғана орындаушылық шеберлік емес, халықтың үнін естіп, оны жүрекпен жеткізе білу қабілетімен өлшенетін үлкен жауапкершілік болса керек.

Домбырашының күйі – қуаныш пен қайғыны, жеңіс пен қасіретті бейнелейтін ерекше тіл. Құрманғазының «Адайы», Тәттімбеттің «Саржайлауы», Динаның «Әсем қоңыры» сияқты күйлер   әуен ғана емес, олар тұтас бір дәуірдің, халықтың ішкі күйінің көрінісі. Күйшілер арқылы халық өз мұңын айтып, үмітін білдіріп, ішкі жан-дүниесін сыртқа шығарған. Осы арқылы күйші ұлттың «collective memory» – ұжымдық тарихи санасының тірі мұрагеріне айналған.

Күйшінің осындай миссиясы оның өнеріне ерекше жауапкершілік жүктейді. Ол тек домбыра шертіп отырған адам емес, ол  халықтың ішкі дауысын, сезімін жеткізетін тұлға. Күйші күй тартқанда өзінің емес, елдің сөзін сөйлейді. Сондықтан күйші болу дегеніміз «рухани қызмет» деп есептейміз. Бұл қызмет тек шеберлікпен емес, терең таныммен, ниетпен атқарылатын парыз. Халық күйшіден шындық күтеді, ал шындықты күймен айту үлкен рухани батылдық болса керек.

Әрине, күйшілік өнерінде кәсіп пен миссия бір-біріне қарсы ұғымдар емес, қайта өзара толықтырып, байытып тұратын қос қырлы болмыс ретінде қарастыруға болады. Шын мәнінде, кәсіби дайындық күйшілік миссияны тереңірек жүзеге асырудың бір құралы ғой. Заманауи күйші кәсіби білім мен сахналық тәжірибе арқылы өзінің рухани жолын нығайта алады. Ал керісінше, тек техникалық шеберлікпен шектеліп, күйдің ішкі мағынасы мен миссиясын сезінбеген орындаушы халықтың жүрегіне жете алмайды. Демек, кәсіп пен миссия арасындағы шекара күйшінің өзінде, оның ниетінде, ішкі ұстанымында жатыр деп есептейміз.

Ойымызды қорытындыласақ, күйші жай ғана орындаушы емес, ол халықтың рухын күй арқылы тірілтетін, ұлттың тарихи жадысы мен рухани әлемін жеткізуші тұлға. Бүгінгі қоғам одан тек шеберлікті емес, ұлттық рухты сақтау миссиясын да күтеді. Мұндай миссияны абыроймен атқару үшін күйшінің кәсіби деңгейі жоғары, ой-өрісі кең, ұлт мәдениетіне адал болуы шарт. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, күйтанушы