Парижде ЮНЕСКО-ның бас кеңсесінде 17 мамырда ерекше мәдени шара өтеді. Бұл күні қазақ пен қырғыз ақындарының халықаралық айтысы ұйымдастырылып, түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы – айтыс өнері жаһандық сахнаға тағы бір мәрте көтеріледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айтыс – жай ғана сөз сайысы емес, бұл бауырлас халықтардың рухани үндестігін, ұлттық құндылықтарын, мәдени бірлігін паш ететін киелі өнер. Aitysh/Aitys, art of improvisation деген ресми атаумен 2015 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енген бұл өнер түркі әлеміне ортақ төл мұра ретінде әлемдік деңгейде мойындалды.
Биыл айтыстың ЮНЕСКО тізіміне енгеніне 10 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында ұйымдастырылатын халықаралық айтыс – ұлттық сөз өнерін дәріптеп, ұлт рухын әлемдік қауымдастыққа танытатын тарихи оқиға болмақ.
Бұл шара Қазақстан мен Қырғызстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдіктерінің бірлескен бастамасымен жүзеге асып отыр. Қырғызстаннан қоғам қайраткері Садық Шер-Нияз және Қазақстаннан дипломат Асқар Әбдірахманов бұл игі жобаның іске асуына зор үлес қосуда.
Аталған шараға Түркі мәдениеті және мұрасы қоры да өз деңгейінде қолдау білдіруде. Қор Президенті Ақтоты Райымқұлова айтысты тек өнер емес, рухани мұра ретінде сипаттап, оның түркі халықтарының мәдени тұтастығын нығайтатын құнды байлық екенін атап өтті:
«Айтыс – бұл рухани мұра, халықтың ұлттық санасы мен тарихи жадысының көркем көрінісі. Париждегі халықаралық айтыс түркі мәдениетін әлемдік деңгейде танытудың тамаша мүмкіндігі. Біз осындай рухани жобаларды қолдап, дамытуға әрдайым дайынбыз», – дейді Ақтоты Райымқұлова.
Айтыс арқылы түркі әлемі бейбітшілік пен татулықтың үнін жеткізіп, ұлттық кодты дәріптеп, мәдени дипломатияның маңызды құралына айналуда. Бұл шара жас ұрпаққа ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды сіңіруде ерекше маңызға ие.
Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бұған дейін де көптеген халықаралық рухани-мәдени жобаларға бастамашы болып, түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын таныту жолында өз үлесін қосып келеді және алдағы уақытта да осындай ауқымды іс-шараларды қолдауды жалғастырады.
Қазақ пен Қырғыз ақындарына сәттілік тілей отырып, айтыс өнерінің ұлттық мәдениеттің алтын арқауы ретінде әрі қарай да өркендеп, түркі руханиятының төрінен түспеуін тілейміз.