Жобалық топ түрлі ведомстволардағы әкімшілік кедергілерді жоюға және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі цифрлық шешімдерді әзірлейді.
Көлік-логистика саласын цифрландыру бойынша ведомствоаралық жобалық топ құрылды
Фото: gov.kz
373
оқылды

Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сәйкес, Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі министр Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен көлік-логистика саласын цифрлық трансформациялау бойынша ведомствоаралық жобалық топтың құрылуын ұсынды. Жобалық топ Цифрлық даму министрінің бұйрығымен құрылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Құрамына көлік, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, қаржы министрліктерінің, мемлекеттік кірістер комитетінің, «Қазақстан темір жолы», сондай-ақ авиация және логистика салаларындағы ірі қатысушылардың өкілдері енді.

Топтың мақсаты – транзиттік және мультимодальды тасымалдардың тиімділігін арттыруға, әкімшілік кедергілерді жоюға және саланың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі цифрлық шешімдерді әзірлеу.

Жобалық топтың негізгі міндеттері:

  • логистикадағы бизнес-процестерді реинжиниринг жасау,
  • қолданыстағы ақпараттық жүйелерді талдау және интеграциялау,
  • нормативтік-құқықтық базаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар дайындау,
  • саланың мақсатты архитектурасы мен ИТ-инфрақұрылымын әзірлеу,
  • стратегиялық нүктелерде, оның ішінде «Қорғас» ХШЫО-да цифрлық шешімдерді енгізу,
  • «Қазақстан темір жолы» жүйелерінен Smart Data Ukimet мемлекеттік деректер жүйесіне логистикалық деректерді беру және өңдеуді қамтамасыз ету,
  • халықаралық үздік тәжірибелерді зерделеп, бейімдеу.

Жобалық топ апталық спринттер форматында жұмыс істейді. Бұл тәсіл барлық бағыттар бойынша тұрақты ілгерілеуді қамтамасыз етеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.